Отандық басылым "орыстанғандар" мен "шала қазақтарды" шатастырмауды ұсынды
Жарияланған күні:
Отандық "Ана тілі" басылымы қазақ тілінің заңдылықтарын сақтамай жүргендер туралы мақала жариялады.
Бүгінде ана тіліміздің үндестік заңдылығын бұзып сөйлеу, сөздердің соңғы буындарын қысқартып айту үйреншікті дағдыға айналғандай. Жуықта екі адамның бір-бірімен «Саламалейкум!» және оған жауап ретінде «уаликм» дегенін естідім. Ал жастар тіпті, өзбекше «салам», «Саламатсыз ба?» деп амандасып жүр. Осылайша шала қазақ тілі қалыптасуда.
Төмендегі диалогтан да бұған көз жеткізуімізге болады:
– Сен қай йаққа баратырсың?
– Жаңа дүкенге баратырмын. Сен де мемен барасың ба? Қай йақтан түсем?
– Жоқ, мен кеше бардым ғо. Автобусқа мін де, бірінші қайырылған жерден түс. Адасып атсаң хабарлас. Біздің балдар да ан ақта жүрген.
"Күнделікті өмірдегі мұндай сөз қолданыстар ешкімді таңғалдыра қоймас. Бұл біріншіден, ана тілімізге деген немқұрайлылық. Әрбір сөзді түбірімен нақты қолданғанның орнына буындарын жұтып айту, тіпті сәнге айналғандай. Шала қазақтар деп ана тілімізде таза сөйлей алмайтындарды ғана емес, тілді бұзып, осылайша қорлағандарды да айтамыз. Қазақ тілі – өте бай, құнарлы тіл. Алайда әрбір сөзімізді осылайша өзгертіп айтуымыздың өзі оның өскелең ұрпақ алдындағы қадір-қасиетін төмендететіні сөзсіз", - деп жазады мақала авторы Еркін Омар.
"Әріптері түсіп қалған сөздердің басқа сөзге айналып, өзгеше мағына беріп тұрғанын аңғару қиын емес. Ал осыны түсінетін жандар кемде-кем. Меніңше, осылай сөйлейтін шала қазақтар пайда болды. Ең өкініштісі, бұлай сөйлеу тіпті мемлекеттік мекеме басшысынан бастап, ел сыйлайтын ақсақал мен еңбектеген балаға дейін қалыптасып барады. Бала тілінің қалыптасуы бірінші кезекте отбасына байланысты болса, одан кейін ұстаздарға байланысты. Баланың сөйлеу дағдысын қалыптастыратын да мұғалімдер. Алайда соңғы жылдары балаға тіл үйретеді деген мұғалімнің өзі балалар деген сөзді «балдар» деп айтуы ешқандай қисынға келмейді. Осындай шала қазақ мұғалімдер қаншама баланың тілін бұзды. Мектеп пен балабақшадан бастап мұғалімдердің сөйлеу мәнері қатаң қадағаланса, мұндайға жол берілмес еді. Алайда қатаң талап жоқ. Ұстаздардың дұрыс сөйлеуін қадағалайтын да ешкім жоқ", - делінген мақалада.
"Бұл шала қазақ тілі барлық салада кең етек алып отыр. Шала қазақ дәрігер, шала қазақ журналист… Қаланың сыртындағы кейбір емханаларда ақ халатты киіп алып, «о йақ», «бү йақ» деп жүрген дәрігерлерді байқап жүрміз. Қазақстанда емес, Өзбекстанда жүрген сияқтысыз. Тағы бір қызық жағдай шала қазақтар сұраулы сөйлемнің орнына хабарлы сөйлемнің сөздерін қойып айта береді. Мысалы, «Ауырады ма?» Дұрысы: Ауыра ма?", - деп жазады автор.
Негізінде тілді бұзып сөйлегендерді қазақта екі топқа бөлген. Біріншісі– сақаулар болса, екіншісі– шала қазақтар.
Сақау дегеніміз–тілінде кемістігі болуына байланысты сөзді бұзып сөйлейтіндер. Ал шала қазақтар – қазақ арасына сіңген басқа ұлт өкілдерінің қазақша дұрыс сөйлей алмайтындары немесе қазақтардың жат елде өмір сүріп, өз тілін ұмытып, Қазақстанда тұрса да қазақ тілін білмейтін, білгісі келмейтін ортада өсіп, ана тілінен мақұрым қалып, дұрыс сөйлей алмайтындары.
Енді осы шала қазақтардың тілі қазақтың дұрыс тілін бұза бастады. Жергілікті тұрғындардың өздері шала қазақтарға айнала бастады. Бұлар да оларға еліктеп «не істеп отсың», «не істеп атсың», «деп атқан», «деп отқан», «айтып атқан», «кел атыр», «бар атыр» деп солардың тілінде сөйлей бастады. Біле білсек, бұл ана тіліміз үшін үлкен қасірет.
Мысалы, «Күн шығып атыр», «күн шығып жатыр» деп қазақ ешқашан айтпаған. Күн шыға бастады, шығып келеді, күн шықты дейді.
«Күн батып атыр», «күн батып жатыр» демейді. Күн батып барады немесе күн батты дейді.
"Біз орысша сөйлегендерді шала қазақтар деп жүрміз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Олар сол тілде сауатты сөйлейді, сауатты жазады. Бұлар орыстанғандар. Орыстанғандардың арасынан талай ұлы адамдар шыққан. Өкініштісі сол бұлар басқа ұлттан шықса да, орыс халқының ұлы тұлғаларына айналды. Орыстанғандар мен шала қазақтарды шатастырмау керек. Ал шала қазақтарда тіл жоқ. «Атқан», «отқан», «атсың», «отсың», «атыр», «патыр» деп әріптері түсіп қалған сөздермен сөйлейді. «Не істеп атсың», «не істеп отсың», «деп атыр», «деп атқан», «деп отқан» деп жалғаса береді. Не қазақша емес, не өзбекше емес, не орысша емес. Түсініксіз сөздер.Тілін жоғалтып алғандықтан бұлар қазақ тілінің дыбыс үндестігін де сақтамайды. Келмейсіз ба(бе),келе ма(ме),он бес па (пе),түсті ма(ме), жүрмейсіз ба(бе)", - дейді автор.
"Бүгінгі жаһандану дәуірінде ана тілімізді, ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалу маңызды. Жартымыз орысша сөйлесек, тағы бір жартысы ағылшынша сөйлесе, ал қалғаны осылай шала қазақ тілінде сөйлесе болашағымыз не болмақ?! Сондықтан тілімізді сақтап қалу, оның тазалығы мен байлығына нұқсан келтірмеу өз қолымызда. Меніңше, ең әуелі шала қазақтар өз қателіктерін мойындау қажет. Ұсақ-түйек болып көрінгенімен, әрбір сөздің бірте-бірте бүкіл ұлтты жойып жіберетіндей күші бар екенін ұмытпауымыз керек. Әрбір сөзді, әрбір әріпті орынды қолдануы жайлы қатаң талаптар қойған жөн. Сөздерді қысқартып, не әріптерін өзгертіп айтуға ешкімнің хақысы жоқ. Сондықтан елге белгілі азаматтардан бастап, мектеп мұғалімдеріне дейін дұрыс сөйлеудің үлгісін көрсету қажет", - делінген мақалада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1056893-otandyq-basylym-orystanghandar-men-sha/