"Қазақтың ерке қызымын" әнінің авторы Мақпал Жүнісоваға қалай хит жазып бергенін айтты
Жарияланған күні:
Мақпал Жүнісованың шығармашылығына ерекше серпін берген "Қазақтың ерке қызымын" әні күні бүгінге дейін тыңдарман арасында сұранысын жоғалтқан жоқ. Туындының сазы мен сөзін жазған – шымкенттік композитор Мұхит Қасқырбаев. Халық әртісіне хит жазған сазгер KAZ.NUR.KZ тілшісіне беген сұқбатында елге беймәлім тың деректерді бөлісті.
"Аналардың жалғап үзігін,
Соңдарынан ерген ізімін.
Қолаң шашты, қиғаш қас, қара көз,
Қазақтың ерке қызымын..."
Бұл әннің авторы Мұхит Қасқырбаев қазіргі таңда зейнеткер әрі бірінші топ мүгедектігі бар жан екенін айтады. Осыдан жиырма жыл бұрын ауыр дертке шалдыққан сазгер Мақпал Жүнісованың репертуарындағы хит әннің шығу тарихын алғаш рет айтып берді.
"Мен жас кезімде отбасылық ансамбль құрып, тек музыкамен айналысқанмын. 40 жасымда ойда жоқта аяқтан жүру қиындаған соң, басқа іспен айналыса алмай, ән шығаратын қабілетімді шыңдап әрі ішкі мұңым мен сырымды гитараға шақтым. Сөйтіп түрлі ой, идеялар санама келіп, бүкіл қазаққа өтімді, сапалы ән шығаруға ниеттендім. Жоғарыда айтып кеткенімдей, отбасылық ансамбльдің солисі жұбайым Бибайша Омарханова болған. Көтерілсе жұбайым көтерілсін, танымал болсын деп, әйеліме жарыққа шығаруды ұсындым. Бірақ ол кезде жұбайым саудамен айналысып жүрген, мен денсаулығым сыр бергендіктен жұмыссыз қалған едім. "Мен бұл әнді айтсам, тек аудан, облыстан ары жандандыра алмаймын, тек дос-туыстардың тойында айтқаннан пайда келмейді. Бұл әнді үлкен сахнада жүрген әншілердің біріне көрсеткенің жөн болар" деді жұбайым. Ол кезде әлеуметтік желі жоқ, Алматы қаласына арнайы баруыма тура келді", - дейді Мұхит Қасқырбаев.
Осылайша шымкенттік сазгер Алматыға қарай жол тартады. Басты мақсаты – "Қазақтың ерке қызымын" әнін танымал эстрада жұлдыздарына табыстау.
"Алматы қаласында Нұрсұлтан есімді аранжировщик інім бар еді. Ол кезінде "Қазақтың ерке қызымын" әніне дейін жергілікті әншілер орындаған әндерді өңдеген. Кейін ол да Алматыға орналасып үлгерген еді. Өзіміздің бала ғой деп, сол жігітке әннің жобасын көрсеттім. Сөйтіп осы "Қазақтың ерке қызымын" әнін ең алған әнші, актриса Қаракөз Тілеубековаға ұсындым. Ол кісі басында бұл әнді орындайтынын айтқанымен, кейін уақыты болмай кетті. Сөйтіп арадағы байланыс үзілді. Кейін басқа әнші іздеп жүрген кезде Мақпал Жүнісова студияға келіпті. Негізі Мақпал Жүнісовамен 1985 жылы мемлекеттік "Гүлдер" ансамблінде бірге жұмыс істегенбіз, сол кезден бері таныспыз. Әлгі әнді бір тыңдағаннан ұнатып, "әнді ешкімге ұсынып қойма" деп әнге, әннің өңдеу жұмыстарына сол кездегі курспен 500 долларды қолма-қол табыстап кетті. Әннің өңделмеген бастапқы нұсқасын еліміздің батыс өңіріндегі бір концертте орындаған екен. Сол сәтте халық жақсы қабылдапты. Мәтінінің бір шумағын бастапқыда өзім жазып қойғанмын, кейін Мақпал әнді алды, екінші шумаған шұғыл жазып беруге тура келді. Одан кейін бірден әнді сапалы нұсқада өңдеп, Мақпал Жүнісова репертуарына қосып алды", - дейді композитор.
"Қазақтың ерке қызымын" әні 2008 жылы жарыққа шыққан. Әп-сәтте хитке айналған туынды Мақпал Жүнісованың шығармашылығын жандандырса, композитордың да елге танылуына көп септігін тигізген көрінеді.
"Бұл әннің алғашқы орындаушысы Мақпал Жүнісова, одан кейін әр қазақ қызының әнұранына айналды. Мақпал жүрген жерінде "әні мен сөзінің авторы Мұхит Қасқырбаев" деп концертте де, той да айтып жүреді. Менің аты-жөнімді халықтың санасына сіңіріп, танымалдылығымды арттырды. Мақпалдың өзі де "ерке қызға" айналды. Былайша айтқанда, "Қазақтың еке қызымын" әні авторға да, әншіге де орасан зор пайдасын тигізді. Бұрын осы әнді ұсынған әншілер "мен айтуым керек еді" деп іштей ойлайтын шығар. Атым шығып, халықтың қошеметіне ие болғаным – мен үшін ең үлкен марапат. Басқа әншілерге бұйырмағаны қайырлы болғаны шығар, ән әншісін дәл тапқандықтан хитке айналды", - дейді сазгер.
Айта кетейік, Мақпал Жүнісова "Қазақтың ерке қызымын" хитінен кейін талантты сазгердің тағы үш туындысын шырқаған. Сондай-ақ Мұхит Қасқырбаевтың әндерін отандық эстраданың өкілдері – Жұбаныш Жексенұлы, "Жігіттер" тобы, Тамара Асар, Шахизада, Дәурен Сейітжанов сынды өнерпаздар сахнада орындап жүр.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2173771-qazaqtyng-erke-qyzymyn-anining-avtory-maqpal-zhunisovaga-qalai-hit-zhazyp-bergenin-aitty/