Танымал тележүргізуші Майя Веронская ұлын қазақша тәрбиелейді
Жарияланған күні:
Қазақ тілінде бұлбұлша сайрайтын жүргізуші Майя Веронская осы қабілетімен халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Бірақ, телевизия аруының қазіргі жетістігі әкесінің бір сәттік шешімі мен ерен еңбектің нәтижесі екенін жұрт біле бермейді.
NUR.KZ Comode.kz-ке сілтеме жасап, тележүргізушінің өміріндегі қызықты жайттармен бөлісіп көрмек.
Майя Веронская ұлты орыс отбасында дүниеге келіп, жастайынан Алматының орыстілді ауданында өскен. Бір ауыз қазақша білмеген қаршадай қызды қазақтілді мектепке беру Майяның әкесі Владимир Останиннің шешімі болған.
Майяны анасы 40 жасында босанып, жас нәресте әкесінің 50-ді алқымдаған шағында дүние есігін ашқан кенжесі екен. Сондықтан әкесі - Веронская үшін өміріндегі ең қымбат жан, ол қуанышы мен қайғысын әлі күнге дейін әкесімен бөліседі.
"Біз жанұямызда төрт баламыз. Мен - ең кенжесімін, сондықтан болар, ата-анам мені ерекше мейіріммен тәрбиеледі. Балалық шағымның әр сәті есімде, әкем жұмыстан келген соң, екеуіміз серуенге шығатынбыз. Панфилов-Киров көшелерінің қиылысында тұратын "Аққу" атты кафеге жиі баратынбыз", - дейді Веронская әңгімесінде.
Үлгілі отбасының барлық мүшесі спортпен айналысқанды ұнатады. Олар апта сайын тауға барып, үйде отыруды білмейтін. Анасының арқасында, Веронская тау шаңғысымен сырғанауды ерте игерген.
Майяның әкесі Веронскаяны 5-сыныпта қазақ мектебіне ауыстырған. Қазақ тілінде бір ауыз сөз білмейтін қызға бұл жайт қиынға соғып, әбігерге түсіреді. Бірақ, әкесі қызының оқуына ешқандай қаталдық танытып, салмақ түсірмеген. Майяның қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі өздігінен туындаған.
"Қай жерде кіндік қаның тамса, сол елге қызмет етуің керек. Сол үшін Майяны қазақ мектебіне бердім. 40 жылдың ішінде сол мектепте екі орыс қызы ғана оқыған. Соның бірі - Майя", - дейді Владимир Останин.
Ал Веронская алғашқы кезде қазақ тілін түсіну қиын болғанын алға тартады. Шарасыз қыз мектеп оқулықтарының орысша нұсқасын да алып, екі кітап көтеріп жүруге мәжбүр болған.
"Әкем мені қазақша оқы деп қинаған жоқ. Жай келді де, барғың келсе, көмектесем деп айтты. Мен қарсы болмадым", - дейді Майя Веронская.
Майяның пайымдауынша, қазақ тілінде сөйлеуге ешкімді күштей алмайсың. Өзі де бала кезінде қиналып, оған әкесінің тәжірибесі аздық етіп, шығарма жазу үшін Владимир Останин қазақ достарынан көмек сұраған көрінеді.
Веронская өз ұлын да қазақ балабақшасына берген. Бірақ бүлдіршін қазақшаға енді ғана жаттығып келеді. Тележүргізуші баласының үлгерімін күндіз-түні қадағалап отырады, өйткені, орыстілді ортада жүрген ұлының тілі басында орысша шыққан. Бұған себеп, бүлдіршін көп уақытын әжесінің қасында өткізген.
"Балаларыңызды қазақ мектебіне беріңіздер деп айта алмаймын, бірақ, Қазақстанды жаныңызбен жақсы көрсеңіз, болашағыңызды осы мемлекетпен байланыстырсаңыз, балаңызды шетелдік азамат секілді тәрбиелемеңіздер", - деп кеңесін берді Веронская әңгіме арасында.
Веронская үйге келгенде, ұлымен тек қазақша сөйлеседі. Тележүргізуші баласының қазақша сөйлей алмаса да, бәрін түсінетінін айтады. Майя болашақта ұлын қазақ мектебіне беретінін де жасырмады.
"Қазір орыс ұлтты ата-аналар орыстілді мектептерде бірнеше пәннің қазақ тілінде жүргізілетініне бастары қатады. Бірақ бұл дұрыс. Қазақстанда тұрады екенсің, қазақша білуің керек. Онсыз да теледидар мен радиодағы бағдарламалардың басым бөлігі орыс тілінде, балалар орыс тілін ұмытып қалмайды, екі тілді білген абзал", - дейді Веронская.
Бүгінде Майя Веронскаяның ата-анасы қызының қазіргі жұмысын мақтан тұтады. Олар Майяның жүргізетін әрбір хабарын қалт жібермей қарап отырады. Тележүргізушінің кей қателіктерін өзіне айтып, ескертіп отырады екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/923294-tanymal-telezhurgizushi-mayya-veronska/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.