"17 жастағы қыз еді": Төлеген Мұхамеджанов "Махаббат бекеті" фильмінің әуенін Баян Мақсатқызынан шабыт алып жазған
Жарияланған күні:
Аты аңызға айналған "Махаббат бекеті" фильміндегі романтикаға толы әуен әлі күнге дейін елдің есінде. Аталмыш мелодрамада басты рөлді сомдаған Баян Мақсатқызының сұлулығы дәл сол киноға әуен жазған Төлеген Мұхамеджановқа ерекше шабыт сыйлаған. Композитор KAZ.NUR.KZ тілшісіне әйгілі әуеннің қалай туғанын айтып берді.
1993 жылы қазақ киносының қоржыны "Махаббат бекеті" атты фильммен толықты. Мелодрама жанрындағы картинаның режиссері Талғат Теменов.
"Бұл әуен фильмге арнайы жазылған. Талғат Теменов менің өте жақын досым. Оның алдында да Талғат Теменовтің бір-екі фильміне музыка жазған едім. Ол "Махаббат бекеті" фильмін түсірердің алдында маған өтініш айтқан. "Төлеген, мен махаббат жайлы кино түсіремін, соған махаббат жайлы ән керек. Сыдық Мұхамеджанов ағамыздың "Екі ғашық, қол ұстасып..." деген әні сияқты әуен керек деді. Ол кезде Германиядан сатып алған синтезаторым бар еді. Сонымен "Махаббат бекеті" атты фильмге музыка жаздым", - дейді Төлеген Мұхамеджанов.
"Махаббат бекеті" фильміндегі қос ғашық – Орал мен Гүлназды ол кезде әлі көпшілікке таныла қоймаған актер Қуанышбек Абылов пен 17 жастағы Баян Мақсатқызы (ол кезде Мұхитденова) сомдады. Жас актрисаның сұлулығына тәнті болған сазгер өзіне жүктелген әуенді аса ынтызарлықпен жазғанын айтады.
"Күндердің күнінде Талғат Теменов "Махаббат бекеті" киносының түсірілген кадрларын көрсетті. Баян Мақсатқызы ол кезде 17 жастағы қыз ғой. Өте сұлу, өте керемет, ол да әуеннің туындауына әсер етті. Сондай сұлулықты адам әрқашан да армандайды ғой. Бұл әуенде актрисаның бейнесі бар, оны мен көрдім ғой. Актер де керемет ойнады. Солардың арасындағы махаббатты мен музыка арқылы беруім керек, ортасындағы сезімді музыка арқылы жеткізу керек болды. Сондай бір сезімдердің арқасында, Талғаттың айтқан ойлары арқылы осындай әуенді өмірге әкелдім. Әсіресе кинодағы басты кейіпкер Гүлназ тұрмысқа шығып жатады ғой, сол сәтте сүйген жігіті Орал да тойда отырады. Олардың бір-бірінің көзіне қарап, тілсіз сөйлесетін кадрлар бар. Соны мен музыкамен жеткізуім керек болды. Сол видеодағы Гүлназ бен Оралдың көзқарасы арқылы бір-біріне ұмтылған сезім маған шабыт сыйлады, осы әуен дүниеге келді. Бірақ мұны тек кино, шығармашылық деп түсіну керек. Ал менің өмірдегі шынайы махаббатым — жұбайым Нұржамал Үсенбаева", - дейді әуен авторы.
Күні бүгінге дейін өміршеңдігін жоймаған бұл туынды талай тыңдарманның жүрегін баурағанымен, әуелде әуенді сынап, сазгердің еңбегін бағаламағандар да табылыпты.
"Сөздің шыны керек, бұл әуен бірден жарқ еткен жоқ. Кино шықты, содан кейін біреулер: "Ой, мынау қарапайым музыка екен" деп айтып жатты. Бірақ кейін дәл сол қарапайым музыка ел арасында кеңінен тарап, халықтың көңілінен шықты. Жасыратыны жоқ, мен ылғи айтамын, Талғат болмағанда, кино болмағанда бұл әуен дүниеге келмес еді. Бұл мелодия күні бүгінге дейін өзімен өзі өмір сүріп келе жатыр. Ән ретінде де орындап жүр. Кезінде Ерке Есмахан орындады. Бірақ ән ретінде бағы ашылған жоқ, тек әуен ретінде халық жақсы қабылдайды. Тіпті ірі сауда орталықтарында да түрлі аспаптармен орындаған нұсқаларын тыңдап қаламын. Менің авторлық кештерімде осы "Махаббат бекеті" әуені әрдайым симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалады. Анда-санда осы әуеннің туындауына себепкер болған Талғат Теменов досыма алғыс айтып қоямын", - дейді сазгер.
Автордың айтуынша, "Махаббат бекеті" мелодрамасына арнайы жазылған туынды осы уақытқа дейін талай жастың шаңырақ көтеруіне себеп болған көрінеді.
"Осы әуеннің арқасында қосылған ғашықтар әлеуметтік желіде пікір жазып жатады. Шынында солай шығар, өйткені махаббат деген – от. Оған жылынады, күйеді, бірақ махаббатты жеткізу үшін өзің де үлкен махаббатың үстінен өтуің керек. Сондықтан менің қолымнан келіп, осындай махаббат символына арналған әуендер жазсам, онда мен үлкен махаббаттың үстінен өткенімнің дәлелі деп ойлаймын", - деп өткен шақты еске алды композитор Төлеген Мұхамеджанов.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2175461-17-zhastagy-qyz-edi-tolegen-muhamedzhanov-mahabbat-beketi-filmining-auenin-baian-maqsatqyzynan-shabyt-alyp-zhazgan/