Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Махаббат гүлі солмайды": Ұлықпан Жолдасов пен "МузАрт" тобының достығынан туған әннің тарихы қандай

Жарияланған күні:

Ұлықпан Жолдасов, Фарида Жолдасова және МузАрт тобы
Ұлықпан Жолдасов, Фарида Жолдасова және "МузАрт" тобы. Фото: Ұлықпан Жолдасовтың жеке мұрағатынан

"Махаббат гүлі солмайды" әні – әйгілі "МузАрт" тобы орындайтын хиттердің бірі. Бұл ән ең алғаш Ұлықпан Жолдасовтың композиторлық қырын қалың тыңдарманға кеңінен танытқан. Талантты сазгер мен танымал трионың шығармашылық тандемі қалай басталды? KAZ.NUR.KZ тілшісі ән авторымен сұқбаттасып, туындының тарихын білді.

Ұлықпан Жолдасов "Махаббат гүлі солмайды" әніне дейін музыкалық студияда қаншама туындыны жазғанымен, өзін композитор ретінде ешкімге таныстырмайтын. 2003 жылы атағы аспандап тұрған "МузАрт" тобы әуесқой сазгерге тосыннан қолқа салып, жаңа ән сұраған.

"МузАрт" тобы концерт өткізбекші болды, сол кешке жаңа ән жазу керек екен. "Концертке қосатын бір жаңа әндер бар ма?" деп Мейрамбек менен сұрады. Сол кезде мен бір мелодиямды көрсеттім, сөзі әлі жазылмаған еді. Ол кезде композитор ретінде таныла қоймаған кезім. Мені ол кезде көбісі әнші, ән өңдеуші, музыкант ретінде танитын. "МузАрт" тобы осы «Махаббат гүлі солмайды" әні арқылы менің композиторлық қырымды елге танытты. Оған дейін әндер жазып жүрдім ғой. Бірақ дәл "Махаббат гүлі солмайды" әнінен кейін көп әнші "Мына ән сіздікі екен ғой" деп менен ән сұрай бастады. Сондықтан "МузАрт" тобына рақметімді айтып жүремін. Әуені шамамен түнгі 3:00-де шықты. "МузАрт" сол жылдары ең танымал топ еді. Қалай жарыққа шықты, сол сәтте хит болды ғой. "Махаббат гүлі солмайды" деген атау – Мейрамбектің сөзі. Сол сөзді ақын Талант Арғынғали арқау етіп, толықтай мәтінін жазып шықты", - дейді Ұлықпан Жолдасов.

Осылайша, "Махаббат гүлі солмайды" әнінен кейін Ұлықпан Жолдасовтың сазгерлік мансабына деген сұраныс артып, бүгінде өнер иесі ең қымбат композиторлардың бірі атанды. Бірақ "МузАрт" тобы үшін кез келген туындысын тегін беруге дайын әрі қалжыңы жарасқан достар екенін айтады.

"Жалпы "МузАрт" пен Ұлықпан Жолдасовтың арасында гонорар деген әңгіме жүрмеген. Өте тығыз шығармашылық байланыстамыз. Сондықтан оларға ешуақытта ақша туралы әңгіме айтылмайды. Олар да мен ақша сұрайды деп ойламайды. Мен "МузАрт" тобына қатысты ақша жағына ешқашан барған емеспін. Одан кейін "МузАрт" тобының жігіттерімен қатты қалжыңдасамын. Себебі 20 жылдан бері араласып келе жатырмыз, ескі көздер деп айтсам да болады. Ал Мейрамбек Бесбаевты 1995 жылдан бері танимын. Етене жақын араласып кеткенбіз. Ол рас, анау-мынау әзілдерімізді көтереміз, қатты ойнаймыз", - дейді композитор.

Айта кетейік, "Махаббат гүлі солмайды" әнін 2003 жылы "МузАрт" тобы халыққа танытса, араға 10 жыл салып Ұлықпан Жолдасовтың жетекшілігімен құрылған "Заман" дуэті дәл осы хитті жаңаша бағытта орындаған. Ал 2023 жылы қазіргі таңда ауқымды аудиториясы қалыптасқан Ильхан Ихсан есімді әнші жігіт аталмыш туындыны кавер нұсқада шырқап жүр.

Ұлықпан Жолдасовтың ән жазу жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады әрі ерекше тәсілі бар екен. Әуелі әуенді әйеліне тыңдатады, кейін композитор досының кеңесіне құлақ түреді. Өнер иесінің мұндай қадамға барудағы басты мақсаты – плагиат жасамау, жаңа әуенді өзге әнге ұқсатпау.

"Әуен шықса ең бірінші жұбайым әрі арт-директорым Айған Жолдасоваға тыңдатамын. Сосын ұнап жатса әншілерге көрсетемін. Негізі менің Болат Қоқаманов деген бір сарапшым бар. "Әй, осы бір әнге ұқсап кетті-ау" деп өзім кішкене сезе бастаймын. Сол кезде жаңағы Болат Қоқаманов деген ағама жіберемін. Ол кісі Атыраудың мықты композиторы. Сол жігіт ескі әндерді көп біледі. Кейбір әуен құлағында қалып қоюы мүмкін. Сондықтан сол кісі тыңдайды да, басқа бір әнге ұқсап кетсе "Мына бір әнге ұқсайды екен бұл әнің" деп бірден айтады. Сол кезде өзгертуге тырысамын. Кейде ол әнді ешқайда шығармай, лақтырып жіберемін", – дейді композитор.

Бұл сұхбатында Ұлықпан Жолдасов бүгінгі отандық шоу-бизнестегі жас композиторлар мен қазіргі трендтегі хит әндерге қатысты да өз пікірін білдірді.

"Қазір композиторлар өте көп. Әншілердің өзі композитор боп кетті. "Тауық сойса да қасапшы сойсын" демекші, әншілер нағыз композитордың әнін алуы керек қой. Бүгінде композиторлардың жақсысы да бар, жамандары да көп. Жақсы әндер жазып жатқан балалар бар, көп емес, бірақ некен-саяқ. Ал хит әндерге келетін болсақ, қазіргі жастар тек өзінің аудиториясын қамтиды. Ал біздің кезімізде еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін тыңдайтын еді. Сондықтан сол әндерді "нағыз хит" деп айтуға болады. Мысалы, кезінде "МузАрт" тобын да, бізді де дәл солай жасы да, кәрісі де тыңдады. Менің орындауымдағы "Алтынай" әнін, "МузАрт" тобының әндерін де барлығы бірге тыңдайтын. Сондықтан барлық аудиторияны қамтыған әнді – "нағыз хит" деп айтар едім. Өлмейтін әндер ғой", – дейді Ұлықпан Жолдасов.

Әрдайым шығармашылық ізденісте жүретін Ұлықпан Жолдасовтың қазіргі таңда да кестесі тығыз. Танымал композитор бүгінде 2026 жылы өтетін 60 жылдық мерейтойына ауқымды концерт дайындап жатқанын жеткізді.

Автор: Серікқазы Аязбаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2185548-mahabbat-guli-solmaidy-ulyqpan-zholdasov-pen-muzart-tobynyng-dostygynan-tugan-anning-tarihy-qandai/