Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Марапат мүлдем ойда болмады": Әли Оқапов "Құрмет" орденін қалай алғанын айтып берді

Опубликовано:

Әли Оқапов
Әли Оқапов. Фото: Instagram/aliokapov

Қазақстандық танымал әнші Әли Оқапов желіде дау тудырған "Құрмет" орденін қалай алғанын ашып айтып берді. Роза Рымбаеваның ұлы соңына дейін аталмыш награданы аламын деп ойламаған. Ол аты аталған кезде таңғалып қалғанын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әли Оқапов елордаға шақырту алғанда өз жобаларын таныстырып қайтамын деп ойлағанын алға тартты. Министрлік өкілдерімен кездесуді күтіп отырған сәтте өнер иесіне ойда жоқта "Құрмет" орденін табыстаған.

“Жарты жыл бұрын министрлік менің өмірбаянымды сұрады. Мен барлығын бір файлға жинап, дипломдарымнан бастап түгел марапаттарымды өткіздім. Бір жүйеге тіркеуге керек шығар деп ойладым. Ондай орден беретінін маған ешкім айтқан жоқ. Одан кейін Астанаға шақырды. Министрлікке жаңа адамдар келген соң, таныстық кездесу болады деп ойладым. Себебі, кезінде Дәурен Абаев өнер өкілдерімен бейресми кездесу өткізіп, өнер саласындағы мәселелерді талқылайтын. Бұл жолы да солай болады деп ойладым. Шақырған жерге барғанымда марапаттау жүріп жатқанын көрдім. Салтанатты шарадан кейін бізбен кездесу болар деп күттім. Ол жерде Тұрсын Алагөзовты кездестірдім. Екеуіміз әңгімелесіп отырдық", - деді әртіс Динара Сәтжанға берген сұхбатында.

Алайда, әнші сол кезде "бір кішігірім медаль алып қалсам ғой" деген ойы болғанын жасырмайды.

"Бірақ, өтірік айтпай-ақ қояйын. Мүмкін маған да бір кішігірім медаль табыстап қалар деген ой болды. Алдымен "Барыс", одан кейін "Парасат" кейін "Құрмет" ордені иегерлерін марапаттады. Мен болсам, кездесуде айтатын сөздерімді дайындап жаттым. Қайдағы "Құрмет"?! Марапат мүлдем ойда болмады. Бір кезде менің атымды атады. Қолымда тіпті ұялы телефоным да болмады. Сол жерде үлгергендер фотоға түсіріп алды. Бірнеше адам құттықтады. Ойда ештеңе жоқ, түскі ас ішуге Тұрсын Алагөзовпен кетіп қалдым", – дейді Әли.

Марапаттау рәсімі өткен соң желіде Оқаповқа жағымсыз пікірлер келе бастаған. Кейбірі тіпті өнер иесіне қоқан-лоққы көрсетуге тырысқан.

"Бастыпқыда пікірлерге аса мән бермедім. Бірақ, хабарламалар тоқтамай келіп жатты. Жағдайдың ушығып жатқанын сезіне бастадым. Сол кезде маған бір отандық порталдың журналисі хабарласып, "Құрмет" ордені туралы сұрақ қойды. Мен журналиске ол туралы ештеңе айтқым келмейтінін, бұның жай ғана награда екенін айттым. Ештеңе жарияламай-ақ қояйықшы дедім. Келіскендей болдық. Алайда ол менің сөзімді аудиожазба етіп жариялап жіберген", - деді Оқапов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2044885-marapat-muldem-oida-bolmady-ali-oqapov-qurmet-ordenin-qalai-alganyn-aityp-berdi/

pixel