Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Америкада некеміз қиылды": Айгүл Иманбаева тұрмысқа шыққанын растады

Жарияланған күні:

Айгүл Иманбаева
Айгүл Иманбаева. Фото: Instagram/ aigul_imanbayeva

Қазақстандық танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева жеке өміріндегі жаңалығын жариялап, елді таңғалдырды. Өнер иесі екінші мәрте тұрмысқа шыққанын растады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Эстрада жұлдызы болашақ күйеуімен шетелде оқуда жүрген кезінде танысқан. Сөзінше, ол да ажырасқан, бір қызы бар. Әншінің жолдасы он жылдан бері Америкада тұрады.

"Мен күнделік жазамын. Күйеуімнің ойынан бастап, бойына дейін қандай адам болатынын жазып қойғанмын. Дәл сол орындалып кетті. Үнемі таныстарыма "Менің тойым шетелде болады. Төлқұжаттарыңды дайындаңдар" деп айта беруші едім. Сол да орындалайын деп тұр. "Болашақпен" оқуға кетіп бара жатқанда өмірімде ол адам болмады. Англияға барғанда, ағылшыным өте нашар болды. Айналам тек ағылшынша сөйлейтін адамдар. Ол кезде қайдан жігіт ойлайсың?! Сабаққа баспен кірдім.

Күйеуім 10 жылдан бері Америкада тұрады. Қызы Лондонда оқиды. Өзім секілді ажырасқан жігіт. Тағдырымыз ұқсас болып тұр. 1977 жылы дүниеге келген. Найман руының жігіті. Бірақ менен алты ай ғана кіші. Ортақ достарымыз арқылы таныстық. Ең алғаш көргенде “мына жігітті 15 жыл бұрын түсімде көрдім” дедім. Телефон алмастық. Менің әртіс екенімді білмейтін болып шықты. ҚазҰУ-дың филология факультетін бітірген. Мен журналистика мамандығында оқығанмын. Екінші мамандығы – ІТ саласы. Бірақ Алматыда кездеспеппіз", - деді Иманбаева.

Өнер иесі сүйіктісі ұсыныс жасағанда бірінші кезекте ұлымен ақылдасқанын айтты. Перзентінің еш қарсылығы жоқ екенін білген соң, қос ғашық некесін қидырған.

"Жаңа жылды бәріміз Лондонда қарсы алғанбыз. Ұлым мен келінім, оның қызы да келді. Сол кезде ресми баламмен таныстырдым. Күйеуім ұсыныс жасағанда, "Асека, мен не істеймін?" деп ұлыма бірінші хабарластым. Оның да жанына менің жалғыз жүргенім бататынын сезетін едім. "Мама, оның бойында ешқандай комплексі жоқ. Өзіне не қажет екенін біледі, ақыл тоқтатқан, білімді адам. Маған Ерлан аға ұнайды. Бақытты болыңыз" деді. Содан Америкада палестиналықтардың мешітінде некеміз қиылып, бас қостық.

Қазіргі тапқан адамым – мәңгілік махаббатым. Саналы түрде шешім қабылдадым. Бақытты сәтімде ұлым да, құрбым да жанымнан табылды. Мәһрге көлік сұрадым. "Қазақша той жасағың келе ме?" деп сұрады. Мен қарсы болдым. Бірақ құдалық өтіп, орамал салып, келіншай бердім", – деді актриса "Мамский әңгіме" подкастында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2151840-amerikada-nekemiz-qiyldy-aigul-imanbaeva-turmysqa-shyqqanyn-rastady/