Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қалихан Ысқақ: Бiз қазiр мемлекеттiк тiлде сөйлеуге мəжбүрлеу саясатын ұстануымыз қажет

Опубликовано:

Бүгін Қазақстанның халық жазушысы Қалихан Ысқақтың туған күні. Жазушы 2014 жылы 80 жасқа қараған шағында дүние салған болатын. Қазақ прозасының қара нары соңына қайталанбас туындылар қалдырды.

Жазушының көзі тірісінде Ермахан Шайхыұлына берген сұхбатынан орамды ойларын Ұлт порталы назарларыңызға ұсынады.

Дүние жүзiнде талай ел бар. Сол елдердiң бəрiнде тоқырау кезеңi болған. Жер бетiндегi қаншама классик жазушылар ғасыр мен ғасыр ауысып жатқан өлара шақта шығарма жазбаған. Жазғандарының шығармасы ауыз толтырып айтарлықтай бола қоймаған. Əдебиеттiң ұлы шеберлерiнiң барлық дүниесi түгелдей алтын емес. Олардың iшiнде де «халтуралары» болады. Сол алмағайып кезеңдi бiз қазiр бастан кешiрiп отырмыз. Сонда не, жазушыларымыздың шабыты «суалып» қалды ма? Жоқ. Бəрi де бар. Оған бiрден-бiр себеп – жазушыларда бағыт-бағдар жоқ. Олардың темiрқазығы не? Ол – ұлттық иедология. Темiрқазыққа қарап бағыт-бағдар алмаған жолаушы мiндеттi түрде адасады. Сол сияқты жазушылар да бағыт-бағдарынан айырылып, шығармасын қай қырынан жазарын бiлмей, дағдарып қалды. Қазiр қаламгерлердiң алдында «Ненi жазамыз? Кiмге жазамыз? Қайтiп жазамыз?» деген үш сұрақ тұр. Жазылған дүние көп. Олардың басым көпшiлiгi – тарихи романдар. Жазушылар тарихи тақырыпқа неге құмар, неге бейiм? Өйткенi олар даяр дүниелер. Оған ешкiм дау айта алмайды. Керегiн мұрағаттан алады да, көсiлiп жаза бередi. Ал бүгiнгi тақырыпты қозғау – өте қиын. «Сабақты ине сəтiмен» деген. Кезi келгенде бəрi жазар. Бəлкiм, бiреулерi iштей дайындалып та жүрген болар. Мен өзiм бiр хикаят жаздым.

***

Менiң ойымдағы ұлттық идеология мынадай сатылардан тұруы қажет. Бiрiншi – өткенiңдi дəрiптеу, яғни тарихты қалпына келтiру, қажет болса, ұлттық рухта қайта жазу керек. Екiншi – ұлттың қамы, уайым мен мұңы басты назарда болуы шарт. Уайым мен мұңы дегенiмiз – мынау. Мұңы болса, бүгiнгi жағдай. Уайымы болса, келешекте не iстеу керек? Қазақ – қазақ болып қайтiп қалуы керек? Осы мəселе.

1950 жылдардың iшiнде немiстiң ғалымдары «ХХI ғасырдың орта шенiнде геосаяси картада Қазақстан деген мемлекет болмайды» деп айтқан екен. Оларға мұндай қорытынды жасауға не себеп болған? Бiрiншi – отаршылдық езiп бiтедi бұларды деген. Екiншi – полигонның зардабын тартады. Бала – болашағы мүгедек болып туады деп болжам жасаған. Олар осылай десе, бiз не iстеуiмiз қажет? Мiне, бiздiң негiзгi басты уайым мен мұңымыз осы болуы шарт.

***

Менiң жасымдағы қаламгерлер қазiр мемуар, естелiк жаза бастады. Соның iшiнде өтiрiк айтатындары көп. Бұл – бiр. Екiншiлерi жеке бiр адамды алады да соны дəрiптейдi. Əдеби үдерiстi қоғамдық даму үдерiсiнен бөлiп алады. Орта туралы көзқарас, сөз жоқ. Əңгiме бiреу, я болмаса өзi туралы болса да онда орта, қоғам, тiршiлiк туралы сөз қозғап, өзi тозаңдай ғана тұлға болып жүруi керек қой. Ал оларда ол жоқ. Бiреудi мақтау арқылы өзiнiң бағасын көтергiсi келедi. Сондай естелiктердi оқып отырып қаның қайнайды, жының қозады. Рамазан Тоқтаров деген жазушы өттi өмiрден. Марқұм ортаның гүлi едi. Сол ылғи өзiн жұрттан төмен қойып, өзiн мазақ етiп отырып əңгiме айтушы едi. Бiз тыңдап отырып, қыран-топан күлкiге қарық болатынбыз. Сондықтан кiм не жазса да кейiпкерiн өзiнен жоғары қойып, сол кездегi қоғам, тiршiлiк, орта оқырман қауымға айнадай көрiнiп тұрғаны абзал.

***

Қазiр балалар əдебиетi жоқ деп айта алмаймыз. Бiрақ оның iшiнде бала жоқ. Баланың күн сайынғы тiршiлiгi жоқ. Баланың психологиясы жоқ. Балаға деген тəлiм жоқ. Балаға тəлiм-тəрбиенi насихат арқылы емес, сурет арқылы беру керек. Сөзбен сурет салу қажет. Осының салдарынан балалар əдебиетiнiң дəрежесi мен беделi түсiп кеттi. Қазiргi балалар теледидар мен компьютердiң көшiрмесiне айналып барады. Бала тəрбиесiнiң негiзi кiтапта. Сондықтан балаларға арналған кiтапты солардың түсiнiк-түйсiктерiне сай етiп жаза бiлуiмiз шарт.

***

Сынның 2 саласы бар. Алдыменен сынды өнер деп санау керек. Менiң замандастарымның iшiнде сынды өнер деп санағандар – Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серiкқалиев. Олар шығармаға жеткiлiктi дəрежеде анализ жасай бiлетiн. Автормен додаға түсiп, жарысып отыратын. Кейде автордың айта алмағанын солар айтатын. Бұл – нағыз сын, нағыз сыншылар, яғни əдеби сынның бiрiншi саласының өкiлдерi. Екiншi салаға жататындар – əдеби зерттеушiлер. Ол – сын емес. Олар əдебиет тарихын жасайтын адамдар. Бiз сыншыны да сыншы деймiз, əдебиет зерттеушiлердi де сыншы деймiз. Қазiргi сынның нашарлығы сол, ол рецензиядан аспай қалған. Əдеби үдерiстiң көшiне iлесе алмайды. Ондай сыннан əдебиетiмiздiң көсегесi көгермейтiнi анық.

***

Драматургия – əдебиеттегi ең көне де қиын жанр. Бiр пародоксы сол, алдымен өмiрге театр келген, содан кейiн барып драма туған. Драманы ең қиын жанр деуiмнiң себебi мынада: Кез-келген проза мен поэзиядағы ең үздiк деген шығарманы драмаға салып жiберсең, бүкiл кемшiлiгi ашылып қалады. Сосын драмалық шығарманың тақырыбын тапқаныңмен, оның ситуациясын табу қиын. Ал ендi оны таптың делiк. Одан кейiн оны ойната бiлу керек. Шарықтау шегiне жеткiзу қажет. Бұл – үлкен шеберлiктi талап етедi. Драманың проблемасы – əлi күнге дейiн сол баяғы көне проблема. Оны өстi, өштi, өндi деп айта алмайсың. Адам баласы қалай өсiп, дамып отырса, драма да сол деңгейде өсiп, дами бередi, жасала бередi.

***

Өйткенi мен не жазсам да қазақ үшiн жазамын. Мен қазақтан басқа кiмге керекпiн?! Ал менiң жазғаным қазақтан басқа кiмге керек? Жаңағы сен айтқан жұрт Еуропа əдебиетiне елiктеп, табынып, өлiп-өшiп жатады. Хемингуэй болса, өзiне Хемингуэй. Оның өзiнiң халқы бар. Оның уайымы – сол өзiнiң халқының уайымы. Сондықтан олардың натурасы да бөлек. Бiздiң менталитетiмiзге сəйкес келмейдi. Менiң басты уайымым сол, қазiргi қазақ тiлi өзiнiң шынайы, табиғи тiлiнен айырылып бара жатыр. Бүгiнгi қазақ «обиходный» тiлмен сөйлейдi. Көшенiң тiлi, транспорттың тiлi, базардың тiлi, кеңсенiң тiлi… Неге қазiр балалар қазақ тiлiн үйрене алмайды. Себебi мектепте фольклорды оқытпайды. Баяғы ертегi, қисса, дастан, батырлар жыры жоқ. Мына парадоксты қараңыз. Қазiр жазушы көп, бiрақ тiл жоқ. Не жазсақ та обиходный тiлмен жаза беремiз. Ал ендi мемлекеттiк тiл мəртебесiне келер болсақ, бiз ылғи «үй артында кiсi бар» деймiз де отырамыз. Кезiнде Ататүрiк түркi тiлiнен басқа тiлде сөйлеуге тыйым салған. Ол өзi жебiрей болса да Түркияның тiлi мен мəдениетiн қалпына келтiрдi. 600 жылдары Ұлы Түрiк Қағанатын Би мен Естемес басқарды. Солар «Кiмде кiм түркi тiлiнде сөйлемесе, тiлi кесiлсiн» деген жарлық шығарды. Əрине, қазiр ол заман өттi. Дей тұрсақ та, бiз қазiр мемлекеттiк тiлде сөйлеуге мəжбүрлеу саясатын ұстануымыз қажет. Сосын сөздiктердi көптеп шығару керек. Ең болмаса, Радловты бiр қайтара оқып шықпаймыз ба? «Түркi тiлiн зерттейтiн лингвистер ең алдымен қазақ тiлiн бiлуi тиiс. Өйткенi қазақ тiлiнде архаизм жоқ. Түркi тiлiнiң iшiндегi ең бай тiл – қазақ тiлi. Ағылшын тiлi Еуропа мəдениетiне қалай əсер етсе, қазақ тiлi түркi халқына соншалықты ықпал еттi» дейдi. Ал ендi осындай құнарлы тiлдi қалай жоғалтуға болады?! Мына көршi жұрт бiзге келiп жүгiну керек. Бiздi сыйлауы керек. Қажет болса, сыйлата бiлуiмiз қажет. Сонда ғана қазақ тiлi өзiнiң мəртебесiн алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1071127-qalikhan-ysqaq-biz-qazir-memlekettik-tild/

pixel