Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мінезі тұйық": Ұланғасыр Қамидің продюсері оның жеке өмірі мен шығармашылығы жайлы айтты

Опубликовано:

Ұланғасыр Қами мен Назерке Жартын
Ұланғасыр Қами мен Назерке Жартын. Фото: Yerlan Akuzakov

Осыдан бірнеше күн бұрын отандық әнші Ұланғасыр Қами Республика сарайында ауқымды шоу концерт өткізді. Бір жылда эстрадада өз орнын айшықтап алған өнер иесінің алдағы жоспарлары да жетерлік. Осы тұста KAZ.NUR.KZ тілшісі Назерке Жартынмен сұхбаттасып қайтты.

- Назерке ханым, сәлеметсіз бе. Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет. Жақында Ұланғасыр Қами Республика сарайында ауқымды шоу концерт бергенін білеміз. Жалпы кеш қалай өтті? Көпшіліктің көңілінен шықты ма?

- Менің ойымша, кеш біз күткеннен де жоғары деңгейде өтті. Бастапқыда концерттің жарнамасы шыққанда сын көп айтылды. Жұрт "Республика сарайында бәрі концерт беруге құмар екен", "дәрежең әлі жеткен жоқ" деп жатты. Бірақ репертуарындағы әндер хит болған соң темірді қызған кезінде соқтық. Ол өнер жолына қалай келгенін айтып, әр әннің тарихына тоқталды, отбасы жайлы да сөз қозғады. Ұланғасырдың әкесі кішкентай кезінде қайтыс болған. Осы туралы айтқанда оның көңілі босап, әкесінің сүйікті "Тамаша" әнін халықпен бірге орындады. Ал "Балқия" әнін айтқанда халық орнынан тұрып, сахнаның жанында бірге биледі. Концерт осындай ерекше сәттермен есте қалды.

- Назерке ханым, бүгінде өзіңіз жайлы ақпарат өте аз. Осы тұста өзіңіз жайлы білсек деп едік. Бұл салаға қалай келдіңіз?

- Өзім шоу бизнеске енді қадам басып жатырмын. Осыған дейін Қарағанды қаласындағы облыстық мұражайда ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Бірде Ұланғасырмен танысып, талантты балаға қолдау керек екенін түсіндім. Содан тәуекелге бел буып, продюсерлік қызметімді бастап кеттім. Шынына келгенде Ұланғасырды қолдайтын қаражатым да, кәсібім де болған жоқ. Тек ай сайын алатын жалақымды Ұланғасырға ән жазып, бейнебаян түсіруге жұмсадым. Осылайша екеуміз 2022 жылдың наурыз айында Алматыға көшіп келдік.

Ұланғасыр Қами
Ұланғасыр Қами. Фото: Yerlan Akuzakov

- Ұланғасыр Қамиді "жұлдызы бірден жанған әнші" дей аламыз ба? Өйткені өткен жылы "Қызыл раушан", ал биыл "Балқия" әні халық ықыласына ерекше бөленді ғой. Жалпы ән таңдауда неге мән бересіздер?

- Олай деуге болмайтын шығар. Себебі біз "Қызыл раушан" жарыққа шықпай тұрып бір жарым жыл жұмыс істедік: 9 ән жазып, 3 бейнебаян түсірдік. Олардың бәрі халыққа кең тарала қойған жоқ. Тек "Қызыл раушан" әнімен бағы жанды. Жалпы ән таңдаумен көбіне мен айналысамын. Ретро стильде ән жазу туралы идеяны да өзім ұсынып, сазгер іздедім. Өйткені мұндай әндер әрдайым халық сұранысында екеніне көзім жетті. Ақырында "Қызыл раушанды" таңдап алдым. Бастапқыда Ұланғасыр заманауи ән айтқысы келіп, бұл ұсынысымнан бас тартқан еді. Бірақ араға 7 ай салып осы туындыны жарыққа шығардық.

Ұланғасыр Қами мен Мұқасан Шахзадаев
Ұланғасыр Қами мен Мұқасан Шахзадаев. Фото: Yerlan Akuzakov

- "Балқия" демекші, актриса Нұргүл Мыңғатова бұл әнді қалай қабылдады?

- Әнді жазған соң әлеуметтік желіге видео түсіру үшін актриса Нұргүл Мыңғатоваға хабарластық. Ол кісі өзіне ән арнағанымызға қуанып, бірден келісті. Содан ауа райының ыстығына қарамастан ауылға барып, видео түсірдік. Кейіннен видеоларымыз жақсы қаралым жинаған соң бейнебаян таспалаймыз деп шештік. Жалпы көбіне видеоны, бейнебаянды өзім түсіремін, алаңда режиссер қызметін өзім атқарамын.

- Хит әндердің саны артқан сайын тойдан да ұсыныс көбейген шығар. Құпия болмаса, қазіргі гонорары қанша?

- Тойдан ұсыныс өте көп түседі. Гонорары айтарлықтай көп дей алмаймын, халыққа қолжетімді. Қымбат та, арзан да емес. Жалпы гонорар құбылып тұрады ғой.

Ұланғасыр Қами мен Нұргүл Мыңғатова
Ұланғасыр Қами мен Нұргүл Мыңғатова. Фото: Yerlan Akuzakov

- Жалпы Ұланғасыр Қами сынға көп ұшырай ма? Оларға қалай жауап бересіздер?

- Біз әлеуметтік желіде үнемі халықтың пікірін оқып отырамыз. Қазір «"Балқия" әніне, шашына, тіпті сахнадағы образына сын айтып жатқандар жетіп артылады. Негізі әртіс сахнада, халық алдында жүргендіктен, өз имиджі болуы керек. Сондықтан шаш үлгісін де үнемі өзгертіп отырамыз. Көпшілік оның тек образ екенін түсіне бермейді. Ал танымалдылығы артқан сайын жақсы-жаман пікірдің болуы заңдылық деп қабылдаймын. Сын орынды айтылса, түзеуге тырысамыз. Ал орынсыз болса, мән бермейміз.

- Көпшілік Ұланғасырды кез келген тойдың сәнін келтіретін, жеке дара стилін қалыптастырып келе жатқан әнші ретінде қабылдайды. Ал сіз оның жұрт біле бермейтін қандай қасиеттерін айта аласыз?

- Жалпы Ұланғасырды "тек тойға арналған ән айтады", "той әншісі" дейтін жандарды түсінбеймін. Бұл-қате пікір. Арнайы тойға жазылған ән мүлде басқаша ырғақты болады. Бізде тойға арналған тек "Балқия" бар. Ал жалпы репертуары ретро әндерден тұрады. Ақпан айында лирикалық бағыттағы әндерден тұратын альбом да шығардық.

Ұланғасыр - айтыскер, әнге сөз жазатын ақын, жыршы-термеші. Мәселен, оның батырлар жырын домбырамен жатқа орындап бере алатынын бірі білсе, бірі білмейді. Негізі мінезі тұйық, көп адамға ашыла қоймайды. Бірақ алған бетінен қайтпайды, ойына алған дүниесін соңына жеткізбей қоймайды. Екеуміздің мінезіміз осы жағынан ұқсайды. Шоу бизнесте өз орнымызды табуға дәл осы табандылығымыз әсер етті деп есептеймін.

Ұланғасыр Қами
Ұланғасыр Қами. Фото: Yerlan Akuzakov

- Айтпақшы, әлеуметтік желіден байқағанымыздай, қазір екеуіңіз де баспана салып жатыр екенсіздер. Шын жүректен құттықтаймыз. Ал көрші болу кімнің ұсынысы?

- Рахмет. Біз алматылық емеспіз. Ұланғасыр екеуіміз де Қарағандыдан келдік. Оңтүстік астанада тек бір-бірімізге арқа сүйей аламыз. Сондықтан көрші болуды екеуіміз де құптадық. Жалпы біз "Қызыл раушаннан" түскен қаражатпен қарыздарымызды жапқанбыз. Артынша бір жылға жетер-жетпес уақытта жинаған ақшамызға жер алдық. Қазір үйіміздің шатырын жауып жатырмыз. Қалған құрылыс жұмыстарын келесі жылға қалдырдық.

- Ұланғасыр Қами айтыскер ақын Дидар Қамиевтің інісі екенін бірі білсе, бірі білмес. Жалпы Дидар Қамиев ағалық ақылын айтып, сіздердің шығармашылық жұмыстарыңызға араласып тұра ма?

- Иә, Ұланғасыр - айтыскер ақын Дидар Қамиевтің туған інісі. Бірақ ол кісі біздің шығармашылығымызға араласпайды, тек ақыл-кеңесін айтып отырады. Жалпы шоу бизнесте Ұланғасырға ақ батасын беріп, қолдап жүрген жандар баршылық. Мәселен, Ұланғасырдың концертіне бала кезінен еліктеп өскен әншісі Мұқасан Шахзадаев, Дидар Қамиевтің досы, Ұланғасырды бала кезден танитын Төреғали Төреәлі, өнердегі әпкелері Индира Елемес және Нұргұл Мыңғатова атсалысты.

Ұланғасыр Қами
Ұланғасыр Қами. Фото: Yerlan Akuzakov

- Қазір Ұланғасырдың танымалдылығы артып келе жатыр, тыңдарманы көп. Ғашық қыздар да жетерлік шығар. Ал оның жүрегінен орын алған ару бар ма? Жалпы қандай қыздарды ұнатады? Сіздер бұл тақырыпта сырласасыздар ма?

- Иә, біз бұл тақырыпта сөйлесеміз. Қандай қыздар ұнайтынын, қандай жарды қалайтынын айтып отырады, Ұланғасырға ғашық қыздар аз емес, әлеуметтік желіде хаттар да көп келеді. Бірақ өзі ұнатып жүрген қызы жоқ. Өйткені жұмыс кестеміз өте тығыз. Махаббат жайлы ойлайтын уақыты да жоқ шығар.

- Ал алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?

- Үнемі "Республика сарайында" концерт беруді жоспарлап жүрміз» деуші едік. Бұл мақсатымыз да орындалды. Енді кино түсірсек деген ойымыз бар. Сол арманымызды жүзеге асырсақ дейміз.

Сұхбаттасқан Ұлжан Ибраим

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2046309-minezi-tuiyq-ulangasyr-qamidin-prodyuseri-onyn-zeke-omiri-men-sygarmasylygy-zaily-aitty/

pixel