Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақтөбе ханымы-2024" атағын алты қыздың анасы жеңіп алды

Опубликовано:

Ақтөбе ханымы Индира Жантекенова
Ақтөбе ханымы Индира Жантекенова. Фото: diapazon.kz

Ақтөбе қаласында "Ақтөбе ханымы-2024" байқауы өтті. Аталған сайыста бақ сынаған 10 келіншек ән-бимен, театрлық қойылымдармен көрермен ықыласына бөленді. Байқау қорытындысы бойынша алты қыздың анасы Индира Жантекенова жеңіске жетті, деп хабарлайды "Диапазон" басылымы.

Өткен жексенбіде "Өнер орталығы" сахнасында "Ақтөбе ханымы-2024" байқауының финалы өтті. Бұл атаққа 27-ден 36 жасқа дейінгі 10 келіншек таласты. Бір жарым ай дайындалған аналар сахнада керемет киім үлгісінде өнер көрсетіп, өз талантын паш етті. Сондай-ақ қатысушылар жолдасы мен балаларын халық алдына шығарды.

Биыл шоудың серіктесі мен демеушілері көп болған. Сондықтан байқауға қатысушылардың бәрі көп сыйлықтан құр қалмады. Ал "Ақтөбе ханымы-2024" атағы алты қыздың анасы Индира Жантекеноваға бұйырды. Сахнаға отбасымен ерекше шыққан ол - тек көпбалалы ана емес, табысты блогер, қоғам белсендісі және ерікті, кәсіпкер.

Индира Жантекенова жолдасымен және қыздарымен
Индира Жантекенова жолдасымен және қыздарымен. Фото: diapazon.kz

Индираның айтуынша, ол байқауға дайындық пен отбасылық істерді қатар алып жүруде қиындыққа тап болған. Келіншектің үлкен қызы 11-де, ал ең кенжесі 3 жаста.

"Отбасым үлкен болғанына қарамастан, күнде дайындалдым. Одан бөлек жұмысым бар. Дайындыққа да үлгеріп жүрдім. Байқауға дайындық кезеңінде 5 келіге арықтап кеттім. Басты мақсатым өзім үшін емес, қыздарым үшін "ханым" атану болды. Сенің бір емес, екі емес, алты қызың болса, оларға үлгі болуға тырысасың. Сондықтан мен әрдайым өзімді тәрбиелеуді жөн санаймын", - деді Индира.

"Ақтөбе ханымы-2024" байқауының қатысушылары
"Ақтөбе ханымы-2024" байқауының қатысушылары. Фото: diapazon.kz

Байқау қорытындысы бойынша бірінші вице-ханым атағын Жансая Жұмахметова алса, екінші вице-ханым атағы Ұлболсын Түребаеваға бұйырды. Ал Instagram ханымы ретінде көрерменнің дауыс беруі бойынша Әлия Орынбасарова таңдалды.

Айта кетейік, "Ақтөбе ханымы" байқауы осымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Оның ұйымдастырушысы - бес баланың анасы, "Mega Stars" сән мен би ансамблінің жетекшісі Мадина Мұратова. Мадинаның өзі - "Ақтөбе ханымы-2016" атағының иегері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2092940-aqtobe-hanymy-2024-atagyn-alty-qyzdyng-anasy-zhengip-aldy/

pixel