Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Журналист: Қазақстанда біржыныстылардың құқығын қорғайтын заң пайда болуы мүмкін

Опубликовано:

Қазір елімізде еркекшоралар мен қызтекелердің құқығын таптамауды қазақ журналистеріне арнайы семинарларда оқытып жатыр. Біржыныстылардың құқығын таптамауға арналған семинарда болған журналист осылай деп дабыл қақты.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Енді ол жерде біржынысты адамдарды сүйіңдер, түсініңдер, олар қайғырып жүрген адамдар деп итермелеген жоқ. Тек ортамызда сондай адамдар бары жиі айтылды. Бірақ, неге қазақ журналистерінің арасында? Жеке пікірім, ерте ме, кеш пе Қазақстанда біржыныстық қатынас туралы, олардың құқығын қорғауға байланысты заңды көтеретін секілді. Ол іштен емес, сырттағы адамдардың ықпалымен қозғалады деп ойлаймын. Осы тақырыпты қабылдау үшін қазақ тілді журналистердің арасында семинар өткізіліп жатыр деген пікірдемін. Өткен жылы осы заңды Ресейге көп итермеледі. Бірақ, Ресей өз көзқарасын нақты көрсетті. Ол елде ол заң пайдаға аспай қалғасын үшінші күш соны бізге әкеліп жатқан секілді. Соған қазақ тілді журналистерді дайындап жатқан жоқ па?», - дейді журналист Ақмарал Майкөзова.

Орыс тілді республикалық басылымда жұмыс жасайтын журналист қазақ тілді журналистердің біржыныстылар тақырыбынан мүлде хабарсыз екеніне таң қалғанын айтады.

«Қазақ тілді журналистердің біржыныстылар туралы білмейтініне таң қалдым. Әрине, не үшін білуіміз керек екен деушілер табылары анық. Бірақ журналист болған соң, дін тақырыбына, немесе секталар тақырыбына, спорт, сот, медицина тақырыбына материал әзірлейсің. Спорт болған соң кем дегенде 10-15 спорт түрінен, онда кездесетін ішкі өзекті проблемаларымен таныс болуың керек. Сот тақырыбына ақпарат даярласаң да, ең құрығында үкімнің шешімнен, шешімнің қаулыдан не айырмашылығы бар екенін білуің қажет. Біржынысты қатынастар тақырыбы да сол сияқты, гейлерді педофилдерден ажыратпайтын «мамандар да» жоқ емес журналистер арасында. Сондықтан ой-өрісті кеңейткен артық етпейді»,- деді журналист.

Ол тоқсаныншы жылдарды бұзақылар жарнамалаған секілді қазір де біржыныстылардың қатары өршіп кетуі мүмкін деген пікірде.

«Бір қызығы, жиналғандардың тоқсан пайыздан астамы бұл тақырыптан хабарсыз екенін көрдім. «Азғындар» деп жатқандар да болды. «Қытайдан 25 жылдың ішінде небір тамақтар келіп жатыр, сол тамақты жеген қазақ осындай қызтеке, трансгендер болып кетіп жатқан жоқ па» дейді. Тағы біреулері оларда әйелдің гормондары қаптап кеткен, содан деген пікір айтты. Ал сол семинарға қатысқан мамандар қазақ тілді журналистерге қызтекелердің түрін айтқан кезде, әріптестерім үстелдің астына кіріп кете жаздады.Таң қалғаным, қазақ тілді әріптестерім бұл тақырыпты қабылдай алған жоқ. «Оларды не үшін айту керек?» «Біздің айтқанымыз олар үшін жарнама» деген пікірлер айтты. Айтқан сөздерінің жаны бар, кезінде «Бумер» кинофильмі шыққан кезде көп сарапшылар бұзақыларға жасалып жатқан жарнама деді. Киноның «Черный бумер» деп көпшілікті қиялдатып жібергенін білеміз», - дейді журналист.

БАҚ өкілі еркекшоралар мен қызтекелердің қай заманда да болғанын, тек оны өршітіп алмау керектігін айтады.

«Сөздің шыны керек ондай адамдар қазір де бар, бұрын да болған. Қазақ «еркекшора», «қызтеке» деген сөздерді бекерден айтпаған. Осы тақырыптағы ізденістері бар ғалымдардың пайымдауынша, ондай жағдай отбасында қалыптасады. Ол үшін әйел- әйел болып, ер адам - еркек болып қалу керек. «Еркек әйелге қарап бой түзейді» дейді қазақ, оның бар болмысы, ойы – әйелді қалай бақытты етсем ғана. Еркекті сыйламасақ, кімге ренжиміз?! Біз өткен дағдарыстан сабақ алуымыз керек. Қазір әже мен ата институтын жойып жібердік. Қазақта еркекті еркек қылатын әйел дейді, одан артық не керек?!»,- дейді Ақмарал Майкөзева.

Қиын қыстау заманда ұлттық құндылық сақталу керек. Егер әйел адам ер адам орнында болса, балаларға оны көрсетуге болмайтынын айтқан журналист бүгінгі дағдарыстың да жеткіншектердің психологиясын бұзуы мүмкін дегенді айтады.

«Бір жыныстылардың саны азайып, көбейіп отырады. Оны ғалымдар ұлттық құндылықтар жойылған кезде, әйелдердің рөлі артқан кезде қызтекелердің көбейетінін айтады. Қыз әкесін, ұл анасын жақсы көру керек. Шешесін жақсы көретін ер бала анасына көрсеткен еркелікті әйеліне де көрсетеді. Шешесін қорғаған секілді әйелін де қорғай алатын болады. "Папасының қызы" деген әкесінің мейірімін көріп өскен қыз. Әкесі қорғаштап өскен қыз бала өзіне де сондай қорған болатын адам іздейді. Отбасында тепе теңдік сақталу керек. Тоқсаныншы жылдарда әйелдер дорба арқалап кетті. Баламен айналысқан жоқ. Күйзеліске ұшыраған ер адамдар пеш түбінде жатып қалды. Біз қазір тағы да сондай дағдарыста тұрмыз. Қазір біз сол қателіктерді тағы да қайталауымыз мүмкін. Қазір әйелдер бірнеше жұмыстың басын ұстап жүр, яғни балаға қарай алмайды. Еркектер қысқартуға ұшырап жатыр. Ауытқулар осындай кезде орын алуы мүмкін. Біз қай заманда да бала тәрбиесі мен өз құндылықтарымызды жоғалтпауымыз керек», - дейді журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1058749-otandyq-zhurnalist-elimizde-erkekshor/

pixel