Жанар Айжанова: өмірі, шығармашылығы, отбасы
Жарияланған күні:
Жанар Айжанова — Қазақстанның танымал әншісі, актриса және тележүргізуші. Ол — өзіндік ән айту мәнерімен, әдемі үнімен халықтың сүйіктісіне айналған өнер иесі. Бұл жазбамызда әнші, актриса әрі тележүргізуші Жанар Айжанованың өмір жолы мен шығармашылығы, отбасы жайлы мәлімет ұсынамыз.
- Жанар Айжанова - Қазақстанның танымал әншісі, актриса және тележүргізуші, оның репертуарында 200-ден астам ән бар.
- Ол кино әлемінде де өнер көрсетіп, "Аппақ келін", "Отбасы", "Тақиялы періште" сияқты телехикаяларда ене рөлін сәтті сомдаған.
- Жанар Айжанова қоғамда белсенді, жастарға үлгі көрсетіп, отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие туралы ой-пікірлерін жиі білдіреді.
Жанар Айжанованың өмір жолы мен өнер жолы
Жанар Айжанова 1968 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген. Мектепте үздік оқыған қыз бала музыка пәнін ерекше жақсы көріп, кішкентай кезінен бастап ән айтқан. Ал үлкен өнерге қадам басуына анасы себепкер болған көрінеді.
"Бiздiң бала кезiмiзде ақшаға зат табыла бермейтiн. Мына домбыраны марқұм анам Алматыға тапсырыс берiп, сатып алды. Мен 3-сыныпта оқып жүргенде 24 рубльге сатып алыпты. Қасымдағы Серiк ағаммен қосылып, ән салатынбыз. Менiң әншi болатыныма әу баста кепiлдiк берген анашымның сыйлығына баға жетпейді", - дейді әнші.
Википедия ұсынған мәліметке сүйенсек, Жанар Айжанова 1995 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің музыка факультетін бітірген.
- 1985-86 жылдары Ақтөбе облысы Шалқар аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болды.
- 1991-2000 жылдар аралығында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында, "Адырна" фольклорлық-этнографиялық ансамблінде еңбек етті. Сонымен қатар "Гүлдер" ансамблінің әншісі ретінде танымал.
Әнші домбыраны ұстазы Тілеуғали Қышқашбаевтан үйренсе, ән айту бойынша Галина Қарамолдаеваны үлгі тұтады. Сахнада 30 жылдан астам уақыт өнер көрсетіп келе жатқан Жанар Айжанованың репертуарында 200-ден астам ән бар. Солардың ішінде халықтың жатқа айтып жүретін әндері мыналар:
- Мен қазақ қыздарына қайран қалам.
- Достарым.
- Әсем әнім сырнайдай.
- Жігіттерге өсиет.
- Қобызым.
- Тобылғысай және басқа да әндер.
Кино әлемі
Жанар Айжанова — отандық сериалдарда ене рөлін сәтті сомдап жүрген актриса. Мысалы "Аппақ келін" телехикаясы көптің көңілінен шыққан үздік кинолардың бірі болды. Сондай-ақ актриса "Отбасы", "Тақиялы періште" телесериалдары мен Q-елі скетч-шоуында ененің рөлін ойнады.
Әнші отбасының татулығы, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр жөніндегі тұщымды ойларын үнемі айтып жүреді. Мәселен Жанар Айжанова Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында жас отбасыныың ажырасуына себеп болатын мәселелер бірнеше жыл бұрын басталғанын тілге тиек еткен еді:
"60-жылдардың аяғында басталған дүние деп ойлаймын. Үйдегі ескі альбомдарды ашып қарасаңыздар, қыздар сыпыра шашын қия бастады. Қазір қысқа көйлек киіп жүрсе, "Мынаның әке-шешесі қайда қарап отыр?" - дейміз. Сол 60-70 жылдарындағы өз апа-женгелеріміздің киген киімдеріне қарасақ, көйлегі тізеден жоғары. Ол да сол кезде бізге жасалған шабуыл ғой. Сонда ер мен әйел адамды теңестіреміз деді. Сол кезде бір ғана баланы туып қалу деген сән болды. Көп бала керегі жоқ. Бұл — сол кездегі нәрсенің нәтижесі".
Жанар Айжанова тележүргізуші ретінде де танымал. Ол бірнеше отандық бағдарламаны жүргізіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
"Өнерге танымалдылық үшін келу — үлкен қателік. Алдымен оны сүю керек. Тележүргізушілікке келу арқылы өнердің жаңа бір саласын игеріп жатқандаймын. Шоу-бағдарламаның да халыққа айтары бар. Қай бағытта ән шырқап, қай салада жүрсем де, домбырамды өгейсітпеймін", - дейді әнші сұхбатында.
Отбасылық өмірі
Әншінің отбасылық өмірінде қиын кезеңдер де өтті. Ол жолдасы өмірден өткеннен кейін екінші рет тұрмыс құрды. Бұл шешімді қалай қабылдағанын Аман Тасығанның Talk Like жобасында былай айтып берген еді:
"Мұның дәл жауабын мен сияқты азаматынан ерте айырылған, жесірліктің, баласы жетімдіктің ащы дәмін татқан, өмірден қиыншылықты көрген адамдар ғана айта алады. Әрине керек емес деп жүре беруіме болар еді. Бірақ бойдақ әйелдің есігін кім қақпайды? Барған жеріңде қисық күйеулерін қызғанып, аузы қисайып отырады. Азаматым жаман емес, мен соқыр емеспін. Өзіме жар болатын, қызыма әке болатын адам. Қазір төрт құбыламыз тең. Ортамызда қызымыз, әп-әдемі өмір сүріп жатырмыз. Құдай көз жасымды көрді, азаматты берді".
Жанар Айжанова Instagram желісіндегі жеке парақшасында отбасымен бақытты ғұмыр кешіп жатқанын жазады. Арқа сүйер азаматының есімі — Ерболат. Әншінің Айжұлдыз есімді қызы және Назар есімді немересі бар. Айжұлдыз Адайбекова — өнер әлемінде танымал әрі дизайн саласында ерекше туындылар жасап жүрген маман.
Жанар Айжанова тек сахнада ғана емес, сонымен бірге қоғамда да танымал тұлға. Ол жастарға үлгі көрсетіп, олардың өнерге деген қызығушылығын оятуға септігін тигізіп келеді. Халық қазақ эстрадасының жарқын жұлдызының қарапайым болмысын жақсы көреді десек қателеспейміз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2180006-zhanar-aizhanova-omiri-shygarmashylygy-otbasy/