"Той-жиындарда орындалған жоқ": Қарақат Әбілдина "Жақсы адамдарым" әнін пандемия кезінде қалай хит қылды
Жарияланған күні:
Соңғы жылдары Қарақат Әбілдинаның шығармашылығына ерекше серпіліс әкелген "Жақсы адамдарым" әні әлеуметтік желіде хит әрі кез келген той-томалақ осы туындысыз өтпейтін болды. Естіген жанға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, делебесін қоздыратын бұл әнге қатысты тың деректерді әнші KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұқбатында баяндап берді.
Коронавирус пандемиясы кезінде шыққан ән
Жарыққа шыққан сәтте бірден жұрттың жүрегін баураған ән 2020 жылы Қарақат Әбілдинаның репертуарына қосылған. Бейтаныс жас сазгер мен ақын атақты әншіге өздері хабарласып, тың туындыны ұсынған. Ол кезде пандемия уақыты еді...
"Бұл әнді қызылордалық жас талантты әнші, композитор Жарасхан Төлебай деген бауырымыз маған WhatsApp-қа жіберіп ұсынды. Мен бірден осы әнді ұнатып, жазамын. Бүкіл әлемді індет жайлаған уақыт. Сол уақытта жазылған ән, бірақ арнайы музыкалық плаформалар арқылы насихатталған жоқ. Ешқандай той-жиын, концерттерде орындалған жоқ. Осы әнді жаздық, одан кейін бірден үйқамаққа кіреміз. Бүкіл әлемді дүрліктерген, адамзаттың барлығы бір құлазыған, қорқыныш үрей билеген сол бір шақта дәл осы ән өзін-өзі алып шықты. Дәл сол бір кездегі адамзаттың бір-біріне айтқысы келетін ой мен тілегі, адамдар бір-бірінің қадірін түсініп, бостандық, еркіндік, бейбітшілік, той-томалақтағы емін-еркін қауышып араласқан, сол шақты аңсаған адамдардың бірден осы "Жақсы адамдарым" деп бір-біріне жолданған ұранындай болды, көптеген адамға мотивация берді. Адамдардың еңсесінің түспеуіне, жақсылықтың болатынына сендіргендей, сол уақытқа дөп түскен ән болды. Бұл ән өзі-өзімен халық арасында кеңінен тарап, бір-біріне жолданып, танымал әндердің бірі болып шыға келді", - дейді Қарақат Әбілдина.
Жаһанды жайлаған короновирус кезінде елдегі той-томалақ, үлкен сахналардағы шығармашылық кештерге шектеу қойылып, эстрада жұлдыздары тек онлайн форматта ән шырқап, елге концерт қойды. Сол сәтте Қарақат Әбілдина "Жақсы адамдарым" әнін домбыраның сүйемелдеуімен жанды дауыста орындап берген.
"Үйқамақта отырсақ та халықтың еңсесін көтеру мақсатында онлайн концерттер беріле бастады. Мен бұл әнді алғаш рет сол онлайн концертте орындадым. Министрліктен ұсыныс түсті, карантин кезінде онлайн концерт беру керек болды. Сол кезде "Жақсы адамдарым" әнін домбырамен орындадым. Кейін бұл ән бірден таралып, әр өңірдегі баянмен, домбырамен айтып жүрген топтар өздері әртүрлі нұсқада орындай бастады. Бұл әннің шығу тарихы осындай. Демек бұл әнге мен арнайы тапсырыс берген жоқпын. Бұл ән менің табиғатыма келеді-ау деп маған ұсынылды. Бұл әннің ең кереметі сол, нағыз халыққа керек уақытында шыққан ән деп есептеймін. Сол уақытта осындай әндер керек еді. Сондықтан бұл ән ерекше ыстық қабылданды. Бірақ күні бүгінге дейін "Жақсы адамдарым" деп, мені жақсы қабылдайтындай жағдайға алып келгені рас", - дейді ән орындаушысы.
"Жақсы адамдарым" әнінің авторларына алғыс
Әбілдинаның айтуынша, бүгінде хит әндердің авторлары жұрт назарынан тыс қалады. Осы орайда әнші "Жақсы адамдарым" әнін жазған композитор мен ақынға ерекше алғысын айтты.
"Әнін жазған – Жарасхан Төлебай, сөзін жазған – Сәндібек Ботбаев. Өздері қызылордалық, көптеген хит әнді бірлесе шығарып жүрген тандем. Әрқашанда әнді орындамас бұрын мен авторларына алғысымды білдіріп, телевизияда болсын, қай жерде болсын айтып жүремін. Себебі әннің орындаушысын біледі де, көпшілік авторларын тани бермейді. Сондықтан осындай жас буынның есер емес, есті әндерін, мән-мағынасы бар әндерін шығарып жүргені мені қуантады. Осы орайда, қызлордалық, сыр өңірінде туған жас талантты авторларға, композиторларға тағы да алғысымды білдіремін", - дейді әнші.
"Жақсы адамдарым" әнінің хит болудағы құпиясы неде
Қарақат Әбілдина бұл сұхбатында "Жақсы адамдарым" әнінің хит болудағы құпиясы мен сырын да ашық айтты.
"Бұл әннің сөзі екі-ақ шумақтан тұрады. Адамдарды алаламай, құлаламай, ешқандай атағына, ақшасына, мансабына басқасына қарамай, жалпы "Жақсы адамдарым" деп, сол жақсы адамдармен мына өмір мәнді де сәнді, көрікті. Өзі әр нәрсенің екі ұшы болады. Жалпы өмір екі жолдан тұрады ғой, ақ пен қара, жамандық пен жақсылық, ыстық пен суық деген сияқты. Қандай жағдайда да адамның бойындағы жақсы қасиеттерін көре білу, оята білу, аша білу, көбінесе адамдарға жақсылық жасауға үндейтін әндердің бірі деп ойлаймын. Өте күрделі емес, соны жеңіл түрінде ұғынықты қылып, жеңіл түрде жеткізген деп ойлаймын. Әрбір адам өзін жақсы адамдардың санатынан көргенде мерейі тасиды. Сондықтан болар, бірден хитке айналды", - дейді Қарақат Әбілдина.
Сондай-ақ бұл ән әлеуметтік желіде де өте танымал. Жұрт жанұясындағы жақсы жаңалық пен отбасындағы қуанышты хабарға қатысты видеоларға дәл осы "Жақсы адамдарым" әнін қолданады екен.
"Бұл әнді әлеуметтік желіде қандай жағдайда қолданып жатады? Мысалы, өзіне жақсы адам деп танитын, "жақсы адамдарым менің" деп кімді айтқысы келеді, кімді қадірлейді, кімді тұлға ретінде көреді немесе кімге қандай амалдары арқылы жаны сүйсінді дегендей, сол адамдарға қандай жақсы тілек білдіргісі келген кезде осы әнді жолдап жатады. Демек бұл адамды адамның мойындауы, құрметтеуі. Ал енді мұндай әрекеттің астарында жақсылықты көбірек жасайық, жақсы адамдардың санатынан болайық дегенді үндейтін ән", - дейді әнші.
Әнмен аттас бағдарлама
Қарақат Әбілдинаның репертуарындағы бұл әннің танымалдылығы сәт сайын артып, тіпті отандық телеарнада "Жақсы адамдарым" атты бағдарлама жарыққа шыққан. Жоба жүргізушілері – Қыдырәлі мен Қарақат.
"Барған жерімнің бәрінде осы әнімді орындауды сұрайды. Ол – шетел болсын, өзіміздің елде болсын, орысша ойлайтын ортада болсын, таза ауыл қазақтарының ортасында болсын барлық жерде. Бұл құрмет деп білемін. Екіншіден, осы ән арқау болып, себеп болып отандық телеарналардың бірінде "Жақсы адамдарым" бағдарламасының ашылуы. Бағдарламаның ашылуына бірден-бір осы ән себеп болды. Соның нәтижесінде біз өнерде, басқа да салаларда өзінің ісін абыроймен атқарып жүрген, риясыз көңілімен қаншама адамға жақсылық жасап жүрген адамдарды жылда "Жақсы адам" номинациясымен марапаттаймыз. Сол бағдарламаны жүргізіп, марапаттап тұрған кезде кеудеңді қуаныш кернейді. Басқа бір жандардың еңбегіне, ерлігіне менің әнім арқылы, өзім арқылы, бағдарлама арқылы жақсылығын айтып, нұрын тасытып жатқанда бойымды ерекше сезім билейді. Сондықтан да мен үшін бұл әннің жалғасы үлкен бағдарламаға, үлкен марапатқа ұласуының негізінде осы "Жақсы адамдарым" әні тұр", - дейді әнші Әбілдина.
"Жақсы адам" деген кім
Сұхбат барысында Қарақат Әбілдина бүгінгі қоғамдағы жақсы адамның шынайы бет-бейнесін өз нұсқасында суреттеп берді.
"Жақсы адам" деген кім? Мұны бірауыз сөзбен айту өте қиын. Осы сұрақты өзім де әрбір келген қонаққа қоямын, түрлі жауаб аламыз. Менің ойымша, жақсы адам – ата-анасының батасын алған, отбасы, бауырларына жанашыр, қамқоршы бола білген, отанына адал қызмет ете білген, отбасына, қоғамға ортасына пайдалы бола білген, еш зиянын келтірмейтін, жүрегі махаббатқа толы, өмірді сүйетін, әр дүниеден, әр заттан жақсылық көре білетін, жарқырап жүретін, нұрын, шуағын шашып жүретін ақтілеулі адамдарды "жақсы адам" деп айтар едім", - деді Қарақат Әбілдина.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2200271-toi-zhiyndarda-oryndalgan-zhoq-qaraqat-abildina-zhaqsy-adamdarym-anin-pandemiia-kezinde-qalai-hit-qyldy/