Ресейде Нұрлан Сабуровтың концерттері өтпей қалды
Опубликовано:
Ресейдің Обнинск қаласында қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровтың концерті өтпей қалды. Оған техникалық жағдайлар себеп болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
8 желтоқсанға жоспарланған концерттің өтпейтіні туралы сегізіне қараған түні ВКонтакте желісінде хабарланды.
"8 желтоқсан күні сағат 20:00-де "Ғалымдар үйінде" әйгілі әзілкеш Нұрлан Сабуровтың концерті өтуі тиіс еді. Алайда концерт техникалық себептерге байланысты өтпейтін болды. Шара кейінге қалдырылады ма, әлде мүлдем болмайды ма әзірге белгісіз. Жақын арада мән-жайды білеміз деп үміттенеміз", - делінген хабарламада.
Обнинск қаласының әкімшілігі желіде жағдайға қатысты пікір білдіріп, "Ғалымдар үйінің" өкілдері ұйымдастырушыға шараны кейінге қалдыру туралы хат жібергенін хабарлады. Ресми жауап алынған соң, көрермендерге нақты ақпарат беріледі.
Бұған дейін әзілкештің Нижневартовск қаласындағы концерті де өтпей қалды. Шара 29 қарашада өту керек еді. Алайда жергілікті мәдениет үйі Telegram-каналында концерттің өтпейтінін хабарлаған болатын. Ол кезде ғимаратта техникалық ақаулар болған.
Нұрлан Сабуровтың өзі бұл жағдайларға қатысты пікір білдірген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/scandals/2318069-reseide-nurlan-saburovtyng-kontsertteri-otpei-qaldy/