RU

Аты дардай суретшілер мен мүсіншілер Қазақстан суретшілер одағынан қуылды

Қазақстан суретшілер одағы ұйымға мүшелік жарна төлей алмаған  суретшілер мен мүсіншілерді одақтан шығару туралы шешім қабылдады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Қазақстан суретшілер одағының жеке сайтында: «Қазақстан суретшілер одағы басшылығының шешімі бойынша 03. 12. 2015 жылдан бастап Суретшілер одағының жарғысын орындамай, мүшелік жарнаны бір жылдан артық уақыт төлемеген төмендегі азаматтар одақтан шығарылсын» делінген.

Басшылықтың мәліметінше, аталған шеберлердің алды мүшелік жарналарын 3 жылдан 12 жылға дейін төлемеген. Мәселенің мән жайын білмек болып, Суретшілер Одағы Басқармасының төрағасы, Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байтұрсын Өмірбеков Есжанұлына хабарласқанымызда былай деп жауап қайтарды.

«Суретшілер одағына мыңнан астам бейнелеу өнерінің шеберлері мүшелікке кірген. Біздің ішкі жарғыға сай әр одақ мүшесі жылына 2400 теңге жарна құюы қажет. Ол қаражат ұйымның жұмысына ғана жұмсалады. Сондай үлкен сома да емес қой. Қара тізімге енген суретшілерге талай рет ескерттік. Біз оларды қинап одаққа кіргізбедік, өздері арыз жазып, төлеп тұрамын деген соң ұйымға қабылданған еді. Енді одақтың шешімімен ол кісілер ұйымнан шығатын болады», - дейді Байтұрсын Өмірбеков.

Басшысының сөзінше, қара тізімге енген шеберлердің ішінде профессорда да, аты ТМД–ға танымал шеберлер де бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1006136-aty-darday-suretshiler-men-musinshiler/