Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жағдайымды жасап алдым": Зарина Омарова "Жан гүлім" әнімен қандай табысқа жетті

Жарияланған күні:

Зарина Омарова
Зарина Омарова. Фото: instagram/zarina_omarova_official

90-жылдары талай тойдың көркін қыздырған "Жан гүлім" әні шырқалса, бірден Зарина Омарова ойға оралады. Өйткені бұл әуен өнер иесінің ең алғашқы хиті. Дәл осы туындымен тыңдарманын тапқан әнші KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында жұлдызды сәтін еске алып, байлыққа кенелген кезін ашық айтты.

Қайда жан гүлім, жайнаған нұрым.

Өмір серігім, сенсің тағдырым...

Бір әншінің тұтастай тағдырын өзгерткен "Жан гүлім" хиті 1994 жылы жарыққа шыққан. Сол сәтте-ақ жұрттың ыстық ықыласына бөленген әннің музыкасын Марат Омаров, сөзін ақын Серік Тұрғынбеков жазған.

"Ақын Серік Тұрғынбеков ағам әуенін тыңдап, сөзін жазып бастағанда: "Марат, мына ән өсіп келе жатқан гүл сияқты. "Қыз – елдің көркі, гүл – жердің көркі" демекші, бұл әуен мен сөзінде менің алғашқы бала кездегі сезімдерім бар. Әннің атауын "Жан гүлім" деп қойсақ қалай болады?" деді. Дәл осылай ұсыныс жасады. Өйткені жастық шақта әркімнің алғашқы махаббаты болады ғой. Ақынның да сол сезімі еске түсіп, осы әннің атауын өзі қойды. Хит боларын мен сездім", – дейді Марат Омаров.

Сазгер мен ақын сиясы кеппеген жаңа әннің орындаушысын іздеп әуре-сарсаңға түспеген. "Жан гүлім" әні жазылып жатқанда Марат Омаровтың қызы – Зарина Омарова сол шығармашылық тандемді көріп, туындыны тыңдап, аттай қалап әкесіне қолқа салады...

"Бұл әнді әкем маған арнайы жазды деп ойлаймын. Әуенін естігенде бірден ұнатып, өзім орындайтынымды айттым. Өйткені маған жазылған сияқты боп тұрды. Содан кейін әкем өзі маған осы әнді ресми түрде ұсынды. "Қызым, осы әнді сен айтасың" деді. Дереу бір күнде әнді өңдетіп, студиядада дауыс жаздырдық. Ең алғаш жаңа жылдық бағдарламада орындап шықтым. Сол сәтте бірден халық арасында тарап кетті. Содан кейін 1994 жылы Республика сарайында әкемнің концертінде шырқадым. Содан бері менің екінші есімімді халық "Жан гүлім" деп атап кетті. "Жан гүлім" әні шырқалса бірден Зарина Омарова еске түседі. Сондықтан бұл ән менің төлқұжатыма айналды. Менің шығармашылығымның басты хиті – "Жан гүлім" әні. Бұл әннің екінші тынысы ашылды. Алғаш жарыққа шығарғанда хит болды, кейін мен декреттік демалыстан кейін қайтадан жаңа өңдеуде жаздым. Тағы да сұранысқа ие болып, тойларда "Жан гүлім" әнісіз мені қабылдамайтын болды. Бұрын стадиондарда халық қосыла шырқап, менімен бірге әндететін", – дейді Зарина Омарова.

Автордың айтуынша, "Жан гүлім" әні Зарина Омарованың бағын ашып, жұлдызын жақса, көптеген ғашықтың шаңырақ көтеруіне де септігін тигізген көрінеді.

"Зарина да ылғи алғысын айтады. Бұл ән талай тойда шырқалды ғой. Көбісі алғысын айтып жатады. "Мен бұл әнге билеп, қызбен таныстым, кейін үйлендім. Сіздің әніңіздің арқасында керемет отбасы болдық. "Жан гүлім" әні себепкер болды" деп жатады. Ол өте қуанышты жағдай. Егер ән тойдағы жігіт пен қыздың жұптасуына себеп болса, керемет емес пе? Композитор үшін бұдан артық бақыт жоқ шығар...", – дейді композитор.

Зарина Омарованың сазгер әкесіне айтқан алғысы тегін емес. Өйткені "Жан гүлім" хитіне сұраныс жоғары кезінде әнші арудың атағы аспандап, қалтасы қалыңдаған.

"Жағдайымды "Жан гүлім" әнімен жасап алдым. Бұл ән маған көп табыс алып келді. Ол кездері "Жан гүлім" әнінсіз той өтпейтін. 90-жылдары менің гонорарым Алматы қаласында 1000 доллар еді. Күніне кем дегенде 5-6 тойға кіріп шығамын. Қымбат көлік алдым, қомақты ақша да жинадым. Қасымдағы құрбы студент қыздармен қыдырғанда мейрамханада, кафеде барлық ақшаны мен төлейтінмін. Қанша жас болсам да "Жан гүлім" әнінің арқасында атаққа, сондай дәрежеге, табысқа ие болдым", – дейді әнші.

Сондай-ақ "Жан гүлім" әні кезінде түрлі музыкалық премияларда топ жарған. Мәселен, радиода "Жылдың үздік әні" номинациясын еншілесе, композиторлар одағында авторға І дәрежелі диплом табысталған және "Алтын диск" деп аталатын марапатқа лайық деп танылған. Қазіргі таңда Марат Омаров бұл хитті Америкада ағылшын, орыс әрі түрік тілдерінде орындап жүр екен. Қазақтың әніне шетелдіктер де шаттана билейтін көрінеді.

Автор: Серікқазы Аязбаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2184806-zhagdaiymdy-zhasap-aldym-zarina-omarova-zhan-gulim-animen-qandai-tabysqa-zhetti/