"Сол қызды көруге құштар болдым": Абай Бегей орындайтын "Аспанға қараймын" әні кімге арнап жазылған
Жарияланған күні:
Танымал әнші Абай Бегейдің жұлдызын жаққан "Аспанға қараймын" әні әлі күнге тойдың көркін қыздырып жүр. Оның шығу тарихы да көпке қызық. Хиттің авторы Дәуір Абайұлы KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұқбатында осы әнге қатысты бұрын-соңды айтылмаған ақпараттарды бөлісті.
Ән Алматыдағы танымал мейрамхана иесінің қызына арналған
Сазгер Дәуір Абайұлы бұл туындысын қандай қызға ғашық болып жазғанын ашық айтты.
"Жалпы бұл ән 2009 жылы күзде шықты. Бір күні құжат жинау үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барған кезде жас қызды көрдім. Сол жерде практикада жүрсе керек... Ол қызға бір көргеннен ғашық болдым. Бірақ сезім білдіруге тілім бармады. Ертеңінде қайтадан құжаттарды өткізуге бардым. Сол қызды көруге құштар боп тұрдым. Ондай сұлулықты қыздардың арасынан көрмеген едім. Ғашық болған кездегі өзгерісті әйелім де үйде байқап қойса керек, бірден не болғанын сұрады. Сұмдық сұлу қыз көрдім, ғашық боп қалған сияқтымын, сол қызға өлең шығару керек деп ашық айттым. Кейін түн ортасында "аспанға қараймын, жұлдызды санаймын..." деп өлеңі мен әуенін жаздым. Одан кейін таңғы төртте әйелімді оятып, тыңдатып көрдім. Айтпақшы, ол қызбен алты жылдан кейін танысып, кездестік. Жігіті бар екен. Алматыдағы ең танымал мейрамхана қожайынының қызы екен. "Аспанға қараймын" әні өзіне арналғанын естігенде "шок" болды", - дейді Дәуір Абайұлы.
Ұлықпан Жолдасов әннің хит болатынын сезген
Бұл әуеннің бірден тыңдарман жүрегін баурайтынын бірінші байқаған Ұлықпан Жолдасов екен.
"Ұлықпан Жолдасов үш рет қатарынан тыңдап, қолыңды әкелші деді. Мына әнің хит болады деп бағасын берді. Бұл әніңнің аты "Ай мүсін" болмайды, бұл әнді халық "Аспанға қараймын..." деп атап кетеді деп болжам айтты. Сосын бұл әнді біз "Каспий" тобы орындаса қалай болады дедік.. Ал оған дейін мен Ұлықпан ағадан ән сұрағанмын. Ол кезде гонорар ретінде бес мың доллар сұраған еді. Біраз уақыттан соң Ұлықпан Жолдасовтың өзі менің алдыма келіп тұр. Мына әніңе бес мың доллар беремін деді. Кейін "Каспий" тобы тарайтын болды. Ұлықпан аға бұл әнді "Абай Бегейге берші, Абайға қаншама ән жазып, клип түсірдік әлі біреуі өтпеді, хиті жоқ" деді. Ақшасын өздерің келісесіңдер деді. Сөйтіп, 700 долларға келісіп, қолыма 500 долларды берді. Алғашқыда Абай бұл әнді ұнатпаған. Кейін Ақтауда қонақтар қайта-қайта орындауын сұраған соң, бірден хит болатынын сезіпті. Негізі бұл әнді хит қылған батыс өңірінің тыңдармандары", - дейді сазгер.
Тиматидің сүйікті әні
Сазгердің айтуынша, бұл әнді ресейлік орындаушы Тимати ұнатып, мәртебесін асырған.
"Бұл ән — Тиматидің сүйікті әні. Ол Еуропадағы турнесінде ылғи концертін осы "Аспанға қараймын" әнімен бастайтын. Тіпті "Араларыңызда қазақстандықтар бар ма, шымкенттіктер бар ма?", - деп сұраған кездері де болған. Ол да бұл әннің мәртебесін одан бетер көтеріп жіберді. Одан кейін президент сайлауы кезінде телеарнадағылар мені шақырып, осы әннің сөзін өзгертіп, патриоттық ән қылып айтсақ деп рұқсат сұрады. Мен келістім. Бұл ән жайлы түрлі әңгіме де болды", - дейді хиттің авторы.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2149695-sol-qyzdy-koruge-qushtar-boldym-abai-begei-oryndaityn-aspanga-qaraimyn-ani-kimge-arnap-zhazylgan/