Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ескендір Хасанғалиев туралы естеліктер: өмірі, жары және шығармашылығы

Жарияланған күні:

Ескендір Хасанғалиев
Фото: Отбасының жеке мұрағатынан

Қазақстанның бейресми әнұранына айналған "Атамекен" әнін шабыттана шырқамаған қазақ жоқ шығар, сірә. Қазақ ән өнерінің алтын қорына мол мұра қалдырып кеткен әйгілі композитор, талантты әнші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығы кезекті мақаламыздың арқауына айналып отыр.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Әйгілі композитор Ескендір Хасанғалиев 1940 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, Қазақстанның бейресми әнұраны "Атамекен" әнінің авторы ретінде танымал болды.
  • Оның шығармашылық мұрасына "Анаға сәлем", "Бозторғай", "Әдемі-ау" сияқты 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалар кіреді.
  • Композитордың өмірлік серігі Дарико Хасанғалиева оның шығармашылығына шабыт беріп, көптеген әндері оған арналған.

Туған жер, балалық шақ: композитордың өмір жолы

Ескендір Хасанғалиев 1940 жылғы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қалдығайты округі Батпақкөл мекенінде дүниеге келген. Әкесі математика пәнінің мұғалімі Құбаш Ибрашев пен анасы Қанаш Өтегенқызы өнерге жақын жандар болған. Екеуі бір сахнада өнер көрсете жүріп, бір-біріне ғашық болып, отбасын құрған. Композитордың сұқбаттарының бірінде анасы оны он бес жастан асқанда дүниеге әкелгенін, әкесі математикадан сабақ берсе де, скрипка тарта алатын өнері болғанын айтады.

Өмірімді кері айналдырса, балалық шаққа оралар едім. Ескендір Хасанғалиев.

Бала Ескендір екі жасқа келгенде, әкесі қайтыс болып, нағашы атасы Өтеген Хасанғалиев пен Бахия әжесі қамқорлығына алады. Атасы ауыл кеңесінің бастығы болып қызмет еткен. Ал анасы Қанаш Өтегенқызы 1985 жылы дүние салған.

Тау инженері болу арманын арқалап Алматыға аттанған бозбала қасындағы жолдастарының көндірумен бұй ойынынан айнып, ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетіне құжат тапсырады. Алайда ұпайы жетпей оқуға түсе алмай, Ұзынағашта құрылыс техникумының он айлық курсына құжат тапсырады. Екі ай өткенде ауылдан телеграмма келіп, елге қайтады. Екі жылдай ауылда жүріп, Оралдағы педагогикалық институтқа география факультетіне оқуға түседі. Алайда қысқы емтиханнан сүрініп, алты айлық баян курсын бітіріп, қайта ауылына оралады. Келесі жылы Алматыдағы екі жылдық дайындық курсына қабылданады.

"Сахна мен күйсандық — біздің жан жолдасымыз": композитордың өнер жолы

Талантты композитор бала шағынан домбыра тартып, ән салған. Құрмaнғaзы aтындaғы Aлмaты мемлекеттiк консервaториясының вокaлды-хор фaкультетiн алты жыл оқығанымен, мұғаліммен арадағы түсініспеушілікке байланысты соңғы курста оқудан шығып қалады да, 1978 жылы Әль-Фaрaби aтындaғы Шымкент мәдениет институтын бітіреді.

Ескендір Хасанғалиев ең алғашқы әрі талант иесін халық арасында композитор ретінде танытқан әні – "Анаға сәлем". Композитордың өзі көзі тірісінде берген сұқбаттарының бірінде "ең алғаш 21 жасымда жазған "Анаға сәлемім" бәрінен де қымбат" деп бұл әніне ерекше бағалаған екен.

"Шынайы сағыныш сезімінен туған әндердің ғұмыры ұзақ болады. Өйткені сезімдердің ұлысы – сағыныш қой. Алыста жүрген анама деген сағыныштан жазылған "Анаға сәлемім" өміршең болғандай". Ескендір Хасанғалиев.

Композитордың шоқтығы биік шығармаларының ішінде "Атамекеннің" орны бөлек. 1986 жылы Алматыда алаңға шыққан қазақ жастары Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақ­станымымен" бірге "Атамекенді" де шыр­қап, елдің рухын оятқан деседі.

"Атамекен" әні 1970 жылы Қазақ КСР-нің құрылғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған концертке арнайы жазылады. Ескендір Хасанғалиевке ел мен жердің рухын асқақтатар ән жазуға ұсыныс айтылып, бірден кірісіп кетеді. Көп ұзамай музыка туып, композитор оның сөзін жазуға өлеңдерін жұртшылық іздеп оқитын Қадыр Мырза Әліге қолқа салады. Ақын әнге лайық сөз жазып береді. Ән алғаш орындалған сәттен-ақ қалың көрерменнің жүрегін жаулап алады.

"Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген "Рухты оятқан "Атамекен" атты мақалада композитордың мына бір естелігі келтірілген:

"Алматыдағы рес­публика сарайында үкімет басшылары қатысқан Қазақ КСР-нің құрылғанына 50 жыл толуына орай үлкен мерекелік концерт өтіп жатты. "Атамекен" әнінің де кезегі келді. Бұл әнімді алғаш рет Нұрғали Нүсіпжановпен бірге симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындадым. Әнді орындап тұрып тыңдаушының жүрегін тербеп, көздеріне жас үйірілгенін сезгендей болдық. Әсіресе:

Қайда жүрсең, Атамекен

Көкейіңде жатады екен.

Күннің өзі ұясына

Қимай оны батады екен", - деп әннің соңғы қайырмасы айтылғанда халық ду көтеріліп, орындарынан тұрып кетті. Ұзақ уақыт елдің шапалағы тоқтамай тұрып алды".

Композитор шабытының жемісі болған "Бозторғай", "Әдемі-ау", "Студенттердің қоштасу әні" сынды әндер де қалың көрерменнің сүйіп тыңдайтын әніне айналып кеткен.

Талантты композитор бұл әндерден бөлек 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалардың авторы атанды. Шығармашылық ғұмырында орыс, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне де ән жазған.

"Ескірмеген махаббат": композитордың жары, отбасы

Композитордың көп әні сүйікті жары Дарико Хасанғалиеваға арналған.

Өмір маған өнерден бөлек ғажап жар сыйлады. Дарико Сопыжановнаны ең үлкен жетістігім деп білемін. Сахнаға шыққан кезде бірден залдан сүйікті бантигімді іздеймін. Ол маған үнемі шабыт береді. Ескендір Хасанғалиев.

Ескендір Хасанғалиевтің жары Дарико Хасанғалиева композитормен Қарағандыда концертте танысқанын былай еске алады:

"Қарағандыда "атақты композитор, әнші келе жатыр" деп барлығы шулады. Әкем сол концертке барғанымды қатты қалады. Ол кезде мен Мәскеуде оқып жатқан едім. Кетпекші болып жиналып жатқанда, әкем "Айналайын, Дарико, осы концертке баршы" деді. Әкем айтқанын істетпей қоймайтын, қатал болатын. Егер әкем сол концертке мені жібермегенде Ескендір ағаларыңмен таныса алмай қалатын ба едім, кім біледі?! Сондықтан әкеме әрқашан рақметімді айтып отырамын", - дейді Дарико Хасанғалиева.

Дарико Сопыжанқызы Хасанғалиева 1943 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Білікті дәрігер ретінде Денсаулық сақтау ісінің үздігі және "Құрмет", "Шапағат" орденінің иегері атанған.

Ескендір және Дарико Хасанғалиевтердің отбасында екі қыз және бір ұл дүниеге келген.

Композитордың ұлы Біржан Хасанғалиев та әке жолын қуып, музыкант атанған, камералық композитор. Ол 1978 жылы 1 ақпанда Алматыда дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан тұңғыш президенті қоры сыйлығының лауреаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Қазақтың дара туған талантты ұлы, шоқтығы биік композитор 81 жасында коронавирустан көз жұмды. Өзі дүниенден өтіп кетсе де, дарынды музыканттың артында мол мұрасы, әуелеген әні қалды...

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2154096-eskendir-hasangaliev-turaly-estelikter-omiri-zhary-zhane-shygarmashylygy/