"Бес сағат ота жасайды деген": марқұм Құрманай Бақтиярқызымен соңғы рет сөйлескен әріптестері ақын туралы естелік айтты
Жарияланған күні:
Бүгін танымал ақын әрі сазгер Құрманай Бақтиярқызы өмірден өтті. Марқұммен соңғы уақытта жиі тілдесіп, сырласқан қазақ эстрадасының өкілдері KAZ.NUR.KZ тілшісіне ақын туралы ерекше естеліктер айтып, ел естімеген деректерді бөлісті.
Әнші әрі актриса Жанар Айжанованың айтуынша, Құрманай Бақтиярқызы соңғы жылдары ауыр дертпен арпалысқан. Тіпті отандық шоу-бизнес өкілдері марқұмға талай мәрте көмек қолын созған көрінеді.
"Алатын ауру айналдырғанды қоймайды дейді ғой. Бір жылдың шамасы болып қалды, Құрманай ауырып жүр еді. Ауруы ішкі құрылыстан ғой деймін... Алдында ғана операция жасатқан кезде қайта-қайта комаға түсіп қалып, әріптестердің барлығы Алматыдан, Астанадан жақсы профессорлар апарып, көмегін берді. Отбасы ақшадан қиналып қалмасын деп қаржылай қолдау көрсеткен еді. Обалы не керек, бүкіл әріптесі жақсы көмектесті. Өйткені Құрманай өте сыйлы қыз болатын. "Жанар апай, уайымдамаңыз, тағы бір операциям бар, бәрі жақсы болады" деген еді 20 күн бұрын сөйлескенімде. Ұлы Сұңқар әлі жас, кішкентай, аяқтана қойған жоқ. Үлкен қызы тұрмысқа шықты, немерелері бар. Соның барлығына жүгіріп жүретін. Құрманайдың жылағанды жұбатпай, құлағанды орнынан тұрғызбай кеткенін көрген жоқпын. Бәріне үлгеріп, асығып жүретін. Осы өлеріне көрінді ме екен деймін...", - дейді Жанар Айжанова.
Ал әнші Жеңіс Ысқақова Құрманай Бақтиярқызымен соңғы рет сөйлескенде сырқатқа шалдыққан ақын алдағы күндері өзіне бес сағаттық ота жасататынын айтыпты.
"Денсаулығы сыр беріп жүргенін, өзінің арықтап кеткенін де көрдік қой. "Жасаған отасы дұрыс болмаған екен" деп айтып жатыр. Бірақ оның анық-қанығын жақындары, қасындағы бала-шағасы білер деп ойлаймын. Биыл 49 жаста екен, қазақта мұны "мүшел жас" деп айтады. Екі апта бұрын Құрманаймен сөйлескенде алдағы уақытта бес сағаттық ота жасалады деген еді. Соңғы рет сөйлескеніміз сол екен. Амал қанша!?", - дейді Жеңіс Ысқақова.
Әнші Индира Расылхан мен Құрманай Бақтиярқызы да кезінде Астана қаласында тұрып, сырлас құрбыға айналған. Кейін ақынның сырқаты сыр берген. Бірақ дәл осы дерттен көз жұмғанына сене алар емес...
"Бәріміз Құрманайдың ауырып жүргенін білеміз. Бірақ сол ауруы дендеп, сол өлімге әкеледі деп ойламаған екенмін. Соңғы рет бір кездері комадан шыққан кезде хәлін сұрап, аман-есен жаны қалғанына қатты қуанып, хабарласқан едім. Одан кейін жазылды, өз-өзіне келді деп ойлаған едім. Бірақ соңғы демін алатындай ауру деп ойламадым", - дейді Индира Расылхан.
Айта кетейік, ақын әрі сазгер Құрманай Бақтиярқызы қазақ эстрадасындағы талай танымал әнші орындаған хиттердің авторы. Мәселен Қайрат Нұртас шырқайтын "Алматының түндері-ай" әнінің сөзін жазған да сол кісі.
Автор: Серікқазы Аязбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2179721-bes-sagat-ota-zhasaidy-degen-marqum-qurmanai-baqtiiarqyzymen-songgy-ret-soilesken-ariptesteri-aqyn-turaly-estelik-aitty/