RU

Асылхан Төлепов жұмыссыз жүрген алматылықтардың мәселесін шешпек

Байкер, балуан және жиырмадан енді асқан актер Алматы қаласы мәслихатының депутаттары атанды деп хабарлайды КТК арнасы.

Қызметтеріне кіріскен мәслихаттың су жаңа құрамы қаланы көркейту үшін қолдан келгенді жасаймыз деп сендірді.

Қалалық мәслихаттың алтыншы шақырылымына байкер депутат Дмитрий Петрухин өз кейпінде келді. Жалпы, 37 адамнан тұратын мәслихаттың биылғы құрамы 65 пайызға жаңарған. Олардың арасында байкерден бөлек, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков және «Жаужүрек мың бала» фильмінде басты кейіпкерді сомдаған Асылхан Төлепов бар.

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының 23 жастағы актеры өз ауданының инфрақұрылымын жетілдіруге, сондай-ақ, жас кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырып, жұмыссыздыққа жол бермеуге күш салмақ екен. Ал еркін күрес шебері Ислам Байрамуков аулалар мен мектептердегі спорт секцияларын дамыту мәселесін қолға алмақ.

"Сидней Олимпиадасынан кейін биыл 16 жас болыпты. Оның арасында әлеуметтік, саяси жағдайларға қатысып, осы уақытқа дейін қоғамда тәжірибе жинадық. Қала тұрғындарының проблемаларын шешу жұмыстары қосылады. Сондықтан мен ойлаймын, оған дайынмын. Қолымнан не келеді, бар күшімді салуға әзірмін", - дейді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ислам Байрамуков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1081678-asylkhan-tolepov-zhumyssyz-zhurgen-alma/