Қазақстандық жұлдыздарды киіндіретін атақты дизайнерлер (фото)
Жарияланған күні:
Соңғы уақытта Қазақстанның эстрада жұлдыздары, атақты жүргізушілер, кәсіпқой қыз-келіншектер көптеген шараларда отандық дизайнерлердің киім үлгілерін кие бастады. NUR.KZ биік жетістіктерге жеткен қазақстандық сәнгерлерді назарларыңызға ұсынады.
Бүгінде отандық жұлдыздар шетелдік D&G, Louis Vuitton, H&M брендтерінің орнына Ая Бапани, Аида Қауменова, Айгүл Қасымова және Динарa Абдуллина шығарған киімдерді кигенді қалайды.
Тынымсыз еңбектің арқасында отандық сәнгерлер қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық ою-өрнектерінің әлдеқайда тартымды екенін дәлелдеді.
Сән әлемінде ерекше көзге түсетін және әртістерден тапсырысты көп алатын дизайнерлердің бірі - Аида Қауменова. Шетелдік әріптестерімен бірлесіп жұмыс жасайтын қазақстандық сәнгер әлемдік деңгейде мықты бәсекелеске айналды. Сәнгер өзге елдерде Aida KaumeNOVA маркасымен брендті киімдер шығаруда.
Әнші Майра Ілиясова Аида Қауменованың көйлектерін сахнада да, демалыста да киіп жүреді.
Сәнқой тележүргізуші Динара Сәтжан да Қауменованың туындыларына жиі жүгінеді.
Музыкалық продюсер Бағым Мұхитденова мен "Лашын" тобы да Аида Қауменованың қолынан шыққан киімдермен өнер көрсетеді.
Белгілі продюсер Баян Есентаева сәнгердің "музасына" айналған.
Әйгілі дизайнер Ая Бапани қазақстандық фэшн-индустрияға жаңа леп әкеліп, зор үлес қосуда. Сәнгер өнерге деген талабын әкесі Әлібай Бапановпен байланыстырады.
"Киізден жасалып, қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен сәнделген топтамадағы әрбір туындым оның иегеріне қазақи рух беріп, кең-байтақ қазақ даласының күшін сезіндіреді", - дейді дизайнер Бапани.
Әнші Мақпал Исабекова - Ая Бапанидың көйлегін ұнататындардың бірі.
Ал кейінгі кездері эстрада жұлдыздарының киім үлгісін дайындап жүрген сәнгер Динара Абдуллина ел назарын өзіне жиі аударады. Дизайнер қолмен киізден гүл жасап, сетканың үстіне тіге отырып, кез келген шайы көйлектің үстіне кие беретін жейде жасайды.
"Тек біздің дизайнерлер "қазақ қызының" өлшемдерін дұрыс жасай алады. Қандай болмасын, олардың киімдерінен әр аруға лайықтысын табуға болады", - дейді тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Samidel сән үйінің иегері Динара Абдуллина жайында.
"Кешью" тобының соңғы образдары дизайнер Динара Абдуллинаның қолынан шығып жүр.
Әнші Мөлдір Әуелбекова Роза Рымбаеваның мерейтойлық кешінде сәнгер Абдуллина әзірлеген көйлекте халық алдына шықты.
Сән өнеркәсібінде өзіндік қолтаңбасы бар Берік Ысмайылов көбіне Роза Рымбаеваның сахналық киімдерін дайындайды. Бірақ, жас әнші Абай Бегей де Ысмайыловтың қолынан шыққан пиджактарды ұнатады.
Танымал әртістер Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаева Берік Ысмайыловқа жиі тапсырыс береді.
Дизайнер Құралай Нұрқаділованың сән үйіне келуді Қарақат Әбілдина әдетке айналдырған. Әншінің айтуынша, Алматыға келген сайын ол Нұрқаділованың көйлектерін сатып алмаса, көңілі көншімей тұрады екен.
Камила Кұрбанидің қазақстандық сән сахнасына келгеніне небәрі 2 жылдай болды. Осы уақыттың ішінде ол сән әлеміне өзгелерге ұқсамайтын ерекше стилін ұсына білді.
Екпінді гламурға емес, керісінше unisex пен casual стиліндегі еркіндікке түсіретін Камиланың тұтынушылары - еркін ойлайтын, өзінің ерекше қайталанбас стилімен көзге түсетін кәдімгі қала тұрғындары.
2011 жылдан бері отандық сән әлеміне қадам басқан ZhSaken брендінің негізін қалаушы Сәкен Жақсыбай отандық жұлдыздардың арасында жоғары сұранысқа ие. Өрнектеудің хас шебері киімдерін тігуде барқыт, жібек, шілтер және шифон маталарын қолданады. Оның барлық киімдері сапалы, әрі бағасы қолжетімді.
"Қазақтың шапаны мен киіз бұйымдарын жаным сүйеді. Оны да ұтымды қолдана білу керек. Сонда ғана стильді әрі ұлттық болмысты айқындайтын киімді өндіруге болады", - дейді Сәкен.
Сән десе, ішкен асын жерге қойған сән саласының майталманы Балнұр Асанова жуырда өткен Мәскеу сән апталығында әлемдік бестікке кіреді. Сәнгер SilkWay- 2016 авторлық коллекциясын ұсына отырып, сән үлгілеріне 3D маталарын қолданған.
Сән әлемінің жас шеберлерінің бірі Наиль Байкүшіков сәнді де жарасымды киім үлгілерін танымал әртістерге ұсынып жүр.
Жақында өткен Роза Рымбаеваның шығармашылық мерейтойы қарсаңында Наиль Мақпал Исабековаға, Роза Рымбаеваға, Мәдина Сәдуақасоваға, Ділнәз Ахмадиеваға арнап көйлек тіккен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/940232-qazaqstandyq-zhuldyzdardy-kiindireti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.