Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көлігімді жөндетуге екі ай ақша таппай жүрдім": хит әндердің авторы қиналған кезін еске алды

Жарияланған күні:

Ғазизхан Шекербеков отбасымен
Ғазизхан Шекербеков отбасымен. Фото: instagram.com/gazizkhan

Әнші әрі сазгер Ғазизхан Шекербеков әріптестерінің аузында жүрген талай хит әннің авторы. Өмірін әнсіз елестете алмайтын өнерпаз бағын басқа салада, мысалы кәсіпкерлікте сынауға әзір дайын емес. Әнші шығармашылығынан бөлек, отбасы, бала тәрбиесі туралы аз-кем сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қазір сахнада жүрген әншілердің көбінде өнерден өзге кәсібі бар. Алайда өнер десе ішкен асын жерге қоятын әнші Ғазизханның әзірге кәсіп ашу жоспарында жоқ.

"Мен әлі өнермен ауырып жүрмін. Басқа салада, бизнесте өзімнің бағымды сынауға дайын емеспін. Уақыты келіп, өнерде белгілі бір белесті бағындырған кезде бәлкім жаңа кәсіп туралы ойлануға болатын шығар", - дейді ол.

Әншінің тұңғышы да өнерге бейім. Болашақта Ғазизхан ұлы Димашқа әке жолын жалғастырамын десе еш қарсылық танытпайтынын айтты:

"Мен өнерден еш жамандық көрмедім. Бала кезімнен бұл салаға қызықтым және сол қайнаған өнердің ортасында өстім десем де болады. Марқұм әкем де халықтың көңілі үшін қызмет жасаған цирк әртісі болды. Інім де әкемнің ізін жалғады. Мен де халықтың көңілі үшін қызмет жасап жүрмін. Менің ұлым да халықтың қуанышы үшін жұмыс жасаса бақытты боламын. Ұлым қай саланы таңдаса да қолдаймын. Мен үшін ұлымның адал азамат, адам болғаны маңызды", - дейді әнші.

Ғазизхан бала тәрбиесіне көп уақыты болмаса да, әкелік ақылын ұлына жиі айтатын көрінеді. Ол баласының білім алуына, қосымша сабақ алып, дамуы үшін уақытын бөліп жүрген жарына да дән риза. Тіпті ризашылығын білдіріп, темір тұлпар сыйлапты.

"Бұрын әйел адамның көлік жүргізуіне үзілді-кесілді қарсы едім. Қазір керісінше қолдаймын. Өзімнің әйелім де көлік жүргізіп үйренді. Жеке көлік сатып әпердім. Себебі балаларды қосымшаларына, сабақтарына, балабақшаларына апаруға, басқа да шаруалары үшін көлік қажет”, - деген әнші өзінің алғашқы көлігін еске алып, біраз күліп алды.

Айтуынша, ең алғашқы көлігін қарызға алған.

"Ең алғашқы көлігімді 2000 долларға алған едім. Қарызға алып, екі аптадан соң көлігімді ұрып алып, екі ай жөндетуге ақша таппай жүргенім есімде. Ер қанаты ат деген күшті сөз бар ғой. Қазіргі заманда ер азаматтардың қанаты темір тұлпар ғой. Сондықтан қазіргі көлігімнен де әдемі, жаңа көлік алу арманым бар", - дейді Ғазизхан.

Автор: Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2049035-koligimdi-zondetuge-eki-ai-aqsa-tappai-zurdim-xit-anderdin-avtory-qinalgan-kezin-eske-aldy/