Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Той-бизнестегі топ ондыққа кіретін әншілердің райдері

Опубликовано:

Свадьба
Иллюстративное фото: Pixabay.com

Дәл қазір той-бизнестің көшін бастап тұрған әншілеріміздің райдері қандай? Олар басқа қаланың тойханасында ән салу үшін қандай талаптар қояды? Бұл сұрақтардың жауабын назарларыңызға Kerekinfo.kz сайты ұсынады.

Жұлдыздарды тойға шақыру үшін "ақшасын төлесек болғаны" деп ойласаңыз, қателесесіз. Олардың сыйақысымен қоса, "еркеліктерін" де көтеру керексіз.

Дженнифер Лопес секілді "тек қана ақ түсті жиһаздар мен ақ раушанға толы қонақ үй бөлмесін", Бритни Спирс сияқты "қонақ үй қызметкерлерінің бәрі ақ түсті киіммен қарсы алғанын, өзі ертіп жүретін бас аспазының ғана тамағын" сұратпаса да, Қазақстан әншілерінің өзіндік талаптары бар екен.

Күн сайын әр қаланың тойын қыздыратын, қызу сұраныста тұрған райдерлі әншілеріміздің ондығын назарларыңызға ұсынамыз. Ақпарат әншілердің өзінен, продюсерлерінен және администраторларынан алынды.

1. Асхат Тарғын

Талапшыл жұлдыздар ондығын "Мария Магдалена" хитін орындаушы Асхат Тарғын бастап тұр.

Асхатты тойыңызда көрем десеңіз, ұшақтың бизнес класынан орын әперіп, S-класcты көлікпен қарсы алып, әппақ төсегі бар бес жұлдызды қонақ үйге орналастыру керексіз. Бөлмесінде шоколад, жеміс-жидек және газсыз су міндетті түрде болу керек.

2. Қайрат Нұртас

Қайрат: "Шетелге шықсам, райдерімді аямастан үйіп-төгемін. Өз елімде көп еркелемеймін", - дейді. Қайратты тойыңызда көргіңіз келсе, 7 мың АҚШ долларынан бөлек, бизнес кластың билет құны, 5 жұлдызды қонақ үйдің люкс бөлмесін, өте қымбат көліктің алып жүруін қадағалау керексіз.

Міндетті түрде бірнеше таза орамал болу керек. Қайрат қай қалаға барса да, "таныс-паныстың" үйіне бас сұқпай, тек қана қонақ үйде жатқанды жақсы көреді. Сондықтан бөлмесінің жайлы болуы — ең басты талап.

3. КешYou тобы

КешYou-дің сылқымдарының тек бизнес класпен ұшатыны бұрыннан белгілі. Әрине алты жұлдызды қонақ үйлер пайда болса, бірден соны таңдар еді.

Бұл герлз-бендті қай қалаға барса да қара джиппен алып жүру — ең басты да, ерекше райдері.

4. Қыдырәлі мен Қарақат

Бұл жұп тек бизнес класспен ұшып, бес жұлдызды қонақ үйге қонып, қымбат көлікпен алып жүргенге үйреніп қалған. Тойға тапсырыс алмас бұрын тойхананың аппаратурасын тәптіштеп сұрап алады.

Өздерімен бірге микрофондарын алып жүреді. Ерекше райдері: тойхананың тым биік болмауы.

"Тойхана өте биік болған сайын акустика нашарлап, дауыс шашырап кетеді, ән дұрыс шықпайды", - дейді Қыдырәлі.

5. Бүркіт пен Аиша

Міндетті түрде ұшақтың бизнес классындағы орын, міндетті түрде 5 жұлдызды қонақ үй. Ұшақтан түскенде қымбат көлік күтіп тұруы керек.

Тойхана емес, тойдағы адамдардың саны өте маңызды: адам аз болған сайын Бүркіт пен Аиша алатын сыйақы құны қымбаттай береді.

"Адам азайған сайын олармен жұмыс істеу, көңілін көтеру қиындай береді", - деп түсіндіреді Бүркіт.

6. Айқын

Ұшақтың бизнес класымен ұшпаса болмайды. Қонақ үйдің жұлдызы маңызды болмаса да, таза отельдің люкс номерінде жату өте маңызды. Қымбат болмаса да, құнарлы, дәмді тамақтан 3 мезгіл нәр алу керек.

Қай қалада болса да, үнемі көмекшісімен жүреді. Ерекше райдері: жанды дауыспен ән айтатындықтан дауыс колонкалары 3 кВт-тан төмен болмауы керек.

7. Ақылбек Жеменей

Ақылбек тек қана бизнес класспен ұшады. Қымбат көлікпен қарсы алып, бес жұлдызды қонақ үйге жайғастыру керек. Жанында үнемі көмекшісі жүретіндіктен, оның да шығындарын көтеру міндет.

Музыкалық аппараттардың сапалы болғаны да өте маңызды. Осының бәрін орындап, 5 мың АҚШ долларын төлесеңіз, Ақылбек Жеменей тойыңызда антрактіге дейін болады.

8. Айгүл Иманбаева

Ұшақ билетінің классы (бизнес/эконом) міндетті емес, бірақ, Air Astanaмен ұшқанды қалайды. Қонақ үйдің люкс номері, тазасы, қолайлысы болу керек. Көбіне әр қаладан өзі ұнататын қонақ үйді таңдауға тырысады.

Айгүл өте-өте тоңғақ адам болғандықтан жататын жердің жылы болуын қадағалайды. Әрине қымбат көлікпен қарсы алу керек.

9. Серік Ибрагимов

Серік те дәл Ғалымжан сияқты ұшақтың эконом класымен де, ұсынып жатса, бизнес класымен де ұша береді. Күтіп алушылардың Жигули сияқты көлікпен келмесіне сеніп, "мынадай машинамен қарсы алыңдар" деп те айтпайды.

Қонақ үйдің таза болуын ескерткенімен, жұлдыздарының санына бас ауыртпайды. Алайда Серік жанынан администраторын тастамайтындықтан, жол шығындарының бәрі екіге көбею керек.

Серіктің қояр ерекше райдері: ән арасында қолындағы аспабымен, яғни, саксофонымен әуен тартатындықтан микрофонның тіреуіші болуы шарт.

10. Ғалымжан Молданазар

Әнші Ғалымжан тойға шақырса, ешқандай талаптар қоймайды екен. Мұны той-бизнестегі тәжірбиесіздігі дегеннен гөрі, тым қарапайымдылығы деген дұрысырақ болар.

Ғалымжан үшін ұшақтағы орнының қай классқа жататыны маңызды емес, діттеген жерге жетсе болғаны. Қонақ үйдің де жұлдызын санап әуре болмайды, тамақтың да ұсынылғанын жейді.

Үнемі тек жанды дауыспен айтатындықтан, микрофонның сапалы болғанын қадағалап отырады.

Тойға шақырушыға айтар бір ғана талабы бар: тапсырыс беруші жақын танысып, жақсы араласу үшін Молданазарды әңгімеге шақырып, мазасын алмауы керек. Жалпы ешкім тиіспегенін қалайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/832103-toy-biznestegi-top-ondyqqa-kiretin/

pixel