"Бағасы 70-100 млн теңгенің арасы": блогер Қыран Талапбек қымбат көліктерін не үшін сатып жібергенін айтты (фото)
Жарияланған күні:
Отандық белгілі видеограф, Қазақстандағы "мобилографияның атасы" атанған Қыран Талапбектің қымбат көліктерге жасаған әрбір бейнешолуы бірден миллиондаған қаралым жинап, жұрт назарына ілігеді. KAZ.NUR.KZ тілшісі түрлі темір тұлпарды тізгіндеген автосүйер блогермен сұқбаттасып, гаражындағы көліктері, қызығушылықтары туралы сұрап білді.
- Қыран, бірінші сұрақты өткен шақтан бастасақ. Ең алғаш көлік жүргізуді неше жаста үйрендіңіз? Көлікке қызығушылық қалай оянды? Кім үйретті дегендей…
- Ең алғаш көлік жүргізу сол бала кезден басталған, әуелі түрлі ойындар арқылы қызығушылық оянды. Әйгілі GTA деген ойын бар еді ғой, сол ойында көлік қалай кіреді, көлік тұрағына қалай тұрақтайды, соқпай айдау дегенді сол жерден үйрендік, өмірде де қатты көмектескен. Кейін өскен кезде ешкім үйреткен жоқ, ағаларымыз бізге көлікті бергісі келмейді, бірақ 15-16 жаста ұрлап мініп, үйрендік қой...
- Ең алғашқы көлігіңіз қандай маркалы машина еді? Кім алып берді?
- Ең алғашқы көлігім – Toyota Camry 55. Оны ешкім алып берген жоқ, өзім 24 000 АҚШ долларына сатып алғанмын. Есімде сол 24 000 доллардың 7 000 долларын өзім жинап, қалғанын үйдегілерден қарызға ақша алып, кейін қарыз ақшаны видео түсіру арқылы тауып, қарызды қайтардым. 2016 жылы еді, ол кезде мен той түсіретінмін.
- Осы уақытқа дейін Қыран Талапбек қанша темір тұлпарды тізгіндеді? Ең қымбаты әрі арзаны есіңізде ме?
- Қанша көлік мінгенім есімде жоқ. Бірақ оның арасында ең қымбаты Rolls-Royse шығар. Дәл сол Rolls-Royse көлігін Бейбіт Әлібеков деген блогерден қарызға алғанмын. Кейін сол қарымызды бөліп төлеу әдісімен жапқан болатынмын. Ал көліктерімінің арасындағы ең арзаны қателеспесем, қытайлық Bentley Bentayga көлігінің көшірмесі бар болатын, сол көлікті 1 млн теңгеге жетер-жетпес қаржыға алғанмын. Қазір Әзірбайжанда тұратындықтан, біз тұратын Sea Breeza қаласында бәрі Golf-Car-мен жүреді. Жолдары кішкентай, үлкен көлік жүруге болмайды, эко-қала. Сондықтан өзім көліктерді жақсы көргендіктен сондай шағын көлік алған едім.
- Автосүйер қауымның пікірі әртүрлі. Сіздің ойыңызша, дәл қазір қандай көліктер трендте? 2025 жылы қандай автолар трендте болады?
- Иә, автосүйерлердің пікірі әртүрлі. Бірақ менің ойымша, қазіргі таңда Қытайдың көліктері трендте. Жалпы көлік саласы бойынша қытайлықтар әлемнің алдыңғы қатарында келе жатыр. 2025 жылы да дәл осы қытайлық көліктер трендте болады деп ойлап отырмын. Мысалы, бұрын "бай-қуатты адамдар Mercedes мінеді" деген ой-түсінік болатын. Қазіргі таңда ол тенденцияның жоғалып бара жатқанына, болашақта мүлдем болмайды дегенге мен көбірек сенемін. Өйткені Қытай автокөліктері нарықты толықтай төңкеріп, үлкен өзгерістер жасап жатыр және болашақта жасайды да. Бұл тек бастамасы ғана. Менің ойымша, болашақта "кімнің көлігі мықты, жақсы, арзан немесе қымбат" деген әңгімелер азаяды. Тек бұрыннан келе жатқан тарихы бар "лакшери" сегменттегі көліктердің брендтері ғана қалып, басқа орташа немесе төмен сегменттегі көліктер мүлдем жойылып немесе трансформацияға ұшырайтынына сенімдімін. Алдағы уақытта сондайды бақылаймыз деп ойлаймын.
- Дәл қазір Қыран Талапбектің гаражында қанша көлік тұр? Көліктер коллекциясы бар ма?
- Негізі ең қызығы, менің гаражымда Chevrolet Corvette деген бір ғана көлігім бар. Америкадан алған едім. Бағасы 70-100 млн теңгенің арасы. Ал сіздер әлеуметтік желідегі видеодан көретін көліктердің біреуі әкемдікі, екіншісі інімдікі деген сияқты ғой. Көліктер коллекциясы жоқ, бірақ мысалы, менде бір көлік болса, соны сатып екінші көлік алуым мүмкін немесе көлікті алмастыру жолымен өзім айдап, қызығушылық танытуым мүмкін.
- Көліктерді тақырыпқа сай мінесіз бе? Мысалы мына көлікті бизнес кездесуге, мынаны әйеліммен қыдыруға дегендей…
- Бұрын жас кезімде көліктерді тақырыпқа сай мінетінмін. Мәселен бір көлікті қалаға, екіншісін тауға барғанда тебетінмін. Бірақ сөздің шыны керек, қазіргі таңда, әсіресе соңғы кезде тіпті жүргізушімен емес, маған таксимен жүрген ұнайды. Такси жылдам, шығын да азырақ екенін түсіндім. Өзім соңғы 7-8 ай Қазақстанда болмағандықтан керісінше көптеген көлігімді сатып, гаражды тазартып жайтқан жайым бар.
- Ата-анаңызға да, келіншегіңізге де жиі көлік сыйлайсыз. Қазір ол кісілер қандай машина мініп жүр?
- Әкеме бір рет көлік сыйлағанмын, келіншегіме де сыйладым. Әкем баяғы сол "қазақтың" Land Cruiser көлігі, әйеліме қазіргі таңда ең хит боп жатқан Zeekr автокөлігін сыйлағанмын. Маған ешкім тосын-сый жасап, көлік сыйламаған екен. Шыны керек, бұрын үлкен армандарымның бірі – маған біреу білдіртпей тосын-сый жасап, көлік сыйласа деген ой болатын. Бірақ қазіргі таңда ондай ой жоқ. Керісінше адамдарға мен эмоция сыйлаған кездер болған.
- Шоу-бизнесте көлікке есі кеткен, автоны жан-тәнімен сүйетін қай блогер, әнші, әртістерді араласасыз? Сіздің нұсқадағы "үздік үштікке" кімдер кіреді?
- Менің ойымша, ең бірінші орынға автоблогер ретінде Зайр Рзаев деген жігітті айтқан дұрыс шығар. Оның ұлты әзірбайжан, бірақ Қазақстанда өскен. Сол Зайр деген блогердің көліктер туралы сарапшы ретінде айтқан пікірлері өте ұнайды. Екінші орынға Бейбіт Әлібеков деген блогерді қоятын едім. Ал үшінші орынға әнші Бүркітті лайық деуге болады. Неге Бүркіт десеңіздер, ол кісі Дубайдың базарларында өзінің көлігіне өзі автобөлшек іздеп жүреді.
- Қыран үшін автокөліктің бағасы маңызды ма әлде жанға жайлы темір тұлпар болса жеткілікті ме?
- Әрине көліктің бағасы мен үшін маңызды және Instagram-дағы оқырмандар "Мынау бар ақшасын шашып, ала салады" деп ойлауы мүмкін. Негізінде мен алған көліктерімді барынша тиімді жолдармен алуға тырысамын. Мәселен, қарызға ақша алып немесе "бөліп төлеу" арқылы дегендей... Кейде саудаласуға немесе оның арзандау түрін қарап көруге тырысамын.
- Қыран 24 сағаттың неше сағатын көлікте өткізеді?
- Бұрын 24 сағаттың 12 сағатын көлікте өткізетін едім. Қазір олай емес, 1-2 сағатты ғана көлікте өткізетін шығармын. Қазір Қазақстанда тұрып жатқан жоқпын, көлікпен көп жүрмейміз. Шетелде тұрғалы көліктерге деген көзқарасың өзгереді екен.
- Әлеуметтік желідегі парақшаңызға көз жүгіртсек, көліктің неше түрі бар...
- Әлеуметтік желіге жүктеген көліктердің барлығы өзімдікі емес. Мен жай ғана автосүйер блогер болғандықтан, көлігі бар азаматтардың автоларына шолу жасаймын, қызықты видеолар түсіру үшін сұрап аламын, жалдап аламын. Бұл тақырып қатты ұнайды, зерттеймін дегендей...
- Қыран, қазір шетелде жүрсеңіз де, негізі Алматы тұрғынысыз. Алматыда жыл сайын көліктер көбейіп келеді, кептеліс те бар. Көлік жүргізуші ретінде осы тақырыпқа қатысты не айтасыз?
- Алматыда көліктерімді сатып, соңғы бір жылда таксимен жүруімнің бірден-бір себебі осы Алматыдағы кептеліс. Жалпы көліктердің көбеюі, оның ішінде Қытай көліктерінің көбеюі бар, шекараның жақын болу факторы бар, біздің елдегі көліктерге деп берілетін несиелер бар. Осылардың барлығы қосылған кезде біз Алматыдағы үлкен кептелісті көріп отырмыз. Сондықтан менің ойымша, Алматыда көлікпен жүрудің аса бір мәнісі қалмады, өкінішке қарай. Сондай бір кемшін тұстар бар.
- Қыран, уақыт бөлгенініңізге, сұқбат бергеніңізге рақмет!
- Сіздерге де рақмет айтамын!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2199555-bagasy-70-100-mln-tenggening-arasy-bloger-qyran-talapbek-qymbat-kolikterin-ne-ushin-satyp-zhibergenin-aitty-foto/