Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арман Дүйсенов: мезгілсіз дүниеден өткен әйгілі композитордың тағдыры

Жарияланған күні:

Арман Дүйсенов
Арман Дүйсенов. Фото: instagram.com/indiraelemes

Танымал композитор Арман Дүйсенов 2023 жылдың қаңтарында мезгілсіз дүниеден өтті. Ол көптеген орындаушыға ән жазған даңқты композитор еді. Мақаламызда Дүйсеновтің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталмақпыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Арман Дүйсенов - 1974 жылы Оралда туған танымал қазақ композиторы, тележүргізуші және продюсер, ол 2023 жылдың қаңтарында қайтыс болды.
  • Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқытушы болып, көптеген жас таланттарды тәрбиелеген және "Хабар" мен "Ел арна" телеарналарында бірнеше бағдарламаларды жүргізген.
  • Дүйсенов көптеген танымал әндердің авторы болып, оның шығармалары ұлттық нақыш пен заманауи әуендердің үйлесімімен ерекшеленіп, Қазақстанда және шетелде де танымал болды.

Арман Дүйсенов 1974 жылы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында туған. Ол – композитор, тележүргізуші, продюсер. Музыканттың еңбек жолы 1990 жылы Павлодар қаласында өткен ХХІІ республикалық жас орындаушылар байқауында жеңіске жеткеннен кейін басталған.

Kazinform агенттінің мәліметінше, Дүйсенов 1997 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдағаннан кейін ҚР Халық әртісі Райымбек Сейтметов негізін қалаған "Өнер" факультетінің Музыка және орындаушылық өнер кафедрасында сабақ береді. Ол осы аралықта республикалық және халықаралық конкурстарда топ жарған жас талантты әншілер мен актерлердің тұтас буынын тәрбиелеп шығарған.

Өнер қайраткерінің өзі де бірнеше мәрте республикалық ән байқауларында жеңімпаз атанып, 50-ге жуық елде гастрольдік сапармен болған.

Арман Дүйсенов "Хабар" және "Ел арна" телеарналарында "Айбын", "Достархана", "Тапқыр достар", "Дудар-ай" және "Хабар-старс" бағдарламаларын жүргізген.

Қазақстанның мәдениет қайраткері Арман Дүйсенов өмірінің соңғы жылдары "Қазақ әуендері" АҚ "Гүлдер" филиалының директоры қызметін атқарған.

Өмірі мен отбасы

Арман Дүйсенов 2015 жылы "Жұлдызды шаңырақ" бағдарламасында қонақта болып, отбасына қатысты деректер айтып берген екен. Арман Дүйсеновтің Айсұлу атты жары, Арай атты қызы, Абылай және Абзал атты ұлдары бар.

Дүйсеновтың бала тәрбиесіндегі ұстанымы туралы on.kz басылымы дерек келтіргенекен: 5 жасқа дейін балаңды патшаңдай сыйла, 5 жастан 15 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 15 жастан ары қарай досыңдай сырлас. Арман Дүйсенов балаларына мамандық таңдауды өз еріктеріне берген дұрыс деп есептейді.

"Бес саусақ бірдей емес. Балаларымның әрқайсысының өзінің мінезі, өмір сүру темпі бар. Көп адам өз балаларынан өзін көрігіс келеді. Өзінің қолынан келетін нәрсе балаларының қолынан да келу керек деп есептейді. Меніңше бұл үлкен қателік сияқты. Өйткені әр адам Алла тағаланың ерекше жаратылысы. Тіпті балаңның бойында бар қасиет өзіңде болмауы мүмкін. Айталық менің балаларымның спортқа деген ынтасы ерекше, бұл менде жоқ қасиет. Менің балаларым қандай да бір жетістікке жетсе, танымал әкесінің арқасы деуі мүмкін жұрт. Мен сондықтан балаларымды аяймын. Сондықтан да олар мықты болуы тиіс", - деген екен Арман Дүйсенов.

Арман Дүйсенов жазған әндер

Арман Дүйсеновтің музыкасы ұлттық нақыш пен заманауи әуендердің ерекше үйлесімімен танымал болды. Ол өз шығармаларында қазақ халқының бай музыкалық мұрасын сақтай отырып, заманауи музыкаға тән элементтерді шеберлікпен енгізе білді. Арманның әрбір туындысы тыңдармандардың жүрегінен орын алып, олардың сезімдерін қозғады.

Ол көпшіліктің сүйспеншілігіне айналған бірнеше кинотуындыға музыка жазған. Бұған қоса, оның "Кездер-ай", "Арман", "Сені сағындым", "Жан қызым", "Ауылдағы қыз" сияқты туындылары халық арасында кең таралған.

Арман Дүйсенов тек композиторлықпен ғана емес, сондай-ақ орындаушылық шеберлігімен де танылды. Ол өз әндерін орындап, халыққа ұсынды. Сонымен қатар, көптеген жас музыканттарға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық дамуына ықпал етті.

Мысалы 2020 жылы Junior Evrovision халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеу финалисі – Ислам Сайполда композитордың "Отан" деген әнін орындаған.

Ел жадында қалған өнерпаздың әндері бірінен-бірі хитке айналып, бірден халық жүрегіне жететін. Арман Дүйсеновтің репертуарында көптеген ән мен музыкалық композиция бар. Оның шығармалары тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал болды. Арманның шығармашылығында патриоттық, лирикалық және махаббат тақырыбы кеңінен көрініс тапқан.

"Хабар" арнасы сазгердің көзі тірісінде-ақ көлемді деректі фильм түсірген еді. "Өнермен үндес тағдыр" деректі фильмі қазақ топырағында ғана тамыр тартқан дарынды жанның ел-жұртына бергені мен берері туралы көп мәлімет берген.

Өнердегі әріптестерінің естелігі

Ғазизхан Шекербеков, әнші:

"Айсұлу деген ат ұнайтын маған. Оның үстіне, өзімнің ұстазым Арман Дүйсеновтің жұбайының аты Айсұлу еді. Ол әйелін қатты жақсы көретін. Ол кісінің маған өткен жақсылығы өте көп қой... "Қызымның атын Айсұлу қойдым" - деп, телефон шалғанымда, марқұм ағамыз қатты қуанды. Қайта-қайта маған өлеңдерді ұйқастырып жібереді... Бұл қаңтар оқиғасы болып, үйден шыға алмай жатқан кез еді. "Қызымды қашан көремін, қашан шығарып аламыз?", - деп қайта-қайта сұрайды. Үйден шығудың өзі қиын болып жатқандықтан, ағадан сабырмен күте тұруды сұрадық. Сол күйі көре алмай кетті. Сол күйі кездеспедік. Айсұлу өмірге келгенде қатты қуанғандардың бірі ол Арман атасы еді. Содан кейін кездесу бұйырмады. Сол үшін қатты өкіндік.

Арман ағамен соңғы рет қыркүйек айында сөйлестім-ау... Қаңтарда кетті... Үш-төрт ай бұрын сөйлесіппіз. Маған көңіл күйі күшті кезде хабарласатын. Ішіндегісін көрсеткен жоқ. Анда-санда бір хабарласатын. Арман ағаның сөзін екі етпейтінбіз".

Мұқасан Шахзадаев, әнші:

"Арманның талантына бас иген адамдардың бірімін. Мүлдем ерекше адам, мүлдем ерекше жаратылыс болатын. Ондай адам кемде-кем. Сондай талантты еді... Адам ретінде де үлкен адам еді. Әрине, сондай бауырымыздан айырылу өкінішті. Арамыз екі-үш жас болса да, ағалап тұратын. Өмір-бақи ағалап кетті. Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлайтын. Мен Арманды жоқтап әңгіме айтамын деп, ойлаған жоқпын. Сондай азаматтан айырылу өте өкінішті, түсінген адамға үлкен қайғы".

Мақпал Жүнісова, әнші:

"Арманның дұшпаны жоқ деп ойлаймын. Арман бәрімізге шынайы ақ көңілмен үлкенге де, кішіге де иіліп, нұрын шашып жүретін азамат еді. Жатқан жері жайлы болсын! Елінен келіп, ескеріп жатыр екен. Кеше Оралға да хабарласып, "Ескендір Хасанғалиев ағаларыңыздан кейін қазақ ән өнеріне үлесін қосқан осы - Арман".

Сондықтан да Арманды ұмытпаңыздар, кешін жасаңыздар. Әндері ұмытылмайтынына сенімдіміз. Осы жерде отырған бәріміз Арманның әнін айтып, шапағатын көрген жандармыз. Топырағы торқа болсын! Жәннаттың төрінен болсын".

Ақбота Керімбекова, әнші:

"Мен Жұбанов мектебінде 5-сыныпқа дейін оқыдым. Кейін басқа мектепке ауыстым. 2002-2003 жылдары Арман Түркістаннан Алматыға келді. Сол кезде Ұлықпан ағаның студиясында жиналатынбыз. Досымжан, Саят, "Музарт" барлығымыздың енді танылып жатқан кезіміз. Барлығымыз күнделікті студияда кездесеміз. Сазгерлер, ақындар жиналып, ән қараймыз.

Сол кезден бастап Арманның біраз әндерін орындап бастадым. "Сағыныш", "Аппақ гүлдер" әндерін концертімде орындадым. Кейін концерт беретін кезде, "Арман ән бар ма? Осындай ән керек еді. Осындай тақырыпта ән керек еді" деп хабарласамын. Шығармашылық байланысымыз үзілмеген.

Желтоқсан айындағы концертімде де іздедім. Телефоны өшірулі болды. Бірақ, жаман нәрсе ойламайсың ғой. Қазақта өлгеннен кейін бағалап жатамыз ғой. Тірі кезінде де Арман бізге арман болды, Алла куә. Өзі адамның сыйы, құрметі білінеді ғой. Аты өшпейді. Ылғи да күлімдеп, бір қабағы түйілгенін көрмегенмін. Жатқан жері жайлы болсын".

Арман Дүйсенов өмірден ерте кеткенімен, оның артында мәңгі өшпес шығармашылық мұра қалды. Оның шығармалары әлі де қазақ музыкасына жаңашылдық әкеліп, жастарды рухтандырып келеді. Арманның өмірі мен шығармашылығы қазақ мәдениетінің бірегейлігін, рухани байлығын бейнелейтін құнды мұра ретінде сақталып қалады.

Арман Дүйсенов – қазақ музыкасының мәңгі жұлдызы, оның өнері мен шығармашылығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі есте сақталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2152407-arman-duisenov-mezgilsiz-dunieden-otken-aigili-kompozitordyng-tagdyry/