"Ол кісіге разымын": Роза Бағланованың келіні аңыз әншімен қандай қарым-қатынаста болғанын айтты
Жарияланған күні:
Қазақстан және КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың өмір мен өнер жолында айтылмаған сыры көп. Күміс көмей әншінің құнды заттарына кім жауапты? Әйгілі өнер иесінің жалғыз ұлы мен ұрпақтары қайда? Оның соңғы сөзі мен ауыр дерті жайлы тың деректерді аты аңызға айналған әншінің келіні – Марал Бағланова KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
- Марал ханым, әңгіменің әлқиссасын енеңіз Роза Бағлановамен танысқан сәттен бастасақ...
- 2001 жылы келін боп түстім. Жолдасым екеуміз алты айдай сөйлесіп жүрдік, содан кейін анасымен таныстырды. "Тез-тез үйленіңдер" деп енем асықтырды. Ол кезде студент едім. Әрі қарай оқимын, аспирантурада білім аламын деген ойым бар еді. Бірақ басқа жолды, яғни отбасылық өмірді таңдадым. 21 жаста едім, көп нәрсені түсінбеймін. Келін боп келдім, бір аптадай таңертең сәлем салып жүрдім. Екі-үш күннен кейін "Сәлем салмай-ақ қой. Қайырлы таң десең болды. Мен сені келін емес, қызым ретінде көргім келеді" деп өзі айтты. Әрине, бәрі керемет болды десем өтірік болар, отбасындағы татулық ене мен келіннің өзіне байланысты. Ол кісінің қабағына да қарадым, менің істеген тамағымды ұнатпай қала ма деген ой да болды. Әр адамның мінезі бар ғой. Маманың да мінезі бар, менің де мінезім "құдайға шүкір". Бірақ келін боп түскеннен кейін қамыр жаюды, 25 адамды күтіп алуды үйрендім. Мама маған көп нәрсені үйретті. Сондықтан мен ол кісіге разымын.
- Енеңізге деген құрметіңіз ерекше екенін әлеуметтік желіден аңғардық. Тіпті Instagram-да Роза Бағланова деп аталатын аккаунт ашып, аталған парақшада ол кісі жайлы түрлі естеліктер мен фото-видеоларды бөлісіп отырады екенсіз. Мұндай идея қашан туындады?
- Мама (Роза Бағланов - ред.ескертесі) 2011 жылы қайтыс болды, Instagram-дағы парақшаны 2012 жылы аштым. Бір күні ой келді, мама туралы интернетте көп ақпарат жоқ, ол кезде YouTube-те болған жоқ. Сол кісі туралы Instagram-ға суреттерін жүктеп, мама туралы естеліктерді бөліссем деген ой туды. Солай бастаған едім, адамдардың қызығушылығы байқалды. "Роза Бағланова туралы естеліктерді көп салыңызшы" деген өтініштер көбейді. Содан кейін мама туралы ақпараттар Instagram-да архив боп қалсын деп, сол кісіге парақшаны арнап аштым.
- Роза Тәжібайқызының өмір мен өнер жолында қолданған түрлі заттарын сіз көздің қарашығындай сақтап, жәдігерлерін бір бөлмеге жинап қойған екенсіз. Қазіргі таңда қандай эксклюзив құрал-жабдықтары бар?
- Маманың көзі тірі кезінде қандай заттары болды, соның бәрі үйде тұр. Үлкен әжемізден қалған ыдыстары тұр, біз оны пайдаланбаймыз. Сатып алған күмістері бар. Атамыздан қалған қасық пен табақ бар. Бұрынғы Қонаев заманындағы жиһаздарын қайта жаңартып, жөндеп, үйге қойып қойдым. Себебі маманың 100 жылдығында үйге адамдар келетінін білдім. Сондықтан үйдегі бір бөлмеге кішігірім мұражай жасап қойдым. Ол бөлмеде Роза Бағланованың үстіне сепкен әтірі, киген жағалы тоны, бас киімі, аяқ киімі, қолғабы және қол орамалы, бас орамалы бәрі-бәрі сақтаулы тұр.
- Дәл қазіргі таңда Роза Бағланованың ұлы Тәжен мен келіні Маралдың жалғыз ғана арманы бар екен. Ол – аты аңызға айналған әншінің Алматыда жеке ғимаратта мұражайын ашу. Солай ма?
- Иә, дұрыс айтасыз! "Неге апаның мұражайы жоқ?" деп, халықтың атынан көп ұсыныстар түсіп жатыр. Роза Бағланованың қалдырып кеткен жәдігерлерін жеке мұражайға қойғанға не жетсін... Әкімшілікке де ұсыныс айттық, бірақ өкінішке орай әзірге тыныштық. Негізі осы өзі тұрған қарашаңырақты мұражай қылуға дайынбыз, бірақ екінші қабатта орналасқан, көп адам келмейді, халыққа ыңғайсыз болады. Ал егер жеке ғимарат болса жақсы болар еді. Бүкіл жәдігерді сол жерге апаратын едік. Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияның алдында Роза Бағланованың әдемі ескерткіші тұр. Бірақ сол ғимараттың ішінде мұражай ашатын орын жоқ екен. Сол бізге арман боп тұр.
- Роза Тәжібайқызының көпшілік біле бермейтін қыры, ерекше қасиеттері туралы қандай естеліктер айта аласыз?
- Негізі мама тігін фабрикасында жұмыс істеген. Сондықтан бүкіл концерттік костюмінің, өзінің күнделікті киетін киімінің дизайнері өзі. Сондай-ақ үйде өте керемет аспаз болғанын айта кетейін. Әсіресе палауды өзбектерден де өте керемет пісіреді десем, артық айтқаным емес. Асханада өте мықты болған. Қартайғанда да соңынан қалмай палау пісіріп беруін өтінетінбіз. Келіні ретінде асхананы өз қолыма алсам да, мама дайындаған палаудың дәмі аузымызға келіп тұрады. Ол кісі маған "әсіп" деп аталатын тағамды жасауды, шелпек пісіруді үйретті. Сондай-ақ ол кісі өмірде де, өнерде де өз-өзіне өте талапшыл әрі өзіндік ұстанымы бар адам еді. Бір сөзінде жеткен жетістігі жайлы: "Егер әр банкеттен кейін сол жерде қалып, елдің көңіліне қарап, жейтінін жеп, ұрттайтынын ұрттасам, онда мен Роза Бағланова болмаймын едім" деп айтқаны бар. Сол сөзі әлі есімде...
- Осы орайда әйгілі Роза Бағланованың ұрпағы, немерелері туралы сұрасам деп отырмын. Атақты әжесінің жолын қуған ұл-қыздарыңыз бар ма?
- Тәженнің, яғни менің жолдасымның алғашқы отбасынан Ақерке Бағланова есімді 27 жаста бір қызы бар. Мәскеуде дәрігер боп жұмыс істейді. Екінші отбасынан үш бала бар. Біздің ортақ некемізден туған Тәжібай 23 жаста, Маржан 22 жаста және Үрбибі есімді 12 жастағы қызымыз бар. Ол апасының көзі кеткеннен кейін дүниеге келген бала. "Немерелерімді өнерге берме, ол оңай зат емес. Ол жерде барлығы болады, оны көтере алатын адам ғана көтереді" деп айтатын. Роза Бағланованың немерелерінің арасында кәсіби түрде өнерге келген ешкім жоқ.
- Атың аңызға айналған әншінің келінісіз. Роза Бағланованың танымалдығылы мен атағы көмегін тигізген кездер болды ма?
- Мен сізге бір қызық оқиға айтып берейін. Мама төрт бойы жыл ауырды ғой. Ауруханада жатты. Бірақ ол кісі аурухананың тамағын жемейтін, өзінің диетасы бар. Мен күнде үйден тамақ әзірлеп апаратынмын. Тура 12:30-да мен ауруханаға ыстық тамақ апаруым керек. Бір күні кішкене кешігіп қалдым. Көлікке отырып, ұшып бара жатыр едім, бір кезде соңымнан жол полициясы тоқтатты. Жылдамдықты шектес тыс асырып жіберіппін. Жол құжатымды сұрады, ол кезде көлік енемінің атында еді. "Сіз Роза Бағланованың қызысыз ба?" деп сұрады. "Сол Роза Бағланова ауруханада жатыр, қазір кешіксем менің де, сіздің де басыңыз кетеді" дедім күліп. Сол сәтте әлгі жол полицейі: "Ойбай, апаға сәлем айтыңыз, ауырмасын" деп жібере салды. Ол кісінің өнерін сыйлағаны ғой. Атақты фамилияның бір жағынан көмегі бар, екінші жағынан жауапкершілік деген тағы бар.
- Ене мен келіннің, яғни Роза Тәжібайқызымен соңғы диалог есіңізде ме?
- Соңғы диалог... Ауруханаға бара жаттық. Ол кісінің өкпесіне жиі су жиналып қалатын. Ол кісіде түрлі сырқат болды ғой. Қант диабеті, қан қысымы көтерілді. Өте қиын болды. Соңғы рет көлікпен ауруханаға қарай бара жаттық. Сол кезде әтірлер сататын дүкенді көрсетіп, "Ауруханадан шыққан соң екеуміз бір хош иісті әтір сатып алайықшы" деді. Мен сөзін құптады. "Ой, шіркін екеуміз бірге Францияға барсақ қой" деді. Солай мені шетелге апарсам, киім алып берсем деп армандайтын. Ауруханаға бара жатқандағы дәл осы әңгіме есімде қалды. Бір қызығы, ол кісі ернін бояғанда айнаға қарамай, түп-түзу бояйтын. Сосын менен сұрайтын. "Ой, мама, супер" дедім. "Менде стаж бар ғой, стаж"деп күлді. Содан ауруханаға жатты, одан кейін дұрыс сөйлескен жоқпыз. Реанимацияға түсті. Қайтыс болардан бір күн бұрын бардым, есін жиды. Көзінен жасы ағып, қолымды қысып, "Жылама" деді. Оның алдында үш рет жансақтау бөліміне түсіп, аман алып қалған едік. Мама кетер кезде үш күн бойы түс көрдім, сол түсімнен кейін мама өмірден озды. Бірақ ауруханаға өз аяғымен барды.
- Алдағы уақытта Роза Бағланованың есімі мен шығармашылығын насихаттау жолында қандай жоспарларыңыз бар?
- Білесіз бе, мама өмірден озғанда мен кітап жазуды бастағанмын. Мама қайтқан сәттен бастап 40 күн бойы кітап жаздым. Содан кейін оны жаптым да қоя салдым. Білмеймін, әрі қарай жаза алмадым. Осы жақында ғана, бір ай бұрын сол кітапты қайта жалғастырсам ба деп ойлана бастадым. Психологқа бардым, сол психологтың көмегі шығар. Қайта шабыттандым. "Өткенді есіңе алғың келмейді" дейді. Кітапты ашамын, қайта жылаймын. Енді сол кітапты қолға аламын. Ол кітапта ене мен келіннің қарым-қатынасы, жалпы бір-бірімізді көрген күннен бастап соңғы күнге дейінгі өмір жолы баяндалады.
- Марал ханым, әйгілі әнші Роза Бағланова жайлы ел естімеген естеліктерді айтып, сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз.
- Сіздерге де рақмет!
Автор: Серікқазы Аязбаев
Ескерту: Сайттағы эксклюзив материалдарды көшіріп басу үшін материалдың бірінші не екінші сөйлемінде KAZ.NUR.KZ порталына гиперсілтеме беру міндетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2196656-ol-kisige-razymyn-roza-baglanovanyng-kelini-angyz-anshimen-qandai-qarym-qatynasta-bolganyn-aitty/