Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Анашым, шалқып күлсең...": Марат Омаровтың әйгілі әні Мақпал Жүнісоваға неге бұйырмай қалған

Жарияланған күні:

Марат Омаров анасы Сұлухан әжеймен
Марат Омаров анасы Сұлухан әжеймен. Фото: отбасының жеке мұрағатынан

"Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды..." деп басталатын ән осыдан 40 жылға жуық уақыт бұрын жазылған. Әп-сәтте тыңдарманын тапқан танымал туындының авторы – Марат Омаров. Атақты сазгер әйгілі хиттің шығу тарихына қатысты тың деректерді KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Марат Омаров бір жасқа толғанда әкесі өмірден озып, болашақ сазгерді анасы жалғыз өзі тәрбиелеген. Жас өрен 7 жасында Шәмші Қалдаяқовтан бата алып, "Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған..." деген туындыны естіп, анасы туралы ән шығаруды армандайды. Кейін өнерпаз жігіт ауылдан қалаға арман қуып келеді. 1985 жылы студент Марат фильмге түсу үшін, түсірілім алаңына кеткен еді. Сол сәтте анасы ауылдан екі қолына ауыр сөмкесін көтеріп жатақханаға келсе, баласының киноға түсіп жатқанын естиді. Содан үш күннен кейін жатақханаға оралған Марат Омаров шешесінің ауылдан әкелген дәмін татып, жастықтың астына қалдырып кеткен ақша мен ақ параққа жазылған хатты көреді.

"Балам-ай, ең болмаса әкең сенің басыңнан сипамады, соны көрмей кетті. Әкеңнің маңдайыңнан сипағанын сен де сезбедің. Мен де сонау алыс ауылдан өзіңді көремін ғой деп келгенімде, таппай кетіп бара жатырмын. Хабарлассаңшы, балам. Көп болды ғой көрмегелі, сені сағындым ғой", – деп жазыпты хатта анасы.

Анасының дәл осы хатын оқығаннан кейін Марат Омаров ұйқысыз таң атырғанын айтады.

"Сол түні домбыраны біраз дыңғырлаттым да, кейін күйсандыққа барып отырдым. Қазақтың даласы қандай кең болса, сондай етіп анамды жырлап өтсем деп ниет қылдым. Соны халыққа қалай жеткізсем екен, "өзім өнерпаз бола тұра, анама бір ән жаза алмаймын ба?" дедім де өлең жолдарымен идеясын келтіріп қойдым. Сол кезде ана туралы әуен туды. Одан кейін ана ақынға, мына ақынға бардым, олар анда-мында жіберді. Сөйтіп телевизияда істейтін Құсман, Еңлікхан, Жүрсін Ерман деген кісілерге бардым. Олар мені Қайрат Жұмағалиев деген ақынға жіберді. "Оның да анасы бар, ол да сен сияқты әкесіз өскен, өмірбаяндарың ұқсас. Сол саған жазып береді" деді әлгі жерде. Ол кісінің анасы да 94 жаста екен. Қайрат аға бірден келісті.

- Жүрегім жыр толғайды,

Көңілім ортаймайды.

Анасы бар адамдар

Ешқашан қартаймайды..." деп бірден жазып берді. Бұл әннің кейіпкері – өзімнің анам", – дейді Марат Омаров.

Марат Омаров және анасы
Марат Омаров және анасы. Фото: отбасының жеке мұрағатынан

Алғашқыда композитор "Анашым" әнін өз ортасында, шағын сауық-кештерде гитарамен шырқап жүрген көрінеді. Кейін Мақпал Жүнісоваға беріп, үлкен сахналарда орындатуды жөн көреді. Бірақ бұл туынды ойда-жоқта сол кезде енді өнерге қадам басқан Нұрлан Өнербаевқа бұйырыпты.

"Ол кезде "Гүлдер" ансамблінде Мақпал Жүнісованың атағы шығып жүрген еді. Мақпалдың да тағдыры сондай екен, әкесі ерте кетіп, анасы тәрбиелеген. Нотасын қағазға түсіріп, Мақпалға дайындап жатқанбыз. Соны күтіп жүргенмін. Бір күні замандастармен сауық-кешке бардық. Лидия Кәденованың жолдасы Ермек Әуелбеков менің досым болатын. Сол екеуміз "Анашым" әнін гитарамен орындадық. Бір кезде Нұрлан Өнербаев әйелі Жаннамен сол кешке келді. Бәріміз қатарласпыз, жерлеспіз. Сол кезде Нұрлан Өнербаев ұнатып қалған болуы керек, ертеңінде әйелі арқылы менен сол әнді сұрапты. "Марат, Нұрланды "Тамаша" ойын-сауық отауына шақырып жатыр. Бірақ орындайтын әні жоқ. Сенің "Анашым" атты әніңді Нұрлан орындаса, қалай қарайсың?" дейді. Сөйтіп Нұрланға гитарамен қалай орындау керектігін үйретіп, рұқсатымды бердім. Одан кейін екі-үш күн өтпей "Жапырағын жайған бәйтерек..." деп басталатын "Әке арманы" атты әнімді сұрап алды. Сол кезде Нұрлан Өнербаевтың аты дүркіреп кетті. Сол сәттен бастап "Анашым" әні халықың жүрегінен орын алды", – дейді автор.

"Анашым" әні жарыққа шыққан сәтте ел арасында бірден кеңінен танылып, жұрт бұл туындының авторын іздеп, Марат Омаров жайлы түрлі пікір тараған екен.

"Ән халық арасында тараған кезде, елдің бәрі бұл әнді жазған композитор 50-60 жаста деп ойлапты. Сол кезде мен өзімді композитормын деп айтуға ұялатынмын, 25 жастамын. Кейін көркемдік кеңеске шақырып, қаламақымды беріп, Сейдолла Бәйтереков ағамыз мақтап, Әсет Бейсеуов ағам батасын берген еді", – дейді сазгер.

Автордың айтуынша, кезінде Қазақстанда хитке айналған "Анашым" әні қазіргі таңда ағылшын, неміс, қытай, қырғыз және жапон тілдерінде де орындалып жүр екен. Сондай-ақ Марат Омаров алдағы уақытта анасы Сұлухан әже жайлы кітап жазуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Автор: Серікқазы Аязбаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2162490-anashym-shalqyp-kulseng-marat-omarovtyng-aigili-ani-maqpal-zhunisovaga-nege-buiyrmai-qalgan/