"Айлап тамақ ішпеген күндерім болды": Бақыт Шадаева алғашқы некесі туралы жан сырын ақтарды
Жарияланған күні:
Қазақстандық танымал әнші Бақыт Шадаева алғашқы некесі жайлы бар шындықты ақтарып, бірінші күйеуімен не себепті ажырасып кеткенін айтты. Өнер иесінің некесі неге сәтсіз аяқталғанын KAZ.NUR.KZ материалынан біле аласыздар.
Бақыт Шадаева "Менің өмірім" бағдарламасына сұхбат беріп, бірінші некесі туралы жан сырын ақтарды.
Эстрада жұлдызы күйеуімен студенттік кезде танысып, бастапқыда дос болған. Кейіннен оның анасына ұнап, үйіне қонаққа барғанда келін болып түскен екен. Әнші жолдасының қазақ емес екенін үйіне барғанда ғана білген.
"Бұрынғы жолдасыммен жатақханада таныстым. Ол жерде маған ғашық жігіттер көп болды, маған дәлізде жол бермейтін. Мен өзі кітап көп оқитын адаммын. Өзім сияқты кітап оқитын адамдарды бірден біліп қоямын. Мен үшін ерекше әрі интеллектуал жігітке көз салдым. Сол кезде араласып, дос болып кеттік. Бір күні алыстан оның анасы келеді, сол кезде баласының жас әнші қызбен сөйлесіп жүргенін естіп, менімен танысқысы келген. Сөйтіп, бөлмесіне дастархан жайып, мені шақырған болатын. Анасы мені ұнатып қалды, екеуміздің әңгімеміз жарасып кетті.
Ол кісі ақылын айтып, кетіп бара жатып "балам оны бізге қонаққа алып кел" деді. Біз "жарайды, жазғы демалыс кезінде міндетті түрде барамыз" деп қалдық. Содан жазғы демалыс жақындаған кезде жаңағы досым "сені анам шақырды ғой, жүр кеттік" деді. Мен де жаспын, еріп бара бердім. Алтай еліне бардық. Оның қазақ емес екенін сол жаққа барған кезде білдім. Бізді оның туыстары күтіп алды. Анасы құшақтап, сүйіп, басыма орамал тақты. Болды, келген жерің осы деді. Сондықтан сол жерде қалдым. Мен "тіпті әке-шешем білмейді" деп жыладым", – деді Бақыт Шадаева.
Шадаеваның айтуынша, үйлену тойын өзі тапқан ақшаға жасаған. Бастапқыда отбасылық өмірі жақсы болғанымен, кейіннен күйеуі тарапынан өнерге қатысты шектеулер басталған. Әншінің сөзінше, жолдасы да өнер адамы болған соң, жұлдызды келіншегі секілді сахнаға шыққысы келген.
"Ата-енем мені өте жақсы қарсы алды. Үйленіп, тойымызды жасап біткенше сол жерде бір айдай болдық. Сол жақтан ерлі-зайыпты болып қайттық. Бұл сәтте атым шығып, танымал әншілердің біріне айналып келе жатқан кезім болатын. Гонорарым жақсы болды, жақсы ақша таба бастадым. Сол кезде өзімнің тапқан ақшама той жасадық. Күйеуімнің жағдайы жоқ болатын. Кейін өнеріме де кедергі келе бастады. Күйеуің болғасын, талап көп. Ол жаққа барма, ана жаққа шықпа деген әңгімелер басталды. Өзі де өнерде жүрген адам. Өзі де шыққысы келді. Аздап бақталастық сәттер де болды.
Күйеуімнің мені асырайтын жағдайы болған жоқ. Жатақханада айлап тамақ жемеген күндерім болды. Оның үстіне аяғым ауыр болып қалды. Одан кейін дүниеге қызымыз келді. Қызымның 5 айлығында оны әскерге алып кетті. Әкесі 2 жыл әскерде болғанда кішкентай баламен қатты қиналып қалдым. Соның барлығы арамызда түсініспеушіліктердің пайда болуына әкелді. Осылай, ол әскерден келгеннен кейін ажырасып кеттік", – деп сол сәтті еске алды әнші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2047771-ozimnin-tapqan-aqsama-toi-zasadyq-baqyt-sadaeva-algasqy-nekesi-turaly-zan-syryn-aqtardy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.