"Жұрттың тауық қорасында да тұрдық": жазушы Қали Сәрсенбай 11 жыл пәтер жағалаған кезін еске алды
Жарияланған күні:

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист Қали Сәрсенбай Алматыда 11 жылда төрт баласымен 19 пәтер ауыстырғанын айтты. "Алғашқы" бағдарламасында жазушы басынан өткізген қиындығын баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Гаражда да тұрдық. Далада да тұрдық. Жұрттың тауық қорасында да тұрдық. Тіпті бір үй болды. Бер жағында сиыр тұрады. Біз соның ішінен өтіп, үйімізге кіреміз. Сондай жағдайлар көп болды. Әйтеуір далада қалмайсың ғой енді", - деп еске алды Қали Сәрсенбай.
Сонымен қатар жазушы алғашқы үйін алғанша 19 пәтер ауыстырғанын айтты.
"Алғашқы пәтерім 1991 жылы берілді. Оралхан Бөкей "Қазақ әдебиетіне" шақырады. Сол жерде Шерхан Мұртаза шақырды. Барсам "Оларда 600 жазушы бар. Табады олар" деді. Сосын "Егемен үй бергелі жатыр" деп, Орағаңа өтірік айттым. Ол кісі "Ойбай, үй беретін болса, бар. "Қазақ әдебиеті" қайда қашар дейсің" деді. Керемет мейірім, ықылас қой. Сол өтіріктен кейін Құдай қолдап, наурыз айында үй берді.
11 жылда 19 пәтер ауыстырдық. Жыл сайын емес, ай сайын ауыстырған кездер де болды. Бір айда үйде тұруымыз мүмкін. Бір үйге барып тұрсақ, ештеңе сыймайды. Бір диван тұр. Соның үстіне балаларды жатқызамын.", - деді Қали Сәрсенбай.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2041330-zurttyn-tauyq-qorasynda-da-turdyq-zazusy-qali-sarsenbai-el-bilmeitin-qupiyasyn-bolisti/