Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ажырасқан әйелдерді жек көрем": танымал журналистің видеосы желіде қызу талқыға түсті (видео)

Опубликовано:

Меруерт Әйтенова
Меруерт Әйтенова. Скриншот: "Менің өмірім" бағдарламасы

Отандық журналист Меруерт Әйтенова отандық бағдарламаның бірінде ажырасқан әйелдерді жек көретінін айтып, қоғамның қызу талқысына түсті. Ол "Көреміз" бағдарламасында күйеуінен ажырасқан әйелдердің жанында отырғысы келмейтінін баяндады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Видеоның үзіндісін "Не молчи" қоры Instagram парақшасында жариялады.

"Бақытсыз әйелсің, бақытсыз анасың. Бақыт көрмеген әйелсің. Отырсың қазір әлемге жылап… Төрт баланы тапқызып, тәтті төсектің дәмін сездірген еркекпен неге жабысып өмір сүрмейсің? Егер бәріміз жеңіл өмірді қалап, күйеуімізге көнбей, миымыз ағып кете берсек…

Сендер, мына ажырасқан әйелдер қоғамның сорысыңдар. Біз жек көреміз. Мен мысалы жеке өзім, ажырасқан әйелдерді жек көрем. Олардың жанында отырғым келмейді. Мен сияқты отбасын сақтап, көніп отырған млн-даған әйелдер бар. Солар ажырасқан әйелмен бір дастархан басында отырғысы келмейді", - дейді видеода Меруерт Әйтенова.

Желі қолданушылары журналистің бұл видеосын қызу талқыға салды.

"Мен ажырастым, бақыттымын", "Бағдарлама редакторлары мұндай кісілерді неге эксперт ретінде шақырады екен?", "Өзі бақытсыз әйел. Күйеуім бар статуспен өмір сүргенше, жалғыз тұрған дұрыс", "Осындай кісілердің кесірінен әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа шыдайды", "Осынша жасқа келгенде осы сөздерді айтқаныңыз ұят", - деп жазды желідегілер.

"Не молчи" қорының басшысы Дина Тәңсәрі журналист Меруерт Әйтенованың бұл видеосына пікір білдірді.

"Егер жүз немесе мыңдаған ажырасқан әйел бұл кісіні қорлағаны үшін сотқа берсе қалай ойлайсыздар? Ол тек сөзімен емес, бүкіл бейнесімен ажырасқан әйелдерді жек көреді. Ол неге көпшіліктің атынан сөйлейді? Меніңше, бұл кісіні сотқа беру керек.

Осындай адамдар үшін отбасылық зорлық-зомбылыққа, күйеуінің мазағына төзіп, отбасын сақтау үшін қанша әйел өмірден өтіп жатыр? Болмаса, мүгедек болып қалады. Осындай әйелді жек көретін адамдар арқасында қоғамда ер адамдар жазасыз қалуда. Әйел несие алады, үш жерде жұмыс істейді, балаларын асырайды. Ең сорақысы, отбасын сақтау үшін күйеуінің қылмысына көз жұма қарайды.

Неге әйел бәріне кінәлі болып, қиын өмірге төзуі керек? Неге бұл кісі тек ажырасқан әйелдерді жек көреді? Сонда ерлерге ажырасуға болады ма? Әйелдер, кешірмеңіздер! Үнсіз қалмаңыздар", - деп жазды Дина Тәңсәрі Instagram парақшасында.

Айта кетейік, осыған дейін Меруерт Әйтенова "Менің өмірім" бағдарламасында күйеуінен таяқ жегенін баяндап берген болатын.

"Біз де әйелміз. "Күйеуімнен таяқ жедім" дейтін әйелдерге таң қаламын. Күйеуіңнен таяқ жесең - бақыт емес пе? Күйеуің болса, таяқ жейсің. Күйеуің болмаса кімнен таяқ жейсің? Таяқ жеу дегенде аяқ-қолды сындыру емес. Күйеу болғаннан соң онда кішкене бір дөрекілік болу керек. Еркек болғаннан кейін гүрілдеп еркекше жүру керек. Сені "әй!" деп тыйып тұрмаса, әйел деген сезімнің адамымыз ғой, құтырып кетеміз.

Бірінші таяғымды қайын апаларым үшін жегенмін. Бір күні күйеуіміз екеуміз шай ішіп отырмыз. "Осы сенің апаларың бірдеңе-бірдеңе" деп данышпан болып отырмын. "Е, қой" деді. "Қоймаймын мен. Айтып-айтып тастаймын" деймін. Бір кезде қай жақтан келгенін білмеймін құлақ шекеден соққы тиеді. Талып қалғанмын, жатырмын. Төбемде күйеуім отыр. Ол кезде журнал ашқанмын. Көкірек деген ұрып тұр, ақша тауып жатырмын.

Күйеуім "Ей, кім болсаң, ол бол. Менің бауырларым туралы аузыңды ашып көрші. Сен біздің өмірді сүрмедің, тағдырымды көрген жоқсың. Менің бауырларым әке мен шешенің жылуын көрмей, бірін-бірі сүйреп, адам қылды. Осыдан екінші айтатын болсаң, көміп тастаймын. Ешкім таппайды сені" деді. Бірден ана сөзге көне алмайсың ғой. Айқайлап үйімді үш айналдым. Үш күн өкпеледім. Төртінші күні ойландым", - деген болатын журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2034663-azyrasqan-aielderdi-zek-korem-tanymal-zurnalistin-videosy-zelide-qyzu-talqyga-tusti-video/

pixel