Атақты асабалар: кім қанша сұрайды?
Жарияланған күні:
Той десе ішкен асын жерге қоятын қазақ, барын тек тойға шашқан. Сәнді мейрамхана, керемет жайылған той дастарханы ешқашан назардан тыс қалған емес. Әсіресе тойшыл қаумынын басты назары тойдың сәні мен мәнін келтіретін асабада болатыны белгілі.
Осыған орай Алаш айнасы қазақ тойларында ойып тұрып орын алатын асабалар тізімін ұсынады.
Ең бастысы асабаның мәдениеті жоғары, сауатты әрі қарапайым болғаны жақсы ғой. Кейбір "жұлдыз ауруынан" айыға алмаған асабалар той иесін, той қонақтарын менсінбей мұрындарын шүйіріп, "өзім білемге" басып жатады.
Сондай-ақ өздерін танымал әрі сұранысқа ие санайтын асабаларда ізденіс азайған секілді, ешқандай жаңалық жоқ. Қайта 5000 доллар емес, 500-1000 долларды қанағат етіп, той басқарып жүрген қарапайым асабалардың ізденісі, кішіпейілдігі жақсырақ па деген ой келеді.
Той жасар кезде бәріміз жанталасып жақсы тамада іздейміз. Бірақ біз көбіне асабаны танымалдығына қарап бағалап жатамыз. Сонда қазіргі танымал асабалар кімдер?
Тұрсынбек Қабатов – қазақстандық белгілі актер, КВН әртісі, "Әзіл әлемі" әзіл-ысқақ театрының жетекшісі қазақ тойларында ең үлкен сұранысқа ие асаба. Оның қаламақысы құпия. Бірақ 5000 доллардан кем емес дейді білетін жұрт. Тұрсынбек Қабатовтың айтуынша, ол асабалықтан үлкен сахнаға келген.
Нұржан Төлендиев – сахнаға шықса, жұртты қыран-топан күлкіге қарқ қылатын сатира актеры. Ол "Алдараспан" сатира театрының директоры. Нұржанның айтуынша, ол театрын қаржыланджыру үшін тойларды басқарып асабалық етеді. Нұржанды тойға шақырушылар жарты жыл бұрын тапсырыс береді екен.
Асылбек Боранбаев – белгілі актер, "Тамаша" әзіл-ысқақ отауының бас режиссеры. Ол той бизнесінде 20 жылдан астам уақыт асабалық етіп келеді. Оның айтуынша асабалық актердың жұмысына ешқашан кедергі келтірмепті.
Рахман Омаров – Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрның актеры. Ол да көп жылдан бері қосымша асабалықпен айналысады. Рахман Омаров асабалықтың пайдасы көп, зияны жоқ дейді. Ол өзін мәдениетті асаба деп есептейді. Рахман Омардың қаламақысы 2000-3000 доллар көлемінде.
Жанатбек Бәйтеков – "Тақия мен мафия" театрының актеры, тележүргізуші, асаба. Той басқару қызметі үшін шамамен 3000 доллар ақы сұрайды.
Ерлан Біләл – белгілі актер. Жоғары мәдениетті, салиқалы асаба ретінде көпшіліктің сүйіспеншіліген бөленген асаба Ерлан элиталық тойларға жиі шақырылады. Қаламақысы да жаман емес, 3000-5000 доллар.
Азамат Сатыбалды – драма актеры. Танымалдығының арқасында асабалық етуге тойларға жиі шақырылады. Азаматтың айтуынша актер үшін той жүргізу оп-оңай. Ол асабалық қызметі үшін өте көп қаламақы алады екен. 5000 доллар шамасында.
Талант Арғынғали – ақын, оның өлеңдеріне талай сазгер ән жазып, белгілі әншілер орындап жүр. Сондай-ақ Талант асабалық қырымен де көпшілікке танымал. Ол асабалықты табыс көзі ғана емес, өнер деп есептейді.
Ринат Зайытов – айтыскер ақын. Ол халыққа өзінің от ауызды, орақ тілді ақындығымен ұнағандықтан Ринатты да халық тойын басқаруға жиі шақырады. Оның тойдағы табысы 3000-5000 доллар шамасында екен.
Қанат Әлжаппар – аузымен автоматтың дыбысын салу арқылы сахнада танымалдыққа ие болған әзілкеш Қанат Әлжаппар да сұранысқа ие асаба. Қаламақысы той иесімен келісіледі.
Олжас Сыдықбеков – белгілі пародист, актер, журналист, асаба. Белгілі адамдардың дауысын салу арқылыжұртшылықтың көңілінен шыққан Олжас тележүргізушілікпен қатар асабалықты алып жүреді. Қаламақысы 2000-3000 доллар.
Біз атаған асабалар көбінесе Алматы, Астана, Шымкент қалаларында тойларды жүргізеді. Олардың қаламақысы да осы қалаларға лайықталған.
Сондай-ақ бұл асабалардың барлығы дерлік әкім-қаралардың, шенеуніктердің, танымал адамдардың тойларын, яғни элиталы тойларды жүргізеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/337845-atakty-asabalar-kim-kansha-syrajdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.