Әзілкеш Максим Галкин мәлімдемесіне қатысты Алматы әкімдігі жауап берді
Жарияланған күні:
Читать на русскомӘзілкеш Максим Галкиннің Қазақстанда, оның ішінде оңтүстік астанада концертін өткізуге "астыртын тыйым" барын айтқан мәлімдемесіне қатысты Алматы әкімдігінің өкілі жауап берді, хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Бұл коммерциялық концерт. Республика сарайында кесте алдын ала құрылады. Олар сұраған күн бос болмаған соң, рұқсат бере алмадық. Олар бізбен келісімшартқа отырмай, билеттерді сата бастады, негізі олай жасауға болмайды.
Алдымен келісімшартқа отырсын, содан кейін бұл концертті өткізу мүмкіндігін қарастыратын боламыз", - дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев ӨКҚ алаңында өткен брифингте.
Спикер бұл күндері қандай іс-шараларды өткізу жоспарланып жатқанын нақтылай алмады.
Еске сала кетейік, бұған дейін әзілшек Максим Галкин әлеуметтік желіде Қазақстанда концерттерін өткізуге "астыртын тыйым" барын мәлімдеген еді. Айтуынша, өзі және ұйымдастырушылары Астана мен Алматыда концерттерін өткізу үшін бірнеше айдан бері тырысып бағуда. Алайда әзілкеш осы күнге дейін әр түрлі кедергілерге тап болып отырғанын атап өтті.
Галкиннің биыл күзде Астана мен Алматыда жоспарланған концерттеріне билеттер жыл басында сатыла бастаған болатын. Қазір билеттердің сатылымы тоқтатылған.
Астана қаласының Мәдениет басқармасының мәліметінше, елордада Галкиннің концертін өткізу үшін Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" залы таңдалған, бірақ дәл сол күні залда Мұғалімдер күніне орай өтетін концерт жоспарланған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2034711-azilkes-maksim-galkin-malimdemesine-qatysty-almaty-akimdigi-zauap-berdi/