Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақша үшін барады": Бекжан Тұрыс неге киноға түспейтінін айтты

Жарияланған күні:

Бекжан Тұрыс
Бекжан Тұрыс. Фото: instagram.com/bekzhan_turys

Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, қазақ ұлттық драма театрының актері Бекжан Тұрыс неліктен киноға түспейтінін айтты. "Жас қазақ" газетіне сұхбат берген өнер иесі кино әлемінде көңілі толмайтын жайттарды мәлім етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Атыс-шабыс, әлкей-сүлкей дүние көбейді. Қазір біз батысшыл болып алдық. Лениннің сөзі бар ғой "Ең маңызды дүние — идеология" деген. Бізде бәрі қойыртпақ. Қазақша, орысша сөз, онымен қоса балағат сөздер ақтарылып, жан дүниеңді жалаңаштандырып жіберетін дүние көп. Отбасыңмен отырып, кино көре алмайсың. Ең өкініштісі, сол кинода сенің әріптесіңнің жүргені.

Мен осындай нәрсемен күресіп жүрсем, менің әріптестерім сол жерде жүреді. Бұл да бір жанбағыстың көрінісі шығар. Өнер деген халықтың ар-ожданының көркемдік бейнесі. Бұрын өнердің салмағы ар-ұятпен өлшенетін. Қазір ардан аттап кетіп жатырмыз. Жаңағыдай арзан дүниелерге ақша үшін барады. Бәлкім, танылу үшін баратын шығар. Мен үйтіп танымал болмай-ақ қояйын. Ертеңгі күні есті ұрпақ келе жатыр. Күндердің күнінде олар бетке басады. Тоғышарлық жайлаған заманда кеселдерге қарсы тұра алмай жатырмыз... Қазірден ұлт руханиятын сақтаудың жолын қарастыруымыз керек. Өз еркімен жіберген жастарымыз ойларына келгенін істеп жатыр. Жабайы, жат, өрескел мінездер кеңінен етек алып, жан дүниеміз жалаңаштанып бара жатыр..", - деді Бекжан Тұрыс.

Сонымен қатар актер бүнігі таңда "Оян, қазақ" киносының шыққанына қуанғанын айтты.

"Мен бұрын да айтатынмын, қазақтың киносында қазақтың өмірі жоқ. "Оян, қазақ" киносы шыққанда қуандық. Айдаладағы Боратқа ренжіп жүрген кезімізде, айналамыздағы бораттар ар-намысымызды Алдар көсенің жыртық тонына айырбастап жатыр. Біз намысты бөркінен биік қоятын халық едік қой. Қазіргі кино қойып жатқан қазіргі ұрпақ неге сонша намыссыз?

Тағы да сол киноларда әріптестерім жүр. "Сіз неге киноға түспейсіз" деп айтады. Қалай түсемін мен? Ертеңгі күні ол менің алдымнан шығады. Бірақ ойлаймын, есті ұрпақ келе жатыр ғой, осыны түзер. Сол кезде мүмкіндік болар. Қазір қазақ тілі мен орыс тілін араластырып беріп жатыр. Мен оны түсіне алмаймын. Ал сол киноға түскендердікі айналып келгенде танымалдылыққа ұмтылу. Сәбит Оразбаев ағамыз хабарласып "Бекжан дүние жылтыраған сайын адамдардың барлығы қатыгезденіп бара жатыр. Мен саған сенемін, сен өзіңнен кейінгілерге айтып жүрген дәстүр туралы, тәлім туралы, тәрбие туралы айта бер. Біреуі болмаса, соның біреуі алады. Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады" деді. Сол сөзді мен аманат ретінде қабылдадым. Ал қазір сол киноға түскендер өздерін ақтап алғысы келеді", - деді актер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2055206-aqsa-usin-barady-bekzan-turys-nege-kinoga-tuspeitinin-aitty/