"Алладан сұрадым": Ақтауға арнайы барған Димаш Құдайберген ерекше жанның арманын орындады (видео)
Жарияланған күні:

"Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы" жылының ашылу салтанатына арнайы келген әнші Димаш Құдайберген айтулы шарадан кейін ерекше жанның арманын орындады. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Димаш салтанатты шарадан кейін 23 жастағы мүмкіндігі шектеулі жанмен кездескен. Оның көптен бергі арманы сүйікті әншісімен жүздесу болған.
"Сенімен кездесуді кішкентай кезімнен армандадым. Алладан сұрадым. Сол әніңді тыңдап белім жақсы болып келе жатыр", - дейді ақтаулық тұрғын.
Димаш Ақтаудағы гала-концертте "Махаббат бер маған, тағдыр" әнін қосылып шырқаған фанатының видеосын кездейсоқ көріп қалған.
"Сенің видеоңды бүгін шығар алдында көріп қалдым. Ағаларымызға рақмет, өтінішімді жерге тастамай, бауырымды тауып беріп, ұшар алдында кездесу ұйымдастырды", - дейді әнші.
Кездесу барысында Димаш өзіне тілеулес болып, өнерін қолдап жүрген жанға алғысын айтып, естелікке білезігін сыйға тартқан.
Сондай-ақ жас жігіттің анасына гүл шоғын тарту етіп, жылы лебізін білдірген.
"Ұлым көптен бері Димашпен кездесуді армандады. Арманы орындалды. Ұлымның қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Димашқа аналық алғысымды айтамын", - дейді ақтаулық тұрғын.
Кездесу соңында Димаш пен фанаты "Махаббат бер маған, тағдыр" әнін бірге шырқаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/career/2233631-alladan-suradym-aqtauga-arnaiy-bargan-dimash-qudaibergen-erekshe-zhannnyng-armanyn-oryndady-video/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.