Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Амалбек Тшанов баладан айрылу ең үлкен қайғы екенін айтты

Опубликовано:

Амалбек Тшанов баласы Нұрғалидің рухына арнап «Тағзым» кітабын шығарды, деп хабарлайды Baistars.kz.

Экс-депутат кітаптың сыртқы мұқабасының суретін салып, баладан айрылу ең үлкен қайғы екенін жеткізді: «Ардақты ағайын, қадірлі оқырман, айналайын жастар! Міне, сіздер «Тағзым» атты кітапты көріп отырсыздар. Ойланып та, толғанып та отырған боларсыздар. Әрине әр кітап әртүрлі ой тудырады, пікір түйгізеді. Бұл кітапты мен өмірімнің нұры мен тіршілігімнің мәні мен сәні болған Нұрғалиымның рухына бағыштап шығарып отырмын. Мұндай қайғы мен мұң жалғыз біздің басымызда ғана емес, мыңдаған ата-ананың басында бар. Жүздеген жастар қыршынынан қиылып кетіп жатыр. Оның себептері мен салдары да түрлі-түрлі. Перзентінен айрылып, «ah» ұрып, аңырап қалғандардың қасіретін тек басына түскендер ғана біледі екен. «Ешкімнің де басына бермесін» деп еңірей айтылатын сөз де осыдан шығады, ағайын!», — деп жазды Тшанов парақшасына.

Бұдан кейін өзі мен баласының жас кезіндегі суреттерін салып, бұл өмірдегі жиған қазына-байлық балаңның аман жүруіне еш жетпейтінін айтты.

«Құран Кәрімде (3 сүре, 14 аят): «Адам баласы үшін әйелдер, балалары, алтын-күмістен жиналған қазыналары, сәнделген аттары, малдары мен егіндерін қызыға сүю әдемі етіп көрсетілді. Бірақ, олар – дүние тіршілігінің сәні ғана. Негізінде орынның жақсысы Алланың қасында», — деп айтылады. Тұрмысым қарабайыр деп өтірік көлгірсігім келмейді. Аллаға шүкір, өміріме берген несібем жетеді және оған қанағатпен қараймын. Нұрғалиым-Нұрым жарық дүниеден кеткен соң ғана маған мына өмір мәнсіз, мағынасыз, нұр мен сырсыз, қаңырап бос қалғандай көрінді. Әлі күнге дейін осындай жағдайды бастан кешетін сәттерім аз емес. Бірақ шүкіршілік етуіміз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Көптеген адамдар бізге сүйеніш, таяныш бола білді. Олардың барлығына да алғысым шексіз. Қыздарымның, күйеу балаларым мен немерелерімнің күлкі көмкерген кездерін көбірек көргім келеді. Шүкіршілік етіп, Нұрымды-Нұрғалиымды қайтадан көз алдыма келтіремін. «Әттең-ай, әттең! Нұрғалиым тірі жүріп, жай ғана, қарапайым күркеде, екеуміз қара суды қайғысыз ішіп отырғанда ғой…» деймін тағы да… Бірақ дүниенің бар байлығын жинап берсең де, адамның өмірін қайтара алмайсың. Адам өмірінің қаншалықты қымбат екендігі де осы салыстырудан байқалады… Суретте ұлым Нұрғали екеуміз…», — деп еске алды баласын Амалбек Тшанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1060366-amalbek-tshanov-balasynynh-rukhyna-arna/

pixel