"Әуре болмаңдар": Азамат Сатыбалды "Қазақфильмдегі" даулы жағдайға жауап берді
Жарияланған күні:
"Қазақфильм" АҚ президенті, белгілі актер Азамат Сатыбалды киностудия қызметкерлеріне қатысты даулы жағдайға жауап берді. Өнер иесі бір жыл бойы жалақы берілмей жатқанын айтып жүрген анимация мамандарының шағымы орынсыз екенін жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Азамат Сатыбалды дау тудырған "Алтын адам" жобасы туралы бар шындықты айтты. "Қазақфильм" президенті мәселеде анимация мамандары ғана емес, киностудия да жәбірленуші екенін алға тартты.
Актердің айтуынша, аталмыш жобаны "Қазақфильм" жасап тапсырғанымен, кино орталығы оны қабылдамай қойған. Соған байланысты киностудия да қаражатын аламай, зардап шегіп отыр. Бүгінде сот процесі басталып кеткен.
"Жалған ақпаратқа жүйелі жауап. Дұрыс түсінік болу үшін, қысқаша қайырайын.
1. "Қазақфильм" мен Қазақанимация қызметкерлері айлықтарын толық алып отыр. 2. Бұл "Алтын адам" жобасының шығармашылық тобы. Айлық емес, қаламақы (гонорар). 3. Жоба, 2019 жылы басталған. Бес жыл созылып бітпей келе жатыр. Соңғы мерзім бойынша 2023-жылы біту керек екен. 4. 90% ақшасы төленген. 5. 10% пайызы қалған. 6. Бұл жоба ұлттық киноны қолдау орталығының тапсырысы. 7. "Қазақфильм" орындаушы орган. "Қазақфильм" де қаражатын ала алмай, зардап шегіп отыр. 8. Кино орталығы жобаны қабылдамады. Ол жерде эксперттік кеңес бар. 9. Содан кейін, сот процесі басталды. 10. Бұл жүйелі шара. Бәрін заңдастыру үшін. 11. 20 маусым күні, ұлттық киноны қолдау орталығының бастығы Құрманбек мырзамен кездесу өтті. Сол жерде ортақ шешімге келді. Жобаның режиссері мен авторлары, қол алысып келісті. 12. "Қазақфильм" сол бағытта жұмысын бастап кетті", - деп бастады актер.
Сонымен қатар Азамат Сатыбалды "Алтын адам" жобасы жарыққа шығатынын және шығармашылық топ қаламақысын алатынын айтып сендірді. Ол тек сабыр мен уақыт керек екенін жеткізді.
"Бұл жерде, жобаға қатысы жоқ мені және "Қазақфильмді" кінәләу дұрыс емес. "Қазақфильм" де жәбірленуші. Қалай болмасын, "Алтын адам" жобасы жарыққа шығады. Шығармашылық топ қаламақысын алады. Соған сәл уақыт және сабыр керек. Осыны пайдаланып, пиғылы басқа және бұл жобаға дым қатысы жоқ, осыны ұйымдастырған белгілі бір топқа айтарым. Абыройды беретін жаратқан және алатын да жаратқан. Әуре болмаңдар", - деп жазды өнер иесі Instagram-дағы парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін "Қазахфильм" АҚ қызметкерлері киностудия алдында жиналып, басшылықтың шығуын талап етті. Анимация бөлімінің мамандары бір жыл бойы жалақы алмағанын айтып, шағымданған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2138280-aure-bolmangdar-azamat-satybaldy-qazaqfilmdegi-dauly-zhagdaiga-qatysty-zhauap-berdi/