Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дос-Мұқасан" репертуарындағы әйгілі әннің 50 жылдан астам хит болуының құпиясы ашылды

Жарияланған күні:

Дос-Мұқасан ансамблі
Дос-Мұқасан ансамблі. Фото: instagram.com/dos_mukasan_official

"Дос-Мұқасан" ансамблінің репертуарындағы әр әннің тарихы ерекше. Мәселен аты аңызға айналған ұжымның "Алматы түні" атты туындысы күні бүгінге дейін үлкен сахналарда шырқалып жүр. Ал аталмыш хиттің құпиясы неде? Бұл әннің жарыққа шығуына қандай оқиға себеп болған? KAZ.NUR.KZ тілшісі әйгілі топтың негізін қалаған музыкант әрі академик Досым Сүлеевпен сұхбаттасты.

"Алматы түні, Алматы түні,

Ұйқымды менің ұрлады.

Алматы түні, Алматы түні,

Мен болып таңды жырлады..."

Досым Сүлеевтің айтуынша, "Дос-Мұқасан" ансамблі шырқайтын "Алматы түні" әні осыдан тура 52 жыл бұрын жарыққа шыққан.

"1972 жылы ансамбль енді халыққа танылып, аты шыға бастағанда Мәскеуден екі адам келді. Біріншісі – режиссер, екіншісі – продюсер. Жас жігіттер. "Дос-Мұқасан" деген деректі фильм түсіру үшін Алматыдан арнайы тапсырма алған екен. Бізбен танысып, одан кейін маған: "Дос, сенің ән жазатын өнерің бар екен ғой. Бірнеше ән жазыпсың, бізге Алматы кеші жөнінде жаңа ән керек. Бізде Алматы кешінің бірнеше видео эпизоды бар, соны көрсетейік деп едік. Сен соған ән жазсаң, сенімен келісімшартқа отырамыз, гонорар 100 рубль" деді. Ол кезде 100 рубль деген қарапайым жұмысшылардың бір айлық жалақысы. Мен өмірімде гонорар алмағанмын. Өзім ән жазып, өзіме қанағаттанып жүрсем, тағы ақша төлейтінін естіп мен қуанып, ойланбастан келістім. Сөйтіп келісімшартқа қол қойдым. Ол келісімшартта "Бір айдың ішінде кешкі Алматы туралы бір ән жазу керек" деп жазылған. Ол кезде "Той жыры" әнінің дүркіреп тұрған кезі. "Той жырын" жарты-ақ сағатта жазғанда, мұны бір-екі күнде жазамын ғой" деп ойладым", - дейді Досым Сүлеев.

Алайда бәрі ойдағыдай бола қоймаған. Ресейлік мамандармен келісімшартқа отырған "Дос-Мұқасан" ансамблінің мүшесі біраз уақыт шабыт іздеп шарқ ұрып, әбден әуре-сарсаңға түседі.

"Келісімшартқа отырғанымды әйеліме, балаларыма, туыстарыма айтып, мақтанып қойғанмын ғой. Сосын қолыма гитара алып, музыка жазайын десем әуен шықпайды, екінші күні тағы шықпайды. Үшінші күні гитара емес, күйсандыққа отырдым, онда да шықпайды. Ол кезде Алматының орталығын "Бродвей" дейтін едік. Ол қазіргі Абылай хан мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысы. Сол жерде белгілі ақын-жазушылар, композиторлар, спортшылар кездесіп тұратын. Ол жаққа да бардым, кешке де, күндіз де былай да жүрем, былай да жүрем, дым шабыт келмейді. 50 грамм арақ ішіп алып шыққаным да бар. Сөйтіп жүріп бір-ақ апта қалды", - дейді сазгер.

Межелі мерзімге жеті күн қалған сәтте Сүлеев атақты ақын Тұманбай Молдағалиевтің көмегіне жүгінеді.

"Не істерімді білмей, ақын Тұманбай Молдағалиевке бардым. Ол кісі үлкен ақын ғой, біраз белгілі әнге сөз жазған. "Түке, осындай тапсырма алдым, "Дос-Мұқасан" туралы кино түсірейін деп жатыр, Алматы кеші туралы ән жазу керек" дедім. Ол кісі де мені біледі екен, ол кезде "Дос-Мұқасанның" аты дүркіреп, мен ансамблдің жетекші екенімді естіген. Ол кісі бірден келісті. Келесі күні хабарласып, мәтіні дайын екенін айтты. Мен жүгіріп барып, ақ параққа жазылған мәтінді оқымастан, үйге алып кеттім. Есікті жауып алып, әлгі параққа жазылған мәтінді оқысам:

"Жұлдыздар жерге жақындап,

Байланып қалған секілді.

Қаз-қатар өскен тату бақ,

Ойланып қалған секілді..." , - деп жазыпты. Қандай тамаша философиялық сөздер?.. Мен бір-екі рет басын оқыдым да, жалғасын оқыған да жоқпын. Осындай сөзді оқығаннан кейін шабыт келген сияқты болды. Музыкалық аспапқа отырдым, бір сағаттың ішінде жаңа ән туылды. Содан кейін оны нотаға жазып, рәсімдеп, әлгі режиссер мен продюсерге бердім. Оларға "Дос-Мұқасандағы" жігіттермен орындап бердік. Қатты риза болды. Мәскеуліктер о баста "Алматы кеші" деп ән жазуымды сұраған еді ғой, Тұманбай Молдағалиев ағамыз "Алматы түні" деп жазды, сөйтіп ең соңында "Алматы түні" деп аталып кетті. Бірақ бұл ән "Дос-Мұқасанның" хитіне айналады деп ойлаған жоқпын", - дейді автор.

Аталмыш ән жарыққа шыққан сәттен бастап бірден тыңдарман жүрегіне жол тауып, тіпті "Дос-Мұқасан" ансамблінің халықаралық деңгейде танылуына жол ашқан.

"Мысалы, 1973 жылы Минск қаласында одақ бойынша кәсіпқой ансамблдердің арасында конкурс өтті. Сол кезде бірінші турдан өту қиын еді, осы "Алматы түні" әнін орындап, өтіп кеттік, кейін финалда жеңіп, лауреат атандық. Сол кезде-ақ бұл ән одаққа белгілі болды. Содан кейін "Маяк" деген радиодан, теледидардан берді. Минсктегі конкурстан кейін бізді Берлиндегі "Жастар фестиваліне" жіберді. Ол жерде орындадық. Жалпы айтқанда "Алматы түні" дүниежүзілік сахналардың бәрінде шырқалды", - дейді Досым Сүлеев.

"Дос-Мұқасан" ансамбліне "Той жыры", "Жан досым" сынды талай танымал ән жазған композитор хит шығарудың құпиясын да бөлісті. Досым Сүлеевтің сөзінше, әйгілі ұжым әр туындыны жарыққа шығармас бұрын бірнеше кезеңнен өткізіп, кейін ресми түрде репертуарға қосады екен.

"Әрине, ең басты сарапшы – өзім. Егер шығарған әнім өзіме ұнамаса жарыққа шығармаймын, ешкімге тыңдатқызбаймын. Екінші сарапшы – студент кезде бір курста оқитын қыз-жігіттер. Ол кезде отырыстар, туған күндер жиі болады. Ұжым болып, тойлап 15-20 адам жиналып отырамыз ғой, сол кезде орындаймыз. Егер сол курстастарымызға ұнаса, оны сахнаға шығамыз. Сахнада орындап, тыңдарман қалай қабылдайтынын қараймыз. Егер жақсы қабылдаса өз репертуарымызға қосамыз. Осы жерде айтып кетейін, біздің атымызды шығарып, "аңызға айналған ансамбль" деп жатыр ғой. Бізді осы статусқа жеткізген сол кездегі жастар. Ол кезде үлкен кісілер бізден қорқатын еді. Гитара мен саксофонды көріп, "Мынау батыс елдерінің музыкасын насихаттау ғой, балаларға тыңдатпау керек" деп айтатын. Бірақ жастар бізді қолдағаннан кейін қалғандары бізді қабылдады. Сондықтан сол кездегі жастарға үлкен алғысымды айтамын", - дейді әйгілі ансамблдің негізін қалаушы.

Еске сала кетсек, Досым Сүлеев өнерде "Дос-Мұқасан" ансамблінің іргетасын қалап, жұлдызы жанса, ғылым жолында да талай жетістікке жеткен. Бүгінде ол өз саласында профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Автор: Серікқазы Аязбаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2199957-dos-muqasan-repertuaryndagy-aigili-anning-50-zhyldan-astam-hit-boluynyng-qupiiasy-ashyldy/