"Әртіс жұмысқа шықпаса, ештеңе өзгермейді": Алмат Сақатов ел күтпеген мәлімдеме жасады (видео)
Жарияланған күні:
Отандық танымал актер Алмат Сақатов ел алдында жүрген әртістерге қатысты үндеу жасады. Өнер иесі мәлімдемесін Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.
Алмат Сақатовтың айтуынша, әртістер ешқашан халықтан биік тұрмаған. Сондықтан ел мүддесі жолында өнер адамының емес, басқа сала мамандарының еңбегі жоғары бағаланады.
"Жаңа көшеде келе жатқанда бір кісімен суретке түстім. Сонда сол кісі "Сіздерге қызығамыз, сіздер биікте, төбедесіздер. Ал біз қарапайым адамбыз ғой" дейді. Құрметті "қарапайым" адамдар, егер қарапайым қойшы жұмысқа шықпаса, қойды қасқыр жеп кетеді.
Қарапайым мұғалім жұмысқа шықпаса, балаларымыз ұстазсыз, ақылсыз болып өседі. Ал қарапайым инженер жұмысқа шықпаса, зауыт тоқтап қалады. Қарапайым дәрігер жұмысқа шықпаса, бізді емдейтін адам болмайды.
Ал таудың басында жүрген, биік "жұлдыз" әртіс жұмысқа шықпаса, ештеңе өзгермейді. Естеріңізде болсын. Сондықтан тау – сіздер. Бізді өсіретін де, өшіретін де – халық. Алақандарыңызға салып аялап жүргендеріңізге рақмет", - деді актер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2111844-artis-zhumysqa-shyqpasa-eshtenge-ozgermeidi-almat-saqatov-el-kutpegen-malimdeme-zhasady-video/