RU

Қазақстандық әртістер өзінікі санайтын әндерді кімнен ұрлаған

Өзге авторлардың әнін өзінікі деп ұсынатын әртістер әлемдік сахналарда да кездеседі. Әншілер мұның шығармашылық ұрлық екенін жақсы білсе де, автордың рұқсатын алып, туындының түп нұсқасына сілтеме жасайтындар өте сирек. Қазақстандық өнер өкілдері де көрші ұлттардың әнін көшіріп айтады. NUR.KZ түпнұсқасы басқа танымал әндерді назарларыңызға ұсынады.

Тыңдармандар ұзақ уақыт бойы әнші Санданың "Асқақ арманым" әнін  швед орындаушысы Bosson-ның One in a million туындысына ұқсатты. Ал шын мәнінде Ерік Тастамбековтың шәкірті шырқайтын ән Иса Омаркуловтың"Суйуу жазы" әнінің баламасы болып шықты.

2012 жылы қазақстандық әнші Марсель "Асыл жаным-ай" әніне бейнебаян түсірді. Ал Марселден үш жыл бұрын оның қырғыз әріптесі "Кундор жанырат" туындысының тұсауын кескен болатын.

"Қимадың" әнінің тұсаукесер салтанатында Ділнәз Ахмадиева мен Мақпал Исабекова тыңдармандарға жаңа туынды алжирлық Zaho есімді әншінің Dima атты әнінің қазақстандық нұсқасы екенін жарыса жеткізді.

Әлішер Кәрімовтың "Келемін саған" әні түпнұсқасында түрік әншісі Gülben Ergen-нің  орындауындағы Bay Doğru әні.

Кенталдың "Халқым" туындысына қатысты YouTube желісінде қазір ғана kz version деген белгі пайда болды. Ал ән жарыққа шыққан алғашқы күндері тыңдармандар туындыны  Noha чех тобының  "Tu Cafe" әніне бірден ұқсатқан болатын.

Бүркіт пен Аиша бірнеше шетелдік әнді шырқап жүр. Әртістер мұны еш жасырмай, көшіріп алған туындыларының авторларын ел алдында жария етеді. Бұл қатарға "Бәрі жақсы болады" (Andrea Sahara -Iskam teb),  Титтей (Galena feat. Costi - Chik Chik) және "Тау тау сезім" (Аndrea feat. Costi - Neblagodaren) әндерін жатқызуға болады.

Өз кезегінде өзбек әншісі Farruh Komilov Бүркіт пен Аишаның "Тау Тау Сезім" әнін өз мақамына салып шырқады.

Қайрат Нұртастың орындауындағы "Сұранамын" әні қазақ тойларының ғана сәнін келтіріп жүрген жоқ. Кейіннен белгілі болғандай, үш жыл бұрын қырғыз музыканты Мирбек Атабеков "Сұранам" атты туындысын жарыққа шығарды.

Өткен жылы Нұрлан Еспанов жас әнші Индира Елемеске "Тыңдашы Әнімді" туындысын жазған еді. Бірақ, жаңа ән өзбек әншісі Согдиананың "Синее небо" трегінен аумай қалған.

28 жастағы армян әншісінің Pregomesh әні "Кеш You" тобының "Ризамын" әнінен бір жыл бұрын жарыққа шыққан. Отандық топтың бейнебаяны ғаламторда пайда болған соң, ғаламтор қолданушылары қазақстандық өнерпаздардың жұмысы көшірме екенін бірден таныды.

2011 жылдың хитіне айналған Бейбіт Қорғанның "Шоқ қыздар" әні бірнеше елге таралып кетті. Аталмыш композицияны өзбек, қырғыз, ресей, парсы, армян және татар әншілері қайталап шырқады.

Ал шын мәнінде әннің авторлық құқығы қырғыз әншісі Иляз Абдыразақовтың меншігінде.

2005 жылы K-POP жанкүйерлері Ringo тобының  "Ғашықпын" әнін қуана қабылдады. Себебі, жаңа туынды кәрістің 1TYM тобы орындайтын "Without You" трегін еске салады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/937730-qazaqstandyq-artister-oziniki-sanay/