RU

Көшеде шемішке шаққан шымкенттік жігітке 63 мың теңге айыппұл салынды

Шымкентте 23 жастағы жігіт көшеде шемішке шағамын деп басы пәлеге қалды. Қоғамдық орынды ластағаны үшін алдымен әкімшілік сот оны бір тәулікке қамауға алған.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Артынша, полицейлерге қарсылық көрсеткені үшін тағы 63 мың теңге айыппұл салынды.

Шымкентте көпқабатты үйлердің алдында шемішке шағып отырған жиырма үш жастағы азаматқа полицейлер хаттама толтырып, ісін сотқа жолдайды. Қоғамдық ортаны ластап, құқық бұзғаны үшін сот оны бір тәулікке қамаған. Ал, құжатын көрсетпеді әрі билік өкіліне бағынбады деген екінші дерегіне қатысты дәл сол жігітке қылмыстық іс қозғалып, сот 63 630 теңге айыппұл салған. Алайда, істі қараған судья екеуі екі бөлек әрекет дегенді айтады.

"Қоғамдық орынды ластаған. Яғни шемішке шағып, соның қабығын жерге тастап жатқан кезде, құжатын сұраған кезде ол өзінің құжаты жоқ екенін айтып, оның заңды талабына бағынбағаны үшін жауапқа тартылды", - дейді Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы сотының төрағасы Низамидин Жамашев.

Ал шемішке шағу, темекі қалдығы мен ортаны ластауға қатысты қоғамда жастардың пікірі әр түрлі. Кейбірі, қамауға алу жазасы артық дегенді айтады.

Ғаламтор желісіне салынған видеода Қырғызстандағы қыздар ескертуіне мән бермей отырғаны байқалады. Көшені ластасақ, оны тазалайтын арнайы мекеме бар. Олар ақша алады деп жауап қатқан.

Жалпы сарапшы мамандар, қоғамдық орындағы тазалыққа, заң тетіктерін күшейтумен емес, сананы өзгертумен жеткен абзал дейді. Көлікпен адам өлтіріп те қамалмайтын елдегі деректердің қасында шемішке шағып қамалды деген моральдық заңға томпақ екенін айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1042321-koshede-shemishke-shaqqan-shymkenttik-zhig/