RU

Салтанат Байқошқарованы "бала керек кезде ақшаға жасатып алатындардың" әрекеті толғандырып қойды

Неге бүгінде тұрмысқа шыққан қыздардың бала көтеруі төмендеп кетті? Неліктен кей отбасылар 1-2 баламен шектелуде? Бедеуліктің басты себебі неде деген сауалдарға биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова жауап берді деп жазады Ойшоғыр басылымы.

"Ұрпақсыздық мәселесі үлкен қайғы. Көпшілік: «Медицина дамыған, бала керек кезде ақшаға жасатып аламыз» — деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Бірнеше жыл бойы төсек қатынасынан бала болмаған жағдайда, тексеріліп емделу керек. Ол тек қызға байланысты емес, жігітке де байланысты мәселе. Көбіне бедеулік қабыну процесінен болады. Ол суық тигізуден, жыныстық қатынаспен берілетін неше түрлі инфекциялардан, дұрыс тамақтанбаудан, ішімдік ішуден, темекі шегудің әсерінен де болуы мүмкін. Денсаулық сақтау ұйымдарының қорытындысы бойынша мұндай аурудың 50 пайызы адамның өзіне байланысты екен. 20 пайызында экологиялық факторлар, яғни қоршаған ортаның, ішіп жатқан суымыздың, жеп жатқан тамағымыздың әсері. Келесі 20 пайызы ол гинетикалық факторларда, яғни сіздің ағзаңыз қандай ауруға бейім соған байланысты. 10 пайызы ғана дәрігерге байланысты екен. Сондықтан, бедеулік бұрынғыдан да қиындап кеткен мәселенің бірі болып отыр", - дейді Салтанат Байқошқарова.

Сонымен қатар маман жыныстық қатынасқа ерте қызығушылық танытатын жастарға деген көзқарасымен де бөлісті.

"Қазіргі кезде қыздар да, ұлдар да интернеттен неше түрлі ақпарат ала отырып жыныстық қатынасқа ерте қызығушылық танытады. Негізі қыз балаға «қырық үйден тыйым» деп бекер айтпаған ғой. Ұлды әке, қызды шеше тәрбиелеу керек. Ал қазіргі кезде бізді тәрбиелейтін кім? Ол телевидение, ақпарат құралдары. Мұның бәрі жақсылыққа емес, өкінішке қарай көбінесе жамандыққа тәрбиелеуде. Неше түрлі эротика, порнографиялық жарнамалардың барлығы адам санасына кері әсерін тигізеді. Ата-аналар қалайда нан табамыз, отбасын қалай асыраймыз деп жүріп баланың тәрбиесін ұмытып кетеді. Баланы қалай асыраймын, аяғыма тұрып алуым керек, оқуым керек, үй сатып алуым керек деп жүргенде ең керемет уақыттарды өткізіп аламыз. Сөйтіп жүріп отыздан асқаннан кейін үйленіп жататын жастар да бар. Оны әлеуметтік бедеулік дейді. Яғни, әлеуметтік жағдайды ойлаймын деп жүріп отбасылық мәселеден алыстап жатады. Қыз баласының бала көтеруінің ең жақсы кезеңі 18-20 жас аралығы. Әйелдің мүмкіндігі 40 жастан кейін мүлдем төмендейді, 35 жастан бастап құлдырай бастайды, ал 45 жастан кейін бала көтеретін әйел кем де кем. 20 жастағы қыз баланың бір айда бала көтеру мүмкіндігі 15-20 пайыз екен. 30 жаста 10 пайыз, 40 жаста 5-ақ пайыз", - дейді ол.

Сұхбат барысында Салтанат Байқошқарова маман ретінде қыз баланың негізгі мақсаты уақытында тұрмысқа шығып, уақытында ана болу керек екенін де қадап айтты.

"Мен өткенде жапондардың қызды қалай тәрбиелейтіні туралы бір мақала оқыдым. Жапон қыздарын әкелері өте қатал тәрбиелейді екен. Өйткені, ертеңгі күні оған күйеуімен тұру жеңіл болады. Күйеуінің мінезі ашулы, қаталдау болса үйіне қайтып бара қоймайды. Бұрын қазақтың тәрбиесі де сондай болған ғой. Кейінгі кездері қыз баланы тым еркелетіп жібердік деп ойлаймын. Бір жағынан жігіттерге сенбеу деген қорқыныш та бар. Ата-аналарға кеңес ретінде айтарым қыздарының өмірін ойлайтын болса отбасы болуына кішкентайынан бастап үйрету керек. Қыз баланың негізгі мақсаты уақытында тұрмысқа шығып, уақытында ана болу", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1021414-saltanat-bayqoshqarovany-bala-kerek-k/