Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Достығына берік Голливуд жұлдыздарының есімдері белгілі болды

Жарияланған күні:

Шытырманға толы Голливуд әлемінде шынайы дос табу мүмкін еместей көрінеді. Алайда бұл кейбір танымал жұлдыздардың қолынан келді.

Олар жай ғана сәлемі түзу жолдастар ғана емес, сыр бөлісіп, шер тарқатысатын жақын достар. Бұл жазбада жылы қарым-қатынастары уақыт сынағынан сүрінбей өтіп, нығая түскен жұлдызды достарды назарларыңызға ұсынамыз, деп жазады Massaget.kz.

Дженнифер Энистон мен Кортни Кокс

Баспасөз Дженнифер Энистонның Джастин Терумен қарым-қатынасы жайлы шулап жатқанда актрисаның өзі бұл туралы ләм-мим демейді. Дегенмен актриса жақын құрбысы Кортни Кокс жайлы құшырлана әңгіме айта беруге құмар. Мысалы, жақында The New York Times баспасына берген сұхбатында журналистің “бақытты сәттерде жаныңызда кімді көргіңіз келеді?”, - деген сұрағына (Теруді меңзегісі келгені анық), Дженнифер “Ең жақын құрбым Кортни Коксты”, - деп жауап берген екен.

Бұл екі құрбының достығы “Достар” телехикаясының түсірілімінде 1994 жылы басталған және әлі күнге дейін жалғасып келеді. Кортни өзінің достығының құпиясы сенімде жатыр деп мәлімдеген.

"Менің ойымша, Дженниферді жақсы көретінімнің себебі, мен оның жанында өзімді жайлы сезінемін – әрқашан! Тіпті түннің бір уағында маған біреуге хабарласу керек болса, мен Дженнің нөмірін теремін",- дейді Кортни.

Энистон да демалыстарды Кортнимен өткізгенді қалайтындығын айтты.

Бен Аффлек пен Мэтт Деймон

Бұл нағыз ерлер достығының мысалы. Бен мен Мэтт бала кезінен дос. Олар кезінде аналары ертіп әкелген кастингте танысқан екен. Ол кезде Аффлек 10-да, ал Деймон 8-де болатын.

Аналары балаларының жақсы қасиеттері жайлы әңгімелесіп жатқанда екі бала танысып үлгерген және көрсетілімге шақыруға асықпайтын хатшының орындығына жапсырма шеге қойып кетіпті. Сол шеге және аналарынан естіген ұрыс, сол күні екі баланы жақындастырады. Оның үстіне, бұл екеуі бір көшеде тұратын болып шыққан.

Ақырында олардың жолы екіге айрылды: Дэймон Гарвардқа түседі, ал Вермонтқа түскен Аффлек оқуын тастап, Голливудқа аттанады. Кейін Бен Мэтты Голливудқа шақырғанда ол досының шақыртуын бірден қабыл алады.

Сол кезде екі жігіт жақсы фильм түсіруді ойластырыпты. "Ақылды Уилл Хантингтің" сценарийін жазып, бір сәтте танымалдылыққа ие болады. Фильм үздік сценариі үшін "Оскар" және "Алтын глобусты" сыйлықтарын иеленеді.

Актерлер әлі күнге дейін бірге келе жатыр, оларды уақыт та, тіпті Дженнифер Лопес те ажырата алмады. Лопес кезінде не мен, не Мэтт деген талап қойған деседі. Беннің кімді таңдағанын біз білеміз.

Брэд Питт және Джордж Клуни

Питт пен Клуниді Стивен Содербергтің "Оушеннің он бір досы" криминалды комедиясындағы біріккен жұмыс табыстырды. Кейін олар бірігіп Дарфур судандық провинциясындағы жапа шеккендерді қолдау шараларымен айналысты.

Клуни Питт жайлы былай дейді: "Мен оның адамгершілік қасиеттерін, дарынын сыйлап қана қоймаймын, сонымен қатар, оның әлемге көмектескісі келетін ізгі ниетін қолдаймын. Әлемнің жақсаруына қаншама еңбек етіп жүргенін жеткізу үшін сөзім жетпейді. Мен оны досым дей алатыныма мақтанамын".

Николь Кидман және Наоми Уоттс

Николь мен Наоми танылғанға дейін де құрбы болған. Олар сонау Австралияда "Флирт" (1991) фильмінің кастингінде танысқан екен. Ал бұл фильмдегі басты рөл Никольға бұйырады. Кейін, Николь Голливудқа ауысқан соң, продюсерлерге құрбысын да алуды ұсынған. Никольдың табандылығының арқасында Наоми да Голливудқа табан тірейді.

"Никольдың есігі әрдайым мен үшін ашық. Ол мені құшақ жая қарсы алып, бар шерімді тыңдайды", - дейді Наоми құрбысы жайлы.

Рианна және Кэти Перри

Рианна мен Кэти Перриді қарапайым сөмке табыстырған екен. Салтанатты кештердің бірінде Кэти Рианнаның қолынан шипа шегеленген сөмкені байқап қалады: "Ең бірінші, менің байқағаным, Рианнаның қолындағы Valentino-ның шипа шегеленген сөмкесі болды және ол тамаша көрінді", - дейді Кэти Elle журналына берген сұхбатында.

"Мен сөмкесін мақтаған едім, ал РиРи дәл осындай сөмкені маған сыйға тартатынын айтты. Бір аптадан кейін ол маған шынымен Valentino сөмкесін жіберді, сонда мен: Уау, бұл қыз уәдесіне берік жан екен деп ойладым".

Айта кететіні, Кэтидің Рассел Брэндпен некелесуі алдында қыздар кешін дәл осы Рианна ұйымдастырған болатын, сонымен қатар ажырасқан соң да жұбатқан өзі болды.

"Бұл салада Кэти сияқты адамдарды таппайсыздар", - дейді Рианна құрбысы жайлы.

Райан Рейнольдс және Сандра Баллок

Әйел мен еркек арасында достық болмайды деп кім айтты? Бұған дәлел — Райан Рейнольдс пен Сандра Баллок. Актерлердің айтуынша, олар өте жақын достар, араларында ешқашан сезім болған емес. Олар Баллок үшін қиын-қыстау уақытта – Джессон Джеймспен ажырасып жатқан кезінде танысқан. Райан сол кезде актрисаға демеу болған. Кейін "Ұсыныс" (2009) картинасында бірге ойнап, достықтары нығая түсті.

Сальма Хайек және Пенелопа Крус

Сальма мен Пенелопа бір-бірін өте жақсы түсінеді. Сальма Пенелопамен достығы жайлы былай дейді: "Дос – бұл бір жан және екі дене" деген сөз біз жайлы".

Олар әңгімелесу үшін бір-біріне жиі хабарласып тұрады. Пенелопа "Бандиткалар" фильмінің түсірілімін жиі еске алады. Түсірілім барысында ұшақ бірге тұрған қос құрбыға құлап кете жаздайды. "Біз сонда әрең аман қалдық", Дәл сол сәтте "егер өлсем, жақын құрбыммен бірге өлемін" деп ойладым", - дейді Пенелопа.

Леонардо Ди Каприо мен Тоби Магуайер

Леонардо ДиКаприо мен Тоби Магуайер "Бұл баланың өмірі" фильмінің түсірілімінде, 1993 жылы танысты. Кейін бірнеше біріккен жобаларда өнер көрсетті: "Розанна", "Кафе "Донс Плам", "Ұлы Гэтсби". Достар бірге демалғанды, матчтарға бірге барғанды және спорттық ойындарды ойнағанды жақсы көреді.

Брэдли Купер мен Джерард Батлер

Жігіттер бірге көңіл көтергенді ұнатады. Әсіресе теннис чемпионаттарын бірге тамашалағанды жақсы көреді. Купер мен Батлер бір фильмге түсуді армандайды екен: "...комедияда немесе боевикте. Бірақ егер соңғысы болса - онда жау болсақ деймін, бір-бірімізді әбден қинап алатын едік" - деседі екі дос.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/304092-dostygyna-berik-gollivud-zhyldyzdarynyn-esimderi-belgili-boldy/