"Әкемнің үмітін ертерек ақтамадым": әнші Нұржан Керменбаев ең үлкен өкінішін айтты
Жарияланған күні:
Қазақстандық әнші, "Super star" жобасынан кейін "қапкарашка" атымен танылып кеткен Нұржан Керменбаев ата-анасы және қазіргі жанұясы туралы сырын ақтарды. Әнші отбасы туралы әңгімесін Urpaq подкастында Тәуекел Мүсілімге берген сұқбатында баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Сұқбатта өнер иесі 14 жыл бұрын өмірден өткен әкесі туралы сағынышпен сыр шертті. Әкесінің шахтер болғанын, шахтадағы өмірін қасын жүріп көргенін әңгеміелеп берді.
"Әкемнің қабағына қарап өстім. Таяқ жеген де күндер де өтті. Бұзықтығым болды ғой. Әкем күні-түні біз қатарынан қалмасын деп еңбек етті. Ол кісі - істің адамы. Бала кезімде шахтадағы жұмысын көріп өстік... Басында фонары, ауыр киімдері бар, бет-аузы қап-қара болып шахтадан шығып келе жататын...", - деп еске алды әнші әкесімен бірге өткізген күндерін.
Нұржан Керменбаевтың сөзінше, әкесі ұлының алғашқы жетістіктерін көріп, соған марқайған. Әнші сұхбатта осы уақытқа дейін өзегін өртейтін ең үлкен өкінішін айтты.
"Әке-шешемді Алматыға көшіріп алайын, оларға жақсы өмір көрсетейін" деген ой болмапты. Бұл - енді іштегі өкініштер, жіберіп алған мүмкіндіктер. Сол кезде мүмкін уақыт та болмады ма екен. Жеке өмірге, отбасыға уақыт бөле алмадым. Мүмкін жас болғаннан кейін шығар. 21 жаста болғанымда әкем өмірден өтті. "Мен Алматыға көшем. Мені Нұржаным алып кетеді", деп анама, туысқандарыма айтады екен. Бір жағы - мақтаныш, бір жағы қалауын айтқан. Неге әкемнің үмітін ертерек ақтамадым деген ойлер келеді. Кейін психологтармен жұмыс істеп, түсіндік, өткенмен өмір сүруге болмайтынын", - деп жабырқады әнші.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2060354-akemnin-umitin-erterek-aqtamadym-ansi-nurzan-kermenbaev-en-ulken-okinisin-aitty/