"Байып кету жоспарда жоқ": Мейрамбек Беспаев туған күнінде жеке радио ашты
Жарияланған күні:
Мейрамбек Беспаев 6 қарашада Алматыдағы ең қымбат мейрамханалардың бірінде жаңа жобасының тұсаукесерін дүркіретіп өткізді. Бұл жолы әнші жаңа топ құрмады, жас әншінің де бағын жақпады. Мейрамбек Беспаев жеке радио ашты. Ол әзірге Алматы және Алматы облысы бойынша таратылады. Әнші KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, бастамасы жайлы айтып берді.
– Бастамаңыз құтты болсын. Радио ашу туралы ой қайдан келді?
Бұл менің бала кезден арманымның бірі десем де болады. Бұған дейін талай рет жаңа радио ашу үшін жүгірген едім. Бірақ рұқсат берілмеді. Қазақ өнеріне жаны ашитын, өнерді түсінетін, сол салада еңбек етіп жүрген жандардың ортасынан бірінші болып ашып отырмын. Бұл жалғыз менің еңбегім емес. Достарым да ат салысып, көмегін аяп қалмады. Менің мақсатым - оны өнер адамдарының ошағына айналдыру. Тек ән беру ғана емес, жақсы бағдарламаны тыңдарманға ұсынамыз деген ниетіміз бар. Әдебиетті де, мәдениетті де, өнерді де дәріптейтін, бойымызға сіңіретін радио болады деп ойлаймын.
– "Аспан FM" өз жұмысын 7 қараша, тура сіздің туған күніңізде бастайды екен. Бұл арнайы жоспар ма?
Жоқ, бұл жай ғана сәйкестік. Алла қаласа, өзіммен бірге радио да өсіп отырады деп ойлаймын.
– Неліктен осы атауды таңдадыңыз?
Радионың атауын ақын досым Қалқаман Сарин қойды. Еліміздің аспаны ашық болсын, әндеріміз, өнеріміз тек аспанда қалықтасын деген жақсы ниетпен ырымдап таңдадық.
– Әндерге қандай да бір талап бар ма?
Тыңдарман таңдауымен санасамыз. Бізде тест өтеді. Тыңдарман өзіне ұнайтын бағыт пен әндерді дауыс беру арқылы таңдайды. Бір басты ұстаным – мағынасы бар, сөзі бар, әні бар, берері бар әндермен тыңдарманды қуанту.
– Радио ашу, ұжым жинау, оны қаржымен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Көмектескендер бар ма?
Алғашқы қадамнан бастап қаржылай демеушілік танытып жатқан достарым бар. Радиотолқын ашып, байып кету жоспарда жоқ. Радио мен үшін бизнес көзі емес. Мен бұл радионы танымал етіп, сосын сатып, пайда көру үшін ашпадым. Қазақ өнерін, мәдениетін насихаттауға кішкене болса да үлес қосу мақсатында қолға алған бастама.
Сұхбатты жүргізген - Жанар Тайырқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2044483-baiyp-ketu-zosparda-zoq-meirambek-bespaev-oz-tugan-kuninde-zeke-radio-asty/