Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бизнесін ұжымына берген адамның жомарттығына не себеп?

Опубликовано:

Ақсай қаласында тұратын бизнесмен Барлық Меңдіғазиев 40 миллион долларға бағалаған бизнесін компания ұжымына түпкілікті өткізіп берді. Азаттық тілшісі кәсіпкердің бұл жомарттығы себептерін анықтап көрді.

Батыс Қазақстан облысындағы KSS building мұнай сервисі компаниясының 46 жастағы басшысы Барлық Меңдіғазиев 2013 жылы облыс басшысы Нұрлан Ноғаевты жұрттың көзінше сынап, тіпті екі апта қамауда отырған. 2013 жылдың жазында салық инспекциясы Меңдіғазиновтің бизнесінен әлдебір заң бұзушылықтар тапқан, бірақ жанжал тез басылған.

Ал 2015 жылдың аяғында Меңдіғазиев бизнесін еңбек ұжымы иелігіне өткізіп беретінін жариялады. Компания құнын ол 40 миллион долларға бағалаған. Кәсіпкердің түсіндіруінше, оның бұл шешіміне аймақтың экологиялық проблемалары және коррупциямен күресу ниеті түрткі болған әрі ол «ұжымды қатерде қалдырғым келмейді» деп мәлімдейді. Өткен аптаның аяғында Ақсай қаласында орналасқан кәсіпорында өткізген баспасөз жиынында бизнесмен компанияны ұжым иелігіне заң жүзінде өткізіп беру процедурасы аяқталғанын жариялады. Меңдіғазиевтің сөзінше, енді кәсіпорын қызметкерлері - оның бұрынғы компаниясының толық құқылы акционерлері болып саналады.

- Бүгіннен бастап кәсіпорын 100 пайыз ұжым иелігіне өтті. Әрине, қызметкерлерге жұмыс істеген жылдарына қарай үлес тиеді. Бұдан былай мен тек жалдамалы қызметкермін, - дейді Барлық Меңдіғазиев Азаттыққа.

Кәсіпкер «бизнесмен банкрот алдында тұрған компаниясынан осылай құтылмақшы» деп сынайтындарға «компанияның ешқандай борышы, қарыз салығы жоқ» деп мәлімдеді.

НОҒАЕВПЕН ЖАНЖАЛДАСУ, САЛЫҚ ДАУЫ

Барлық Меңдіғазиевтің есімі көпшілікке Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаевты облыстың Зеленов ауданындағы туған ауылы Январцевоның іргесінен мұнай қалдықтарын көметін полигон салуды қолдады деп айыптаған кезінде, 2013 жылы танылған.

Кейін салық инспекциясы бизнесменнің кәсіпорнын тексеріп, салық төлеуге қатысты заң бұзушылықтар тапқан. Қаржы полициясы 140 миллион теңге салық төлеуден жалтарды деген айыппен кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғаған. 2013 жылы шілденің 22-сі күні Меңдіғазиевті тұтқындап, тергеу абақтысына жапқанымен, онда ұзақ ұстаған жоқ. Сол жылы қыркүйектің 5-інде Астанадағы брифингте «Атамекен» кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес басқармасы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев кеңес мүшелеріне Барлық Меңдіғазиевтен хат түскенін хабарлаған. Ошақбаевтың айтуынша, кәсіпкер хатында «қызбалыққа салынып әрі әлдекімдердің арандатуымен облыс әкіміне жалаң айып таққанына» өкінетінін мәлімдеген.

Әлгі брифингте Рақым Ошақбаев кәсіпкердің атынан «таққан айыптары мен айтқандары шындыққа жанаспайды, сондықтан ол қатты өкінеді» деп мәлімдеген.

Екі аптадан кейін ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, Барлық Меңдіғазиевті қамаудан босатқан. 2013 жылы қазанның 23-і күні сот бизнесменге 500 айлық есептік көрсеткіш (ол кездегі бағам бойынша бес мың доллардан асады) көлемінде айыппұл мен бір жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салған.

ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСҚА КӨШУ

Жуырда Барлық Меңдіғазиев қайырымдылықпен айналыса бастады. Бірақ ол «бұл – жарнама емес» дейді.

Биыл ақпанда Меңдіғазиев облыстың Январцево мен Петрово ауылдары тұрғындарына жылдамдығы жоғары ұялы интернет желісін тартып берді. Ал сәл ертеректе 20 жылдан көп төсекке таңылып жатқан оралдық тұрғынға мүгедектер арбасын сыйлаған. Ол қайырымдылықпен бұрын да айналысқан. 2009 жылы жергілікті «Уральская неделя» тәуелсіз газетінде Жымпиты-Қаратөбе газ құбырын тарту жұмыстарына тендер жарияланғаны жайлы «За ширмой тендера» деген мақала шықыт. Журналист «Тенгизмұнайқұрылыс» компаниясы конкурсты тендер аяқталмай жатып ұтып алды деп болжаған.«Тенгизмұнайқұрылыс» компаниясы іскерлік беделін қорғауды әрі моральдық зиян үшін 20 миллион теңге (ол кезде 136 мың долларға жуық)өтемақы өндіріп беруді сұрап, талап-арыз түсірген. Барлық Меңдіғазиев басылым редакторына өтемақының бір бөлігін төлеп беруді ұсынған, бірақ газет оның көмегінен бас тартқан. Кейін компания басшылығы да талап-арызын қайтарып алған.

Барлық Меңдіғазиевтің отбасы АҚШ-та тұрады әрі ол жақта кәсіпкердің қонақүй бизнесі бар. Бизнесмен Азаттыққа саясатпен ешқашан айналыспайтынын, қоғамдық жобалар арқылы адамдарға ақысыз көмек көрсетуді жалғастыра беру ниеті барын айтады.

- Бұл істермен өзімді жарнамалау үшін айналысып жүрген жоқпын. Ізгі істеріміз арқылы қоғамға дұрыс месседж жолдап, ұрпаққа өнеге болу керек. Ал «өзін жарнамалап жүр» дегенді мен сияқтыларды жақтырмайтын билік қана айтады, - дейді Барлық Меңдіғазиев.

Биыл ақпанда бизнесмен ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен аймақтарда құрылған орган – облыстық қоғамдық кеңеске өз кандидатурасын ұсынған. Қоғамдық кеңестердің «жергілікті атқарушы биліктің қоғамға есеп беруі үшін» құрылатынын айтылған еді. Бірақ дауыс беру нәтижесі бойынша Барлық Меңдіғазиевтің кандидатурасы өтпей қалған.

Меңдіғазиев кандидаттарды іріктеген жұмыс топтарын жасақтаудың заңдылығын тексеуді сұрап, қоғамдық кеңеске өтпей қалған өзге азаматтық белсенділермен қосылып, прокуратураға шағым жолдағанын айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1060693-biznesin-uzhymyna-bergen-adamnynh-zhoma/

pixel