"Мұңайма, Үрбибі" әнінің авторы мен оны хитке айналдырған өнерпаздар желідегі пікірталасқа нүкте қойды
Жарияланған күні:
Соңғы уақытта желіде "Мұңайма, Үрбибі" атты әнге қатысты пікірталас туындап жатыр. Хитті қырғыз тілінде шырқаған өнерпаздардың видеосы TikТok-та трендтен түспей тұр. Кейбір желі қолданушылары бұл туындыны айырқалпақты ағайындардың әні десе, екінші тарап қазақтың әуені екенін айтады. Ғаламторда қызу талқыға түскен әнге қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісі қос тарапты тыңдап, бұл шығарманың нақты авторы кім екенін анықтады.
"Сағаттар жылжиды,
Минуттар сырғиды.
Жастың шақ өтеді,
Мұңайма, Үрбибі..."
Қырғыз елінің әншілері әлеуметтік желіде хит қылған туындының сөзін жазған белгілі қазақ ақыны, жазушы – Әлібек Мейірбеков, ал әуенінің авторы – Өтеген Бекахметов. Бұл әнге арқау болған кейіпкер Үрсұлу Сейдахметқызы есімді әйел. Ол – осы әннің мәтінін жазған ақын Әлібек Мейірбековтің жұбайы.
"Бұл туындының сөзі мен әні 1994 жылы қыркүйек айында бір мезетте жазылған және сол жылы біздің отау құрғанымызға 25 жыл толған еді. Ал өлеңнің әуенін жазған Өтеген Бекахметов деген жігіт. Ол – менің күйеуімнің өнердегі досының ұлы. Сол екеуі бұл туындыны жазғанын мен о баста білмеппін. Сол 1994 жылы қыркүйекте Жетісай қаласының 30 жылдығы болды. Сол кештегі концертте "Сағаттар жылжиды, жастық шақ өтеді, Мұңайма, Үрбибі" деп ән айтқан кезде өзім таңғалдым. Сөйтсем, менің жолдасым біздің отау құрғанымызға 25 жыл толуына орай маған тосынсый жасап, сол әнді шығарыпты. Менің есімім – Үрсұлу, бірақ мені жолдасым "Үрбибі" деп еркелететін. Жолдасым 2001 жылдың аяғында қайтыс болды", - дейді Үрсұлу Сейдахметқызы.
"Үрбибі" әнінің алғашқы орындаушылары – осы туындының әуенін жазған сазгер Өтеген Бекахметовтің Рахия мен Разия есімді қос қарындасы. Олар 1994 жылдың аяғында Алматыға шақырту алып, әнді "Тамаша" ойын-сауық отауында шырқаған. Үрсұлу Сейдахметқызы таяуда бұл әнді қырғызстандық қыз бен жігіттің орындағанын естіп қалады.
"Бір күні балаларым әлеуметтік желіде қырғыз әншілері орындаған нұсқасын көрсетті. Бірақ әннің атауын "Мұңайма, Үрбибі" емес, "Мұңайма, Әдемі" деп өзгертіп тастапты. Сол кезде өзім әруақтың алдында кінәлі сезініп, біртүрлі боп қалдым. Мен жолдасымның шығармашылығына жауапты мұрагермін ғой. Сол сәтте қырғыз әншілерінің телефон нөмерін тауып, хабарласып, ренішімді айттым. Ол балалар Бішкектен Шымкентке арнайы келіп, кешірім сұрады. "Біз бұл әннің тарихын білмедік, ретро хит, халық әні" деп ойладық деді. Мен де рұқсатымды беріп, ескерту жасап, Бішкекке шығарып салдым", - дейді әнге арқау болған Үрсұлу Сейдахметқызы.
Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі әнді TikTok-та танымал қылған қырғызстандық әнші Элера Кабылжанқызы мен оның продюсері Самат Эркимбековпен тілдесті. Көрші ел өнерпаздардары бұл хитті алғашқыда "Қарындас" деп аталатын фильмге саундтрек ретінде таңдап алғанын айтады.
"Бұл әнді осыдан екі жыл бұрын YouTube желісінен көріп, ұнатып қалдым. Сол кезде 80-жылдардағы оқиғаны суреттейтін фильмге сценарий жазып жүрген едім. Кейін киноны түсіріп бастадық, ол фильмдегі басты кейіпкер Әдемі есімді ару. Саундтрек жазған кезде "Мұңайма, Әдемі" деп атауын өзгерттім. Өйткені қырғыздарда Үрбибі деген есім жоқ. Бірақ мәтінінің мәнін өзгертпедім. Кейін ән трендке шығып кетті, миллиондаған қаралым жинап тастады. Бірақ Абай Бегей деген әнші бұл әнді YouTube желісінен бұғаттап тастапты. Өйткені Қазақстанда сол кісі орындайды екен. Кейін ол кісімен сөйлесіп, Үрсұлу апамызбен Шымкентте кездесіп, сыйақысын беріп, рұқсатын алдық", - деді қырғыз продюсері Самат Эркимбеков.
Қазақтың әнімен ел назарына іліккен қырғыз әншісі Элера Кабылжанқызының да бүгінде әлеуметтік желіде танымалдылығы артып, сауық-кештерге де сұраныс көбейген.
"Сөздің шыны керек, бұл әнді алғашқыда продюсер тыңдатқан кезде қатты ұнатпадым. Бірақ продюсердің көңілін қалдырмас үшін келіскен едім. Демо-нұсқасын орындап көрсеттім, продюсер бірден ұнатты. Кейін бәрі ұнатып, тезірек жарыққа шығаруды өтінді. Одан кейін мен де бұл әнді ұнатып кеттім. Қазақстандық тыңдармандар да меніің орындағанымды ұнатып, әлеуметтік желіде "алтын қыз", "біздің қыз" деп жазады. Ал әлеуметтік желіде дауласып жатқан тыңдармандарға "ұл қазақтың әні" екенін айтқым келеді. Бұған ешкім таласпау керек, біз тек қырғыз тілінде орындадық", - дейді қырғыз әншісі Элера Кабылжанқызы.
Қазақ-қырғыз тыңдармандары арасындағы пікірталас тудырған "Мұңайма, Үрбибі" әнінің Қазақстандағы орындаушысы әнші Абай Бегей де бұл тақырыпқа қатысты пікір білдірді.
"Қырғыз бауырларымыз білмей орындап қойған, ескі ән деп ойлаған. Негізі Үрсұлу апа маған бұл әнді 2017 немесе 2018 жылы сыйға тартқан. "Абай балам, осы әнді өзің орындай бер" деп автор ретінде рұқсатын берді. Қазір қырғыз әншілеріне қатысты мәселе шешілді. Әнде ешқандай шекара жоқ. Қырғыз әншілері айтқанына мен де қарсы емеспін. Жақсы орындаған. Мен тек Қазақстандағы орындаушысымын. Алдағы уақытта қырғыз әншілермен шығармашылық байланыс орнатамыз", - деді Абай Бегей.
Осылайша "Мұңайма, Үрбибі" әніне қатысты пікірталасқа нүкте қойылды, қос елдің өнерпаздары өзара келісімге келді. Жақында олар бірігіп, осы "Мұңайма, Үрбибі" әнін дуэт ретінде жарыққа шығармақ. Демек Қазақстан эстрадасының өкілі Абай Бегей мен қырғыз әншісі Элера Кабылжанкызы хитті қазақ-қырғыз тілінде бірге шырқайды.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Ескерту: Сайттағы эксклюзив материалды көшіріп басу кезінде бірінші не екінші сөйлемде KAZ.NUR.KZ порталындағы сол материалға гиперсілтеме беру міндетті!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2173014-mungaima-urbibi-anining-avtory-men-ony-hitke-ainaldyrgan-onerpazdar-zhelidegi-pikirtalasqa-nukte-qoidy/