Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алматының түндері-ай": Қайрат Нұртас орындайтын әннің авторы туындының қалай хитке айналғанын айтты

Жарияланған күні:

Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртаспен
Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртаспен. Фото: Instagram/gulziraaidarbekova

Қайрат Нұртас шырқайтын "Алматының түндері-ай" әні бүгінде алып шаһардың әнұранына айналғандай. Аталмыш туындының авторы – Самат Рыспанбет есімді жас сазгер. Бұл хиттің шығуына қандай оқиға түрткі болды? Продюсер Гүлзира Айдарбекова музыкант жігітке неге қаламақы бермеген? Композитор мен продюсер KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында өз шындықтарын айтты.

"Алматының түндері-ай, Алатаудың салқын самалындай. Алматының түндері-ай, Ұйқымды ұрлап сен алатындай..."

Алматы жайлы жыр жазу – поэзияға жаны жақын жандардың арманы болса, кез келген композитордың да көкейінде дәл сондай қиялдың қалықтап жүретіні жасырын емес. Мұндай ой сазгер Самат Рыспанбетті де бозбала кезінен бастап мазалап жүрсе керек...

"Әке-шешем оңтүстік өңірден болғанымен, мен 1988 жылы Алматы қаласында туғанмын. Кәсіби саксофоншымын, кезінде Батырхан Шүкеновтің ұстазынан білім алғанмын. Жастайымнан туған қалама не істесем болады, қандай пайдамды тигізсем деген ой туды. Мысалы оңтүстік жақта бәрі қазақ тілді де, ал Алматыдағы ортам, курстастарымның көбі орысша сөйлейді. Сол кезде заманауи стилде ән шығаруға өзім ынталанып жүретінмін. Алматыдағы музыкалық колледжді бітіргеннен кейін толыққанды кәсіби түрде әндер жаза бастадым. 2008 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түстім. Күндіз сабақта, түнде студиядамын. Бір күні таңертең ерте академияға сабаққа бардым. Әлі есімде, сол кезде осы "Алматы түні" әнінің әуені келе бастады. Біріншісі қайырмасының мелодиясы туды. Ол кезде смартфондар жоқ. Ыңылдап келе жатып, бірден диктофонға жазып алдым. Өзім қуанып тұрмын, күшті бір ән шыққанын сездім сол кезде. Кешкісін студияға барып, түні бойы сол әннің шумағын шығардым. Сөйтіп туған қалам – Алматыға осындай ән арнадым. Бұл әннің алғашқы атауы "Алматының түндері-ай" емес, "Алматы түні", - дейді Самат Рыспанбет.

Талай тыңдарманның жүрегін жаулаған туындыны ең алғаш жарыққа шығарған кәсіби қобызшы – Ақерке Тәжібаева. Ол – Қайрат Нұртастың туған бөлесі.

"Қобызға арнап маған заманауи стильде бір шығарма жазшы" деп Ақерке маған жиі айтып жүретін. Ақерке студияға келді де бірден әуенін ұнатты. Ол кезде сөзі жоқ, тек қобыздың сүйемелдеуімен композиция ретінде орындап шықты. Арамызда кішігірім қаламақы болды, шамамен 500 доллар төледі. Ал бұл композицияның ары қарай ән болып кетуіне негізгі себепкер – Ринат Зайытов. Бұл туынды ұшақтарда да жиі қойылатын. Ұшақпен ары-бері ұшып жүрген кезде Ринат Зайытов ағамыз Ақерке Тәжібаеваның орындауында осы музыканы тыңдайды. Сол кезде әуежайда Қайрат Нұртасты кездестіріп қалады. Қайрат мен Ақерке бір-біріне бөле, олардың аналары апалы-сіңлі. "Қайрат, сенің Ақерке бөлең орындап жүрген "Алматы түні" атты туындыны негізі ән қылып шығарсаң хит болады" деп айтады Ринат. Ол кезде Қайрат Нұртастың репертуарында көбісіне "Ауырмайды жүрек" сияқты махаббат жайлы әндер еді. Сол сәтте Қайрат бірден Ринаттан сөзін жазып беруін өтінеді, бірақ Ринат Зайытов Алматы қаласы туралы емес, басқа тақырыпта жазғысы келеді. Бірақ Ринаттың мәтіні көңілден шықпаса керек, кейін жақында ғана марқұм болған ақын Құрманай Бақтиярқызына сөзін жаздырады. Сол кезде "Алматы түні" деп емес, "Алматының түндері-ай" деп атауын өзгертеді", - дейді композитор.

Қайрат Нұртас бұл әнді алғашқыда Әлішер Қайратұлы деген жас әншімен дуэт ретінде жазып, клип те түсірген еді. Кейін қазақ әншісі аталмыш хитті ресейлік жұлдыз Нюшамен ауқымды аудиторияның алдында қосыла шырқады. Бірақ автор бұл жаңалықтан бейхабар болдым дейді.

"Қайрат Нұртас пен Нюшаның дуэті мен үшін күтпеген жағдай болды. Ешкім маған ескерткен де жоқ. Менің әнімді орындағанда таңғалып қалдым. Ол кезде Нюшаның жанып тұрған кезі ғой. Студиядағы әріптестерім: "Мәссаған! Самат, сенің әніңді Ресейден келіп Нюша орындап жатыр ғой. Мақтанбайсың ба, айтпайсың ба" дейтін. Мен бұл туралы мақтанып, көп жерлерде айтуға ыңғайсызданамын. Бірақ менің әнімді ресейлік жұлдызы Нюша орындаған кезде керемет сезім болды, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес", - дейді әннің авторы.

Сазгер Самат Рыспанбет "Алматының түндері-ай" хитін жазып, Қайрат Нұртастың шығармашылығына ерекше серпін әкелгенімен, автор танымал әншінің командасынан ешқандай қаламақы алмаған.

"Ақты ақ, қараны қара деп айту керек. Бұл әнді Қайрат Нұртас бастапқыда Әлішер Қайратұлы деген жас әншімен орындады ғой. Ол баланың жағдайы жақса болғанымен, әкесі өте қарапайым, ақкөңіл кісі екен. "Алматының түндері-ай" әні хит болып, баласы жарқырап жатқан кезінде сол жігіттің әкесі арнайы келді. "Бауырым, осындай ән шығарып бергеніңе рақмет" деп, студияға арнайы соғып, қаржылай сыйлығын берген. Ал одан басқа ешкім келіп, "осы әнді жазыпсың ғой" деп менің ешкім маңдайымнан сипаған жоқ", - дейді сазгер.

Осы уақытқа дейін сазгерлік қырымен танылған Самат Рыспанбет дәл қазіргі таңда жеке шығармашылыққа белсенді түрде бет бұрып, бұдан былай әнші ретінде сахнаға шығуды жоспарлап отыр. Автор алдағы уақытта "Алматының түндері-ай" әнін жаңа нұсқада өз репертуарына қоспақ ниетте.

"Қазір көп әнді өзіме арнап жазып жатырмын. Композитор ретінде тапқан азын-аулақ ақша студияның шығынынан артылмайды, авторлық қоғамнан дұрыс ақша түспейді. Қайрат Нұртастың да, Гүлзира Айдарбекованың да реніші жоқ деп ойлаймын. Өйткені осы уақытқа дейін ешқандай қаламақы сұраған жоқпын. Авторы өзім, ол кісілер риза деп ойлаймын", - деп сөзін түйіндеді композитор Самат Рыспанбет.

"Алматының түндері-ай" әнінің шығу тарихы туралы Қайрат Нұртастың анасы да ерекше естелікті бөлісті. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында Гүлзира Айдарбекова аталмыш туындының сөзін жазған Құрманай Бақтиярқызымен шығармашылық байланыс қалай басталғанын айтып, бұл әннің хит болуының сырын да түсіндірді.

"Менің Құрмашым (Құрманай Бақтиярқызы - ред.ескерпесі) Қайраттың бірнеше әніне өзінің құнды сөздерін қалдырған. Халыққа "Алматының түндері-ай" деп танылған ән түп негізінде "Алматы түні" деп аталған аспапта орындалатын шығарма еді. 2009 жылы алғаш рет қобызшы сіңлім Ақерке Тәжібаева өзінің жеке концертінде орындаған. Бұл әуенді Ақерке музыкант, композитор досы Самат Рыспанбетпен бірге қобызға арнайы шығарған. Ақерке осы әуенді қобызбен концертте, тойларда орындаған сайын маған қатты ұнайтын. Күндердің күнінде "Ақерке, осы әуенді Қайрат ән ретінде айтса, сен қобызбен сүйемелдеп тұрсаң қалай болады?" деп едім, келісе кетті. Кейіннен Қайрат екеуі бір-екі үлкен концертке шықты, Ақерке қобызбен сүйемелдеп тұрды. Мен Құрманай Бақтиярқызына телефон соғып: "Құрмаш, осы әнге сөз жазсаң қалай болады?" дедім. Содан кейін сөзі де әдемі боп шыға келді, Қайраттың айтқаны да әдемі болды. Неге десеңіз, Қайраттың кіндік қаны тамған жер Түркістан болғанымен, үш айынан бастап Қайрат Алматыда өсті. Балабақшаға, мектепке барғаны бар, колледжде оқығаны бар. Әрине бала үшін есінде қалатын өзінің достары қымбат. Ыстық ұясында ата-анасымен, бауырларымен ең бір керемет естелікке толы уақытының бәрі өтті ғой. Алматының әрбір бұрышы дегендей… Оның үстіне Алматы ең әдемі қала ғой. Алматының түндерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол себепті Қайраттың бұл әнді беріліп айтуы, қайда барса да сағынып келетін өзінің өсіп-өнген жері Алматы болғандықтан сол ән әдемі хит боп шыққан сияқты. Мен өзім солай қабылдаймын", - дейді продюсер Гүлзира Айдарбекова.

Автор: Серікқазы Аязбаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2190966-almatynyng-tunderi-ai-qairat-nurtas-oryndaityn-anning-avtory-tuyndynyng-qalai-hitke-ainalganyn-aitty/