"Әйелім ақ көйлек кигісі келеді": Тәуекел Мүсілім карантинде өтпей қалған тойы жайлы айтты
Жарияланған күні:
Қазақстандық танымал актер Тәуекел Мүсілім 2020 жылы дүркіретіп тұрып үйлену тойын өткізу керек болған. Алайда, өнер иесінің қуанышы карантинмен тұспа-тұс келіп, шектеу шаралары салдарынан дүбірлі тойын жасай алмаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Тәуекел мен Махаббат Мүсілім "Төрлетіңіз" бағдарламасында қонақта болып, өз үйлену тойына қатысты қызықтарды айтты. Ерлі-зайыпты карантин салдарынан той күнін үш рет кейінге шегеріп, соңында мүлдем той жасамауға шешім қабылдаған.
"Карантин кесірінен екі-үш рет күнін ауыстырып, соңында тәуекел етпейік деп той жасамайтын болып шештік. Басында мамыр айында дегенбіз. Дайындығымыз мықты болған. Жан Мұқанов өзі ұйымдастырған еді. Той көйлегін тапсырыс беріп, мейрамхананы да таңдап қойғанбыз. Бәрін келісіп қойған соң, рұқсат берілмей қалды. Екі-үш айдан кейін ашылады ғой деп күттік.
Бірақ, карантин ары қарай жалғасты. Ол кезде бәрі қатаңдай түсті. Екінші рет ауыстырдық, күзге қарай деп ойладық. Бірақ, ол кезде де ашылмады. Сосын жасамайтын болдық. Себебі, біз жасасақ ел шулап кететін еді. Махаббат ақ көйлек кигісі келеді. Қазір балалар болғаннан кейін барлық көңіліміз соларға кетіп жатыр. Бұларды аяққа тұрғызайық. Сосын мүмкін 40-50 жасымызда жасармыз" , - деді Тәуекел.
Алайда, актердің келіншегі бәрібір де тойы өткенін қалайтынын айтып қалды. Махаббат Мүсілім өзге қалыңдықтар секілді ақ көйлек кигісі келетінін жасырмады.
"Көйлекті таңдап, тіктіріп қойдым. Бірақ, ақыры алмадым көйлегімді. Бастапқыда пандемия салдарынан той жасап, тойлауға ниетім болмады. Бірақ, бірнеше жыл өткен соң, той болса деп қалдым. Достарымызды жинап, кішігірім атап өтсек жақсы болар еді. Той жасаймыз дегенде 500 адам келу керек болған", - деді Махаббат Мүсілім.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2044281-aielim-aq-koilek-kigisi-keledi-tauekel-musilim-karantinde-otpei-qalgan-toiy-zaily-aitty/