"Мен нағыз махаббатты армандаймын" әнінің авторы бұл туындысын не үшін бірнеше әншіге сатқанын ашық айтты
Жарияланған күні:
"Мен нағыз махаббатты армандаймын" – соңғы бес жылда тойларда жиі шырқалатын танымал әндердің бірі. Бұл хиттің авторы кезінде отандық шоу-бизнеске ерекше серпінмен келген "Мақсат пен Мақсат" дуэтінің белді мүшесі Мақсат Ынтықбаев. Көптің көңілінен шыққан туындының тарихы туралы композитор KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзив сұқбатында айтып берді.
"Мен нағыз махаббатты армандаймын" атты ырғақты ән бүгінде тойдағы қонақтар мен концерттегі тыңдарманның көңілін көтергенімен, әуені сазгердің жағдайы жайсыз кезінде дүниеге келіпті.
"Алматыда тұрып, пәтер жағалап жүрген кезімде жарыққа шыққан ән еді. Күндердің күнінде телефон шұқылап, Instagram қарап отырып, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін көріп қалдым. Дәл осы "Мен нағыз махаббатты армандаймын" деген өлеңнің екі-үш шумағы ғана жазылған екен. Сол сәтте ыңылдап отырып, әуенін шығардым. Шығармашылық адамы болғаннан кейін әуеннің шығуына сол кездегі көңіл-күйім әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл ән "осындай аруға немесе өзім ғашық болған қызға арналған" деп айта алмаймын, белгілі бір кейіпкері де жоқ. Шабытымы келді, осындай әуен жарыққа шықты", - дейді хиттің авторы.
Бір қызығы, композитор қазақтың ақиық ақынының қаламынан туындаған өлеңдерге ерекше шабытпен әуен шығаруды әдетке айналдырыпты.
"Ашығын айтайын, жалпы Мұқағалидың өлеңіне ән жазуға ешқашан жүрексінген емеспін. Керісінше Мұқағали атамыз сол өлеңдерін құдды бір маған арнайы жазып кеткен сияқты көрінеді. "Кейін осы Мақсат Ынтықбаев деген бауырымыз өлеңдеріме ән жазсыншы немесе бір-екі туындымды өзі орындайды" дегендей сезіледі. Бір кездері маған сондай да ойлар келген. Осы орайда айта кетейік, негізі мен Мұқағали Мақатаевтың бұл өлеңі ғана емес, бірнеше өлеңіне ән шығарғанмын. Қателеспесем ақиық ақынның 20-дан аса өлеңіне ән шығардым ғой деймін, тіпті одан да көп болмаса. Бірақ "Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне неге ән шығарасың, неге рұқсатсыз орындайсың?" деп сынап, пікір білдіргендер болған жоқ. Жүрегім қалады, мен жаздым. Мүмкін біреулер сыртымнан сынаған шығар, бірақ бетіме келіп ешкім айтқан емес. Ал қандай да бір әуен шықса, әуелі әйеліме көрсетемін. Бірінші бағасын сол кісі береді", - дейді Мақсат Ынтықбаев.
Отандық эстрадада "Мен нағыз махаббатты армандаймын" атты әнін бірнеше әнші орындайды. Композитор Мақсат Ынтықбаев ең бірінші Нұржан Қалжанға 100 долларға сатқан, бірақ ол бірден бұл әнді жарыққа шығара қоймаған. Кейін әуенін жазған автор аталмыш туындыны Сиви Махмудиге 1000 долларға сатып, "Саламат" тобы бірден сахнаға орындап шығады. Одан кейін Ақылбек Жеменей бұл әнге қызығып, Мақсаттың қолына 200 долларды ұстатып, өзінің қарамағындағы "Қазақстан дауысы" жобасының жеңімпазы Бауыржан Ретбаев есімді әншіге орындатқан. Сонымен "Мен нағыз махаббатты армандаймын" әні бір емес үш нұсқада жарыққа шығады.
Музыкант Мақсат Ынтықбаевтың ел арасында кеңінен таралған танымал туындыларының легі мұнымен шектелдейді. Мәселен, ол Қайрат Нұртас орындайтын "Қалалық қыз", Сәкен Майғазиевтің репертуарындағы "Арайлым, неткен көрікті ең...", әнші Индира Расылхан шырқайтын "Ғажайып түс", Бейбіт Қорғанның "От-от" тты әндері бүгінде Tik Тok әлеуметтік желісінде трендтен түспей тұр. Ал қазіргі таңда хит жазу қаншалықты қиын немесе оңай? Бұл сауалды сазгердің өзіне қойған едік.
"Сөздің шыны керек, бәлкім бәзбіреулер үшін хит жазу оңай шығар, бірақ мен үшін хит жазу қиын. Содан кейін тағы бір айта кететін жағдай, бүгінгі таңда композиторлар бағаланбайды. Мүмкін біреулер бағасын алып жатқан шығар, бірақ көп композитор бағаланып жатқан жоқ негізі. Бірақ алдағы уақытта әлі талай нағыз хит жазамын деген ойдамын", - деп сөзін түйіндеді сазгер Мақсат Ынтықбаев.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2154760-men-nagyz-mahabbatty-armandaimyn-anining-avtory-bul-tuyndysyn-ne-ushin-birneshe-anshige-satqanyn-ashyq-aitty/