RU

Павлодарда қасқыр 9 айдан бері адамдармен бірге өмір сүріп жатыр

Павлодар қаласының тұрғындары қасқырды өлім аузынан сақтап, қолға үйретіп алды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Бүгінде жыртқыш аң облыстағы «Ахмет» спорт клубының символына айналып үлгерді. Айка атты қысқырдың адамдардың жанында өмір сүріп жатқанына 9 айдың жүзі болыпты.

Қасқыр Павлодарға келген ресейлік зообаққа тиесілі болған. Сол сәтте зообақ банкроттыққа ұшырап, аңдардың жартысы қарағандылық мекемеге берілген. Спорт клубы өкілдерінің айтуынша, Павлодарға келген зообақ басшылығы қасқырдан бас тартқан.

«Осылайша, жыртқыш Ертіс өңірінде қалып қойған. Сол кезде жағдайы мүшкіл болды. Шыны керек, оған жанымыз ашып, барынша қамқор болуға тырыстық. Оны шикі етпен тамақтандырамыз, адамдарға еш зияны жоқ», - дейді «Ахмет» спорт клубының қызметкері Дастан Раев.

Айта кетерлігі, қасқырдың санитарлық кітапшасы бар. Қазіргі таңда еліміздің бірнеше зообағы жыртқыш аңды қамқорлығына алуға ниет білдірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1051112-pavlodarda-qasqyn-9-aydan-beri-adamdar/